Таразда «Қала күніне» орай «Арай-2» шағын ауданындағы Домалақ ана көшесінде орналасқан №5 үйдің маңынан әлеуметтік дүкен ашылып, пайдалануға берілді. Шараға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, дүкен жұмысына табыс тіледі. Құны 46 млн. теңгені құрайтын нысанның көлемі 430 шаршы метр.
Бүгінде Тараз қаласында инфляция деңгейін тұрақтандыру шеңберінде облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауары бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 4 жұмысшы топ құрылып, қызмет атқаруда. Олардың құрамына облыстық ауыл шаруашылық басқармасының қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары енді. Соның арқасында осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бекітілген шекті мәні қаладағы ірі сауда дүкендері басшыларының назарына жеткізіліп, бағаны өсірмеу бойынша 8 меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, қаланың 7 ірі сауда дүкенінде әлеуметтік бұрыштар ашылып, тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарлары жеткізіліп, нарық бағасынан төмен сатылуда.
Жалпы, қала аумағында 6 әлеуметтік павильон жұмыс істесе, облыс әкімінің 15 әлеуметтік павильондар ашу туралы тапсырмасына сәйкес 100 шаршы метрді құрайтын 9 және 200 шаршы метрді құрайтын 1 павильон қолданысқа берілді. Сондай-ақ халық тығыз орналасқан «Қарасу» шағын ауданы №5 үйдің алдында, «Талас» шағын ауданы №3 үйдің алдында, Рысбек батыр және Рахимов көшелерінің қиылысындағы жатақхананың жанында, Байзақ батыр көшесі №170 үйдің алдында, Асқаров көшесі №278 үйдің қасбеті, Төле би көшесі №7 және №3 үйлердің арасында, Тобыл көшесі бойындағы «Родничок» алқабында 7 жер телімі анықталып, «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на әлеуметтік дүңгіршектер салу туралы ұсыныс жіберілген.
Сонымен қатар бұл күні көне шаһарда отбасылық «ЖАН-ҰЯ» дәмханасы ашылды. Оның ашылуына қала басшысы Ержан Жылқыбаев арнайы қатысып, тұсауын кесті.
«Қалада бизнес нысандарының көбейгені – қосымша жұмыс орны, табыс көзі. Бұл дәмханада осындай кәсіппен айналысамын деушілерге дәрістер өткізіледі екен. Білгеніңмен бөлісіп, өзгелерге жол ашуға қолдау білдіретіндіктеріңіз құптарлық іс», деген Ержан Жылқыбаев табыс тіледі.
Қ.Жалайыри көшесінен ашылып отырған жаңа дәмхана тараздықтарға тапсырыс бойынша тағамдар әзірлеу қызметін көрсетеді және де осы кәсіпті меңгеруді ниет еткендерге шеберлік сыныптарын өткізеді.
Ғимарат екі қабаттан тұрады, бірінші қабатында асхана студиясы, екінші қабатында шайхана орналасқан.