Жыл басы – Наурыз мерекесінің бастауындағы Көрісу күнінің кереметі бір бөлек. Қыстан аман өтіп, алдағы күнге үміт артқан қауым есен көріскеніне қуанып, ізгі тілектерін арнаған. Дәл осы күні бұрынғы өкпе-реніштерін ұмытып, шынайы ниетпен қол алысқан. Ақ дастарқанын жайып, құшақ жая көріскен. Тілек пен қуанышқа, бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде қауышқан жұртшылық осы қарқынмен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын қарсы алады. Ықылым заманнан бар, ұлтымызға бұйырған бұл дәстүр әлі күнге жоғалған жоқ. Бабадан балаға жұғысып, жалғасып, жасасып келеді. Талас жерінде де халқымызға тән осы күнді асыға күтетіндер аз емес. Бұған Қаратау қаласындағы «Жеңіс» алаңында өткен мереке нақты дәлел. Орталық алаңда ұйымдастырылған әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күні жоғары деңгейде өтті. Тігілген шатырлар, жайылған дастарқан, таратылған дәм мерекенің шырайын келтірді. Көпшілік үшін арнайы әзірленген шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, ізгі тілегін білдірді. – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің аясын кеңейту мақсатында төл мейрамды күн мен түн теңелерден 10 күн бұрын бастау дәстүрге айналып келеді. Оны мазмұнды ету аясында Көрісу күні ресми шаралардың қатарына қосылып, бүгінде ел көлемінде аталатын айтулы күнге айналды. Көрісу немесе Амал мерекесінің негізгі шарты – үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мұқтажға қайырымдылық таныту болып саналады. Сіздерді айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын, – деген аудан әкімі жайылған дастарқаннан дәм татып, ұйымдастырылған спорттық ойындарды көрді. Бұл күні алаңдағы мерекеге келген қалың қауым наурыз көже мен бауырсақтан ауыз тиіп, арқан тарту, үстел теннисі, дойбы, кір тасын көтеру сынды спорттық ойындармен қатар, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламаларын тамашалады.