Тамара Дүйсенова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалды. Президент Жарлығында: «Тамара Босымбекқызы Дүйсенова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан президентінің көмекшісі – Қазақстан президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылсын», – деп жазылған. Осыған дейін еңбек министрлігін басқарған Серік Шәпкенов Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Тамара Дүйсенова 1965 жылы 11 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірген, мамандығы – инженер-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол ұзақ жылдар бойы жауапты мемлекеттік қызметтерде еңбек етті, тіпті министрлік креслосында да отырған. 2020 жылғы мамырда Президент көмекшісі-Президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. «Құрмет» ордені, «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.