Таразда толайым тірлік бар

Таразда толайым тірлік бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков ағымдағы жылы қаңтарда бекітілген шаһардың Бас жоспары негізінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Одан бөлек ол өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша жүргізілген шаруалардың жай-жапсары туралы айтып берді. 

 Бүгінде облыс орталығындағы жұмыстардың қарқыны артпаса бәсеңдеп жатқан жоқ. Оны күн сайын жүргізіліп жатқан жылу магистралін жөндеу жұмыстарынан, шаһардағы тынымсыз тірліктен оңай аңғаруға болады. Осыдан тура екі жыл бұрын тарихи шаһарға әкім болып тағайындалған Бақытжан Орынбеков сол тұста қаланың 2023-2025 жылдарға арналған даму картасын әзірлеп, көпшілікке таныстырған еді. Содан бері атқарылған шаруада есеп жоқ. Мәселен,  жоғарыда атап өтілген Бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Қазір Тараз  қаласының шекарасын өзгерту туралы Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін, Тараз қаласында 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады. Шаһар басшысының айтуынша, екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етпек. 

Кез келген қала мен ауданның экономикалық өсімін тұрақты қамтамасыз етуге сол маңдағы өндіріс орындары тікелей серпін береді. Бұл бағытта Таразда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілген. Бақытжан Орынбеков бұл бағытта қалада ағымдағы жылы құны 6,9 млрд теңге болатын «Alina Group» ЖШС-ның құрғақ құрылыс қоспалар зауыты іске қосылғанын айтты. Зауыттың қуаттылығы жылына 350 мың тоннаны құрайды. 35 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жобалар іске асырылғанда 944 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Одан бөлек Тараз қаласының жаңа Бас жоспарына сәйкес, қаланың батыс бөлігінен Шөлдала алқабына барар жолда 1150 гектар  жер өндірістің әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа берілгелі отыр. Қазіргі таңда жалпы құны 47,6 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда қатысушылар ретінде 74,1 миллиард теңгеге 7 жоба айқындалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 миллиард теңгеге 386 жоба қаржыландырылды. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеп тұр.

Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, шаһарда арнайы жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес 2024 жылы 21 035 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге нақты 12 250 жұмыс орны ашылған. Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеген. 

Әлеуметтік ахуалды айқындайтын саланың бірі – білім. Бұл бағытта да атқарылған іс аз емес. Мәселен  Тараз қаласында биыл жеті мектептің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында төрт мектеп, республикалық бюджет есебінен үш мектеп салынған. 

– «Арай» алқабындағы 600 орындық және «Казарма» алқабындағы 180 орындық мектептер толық аяқталып, күні кеше пайдалануға берілді. Қалған мектептер жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. 2023 жылы 2,1 миллирад теңгеге 7 мектеп, 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ағымдағы жылы №19 орта мектепті күрделі жөндеуге 309 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде, – деді қала әкімі.

Брифинг барысында тарихи шаһарда жол сапасын арттыру бойынша да ілкімді істер  қолға алынып, ауқымды жұмыстар жүргізілгенінен хабардар болдық. Баяндамада берілген ақпарат бойынша бүгінгі таңда қалада 1 445 көше жолдары болса, шағал тас жолдар саны 543-ке жетіп отыр. Жолдардың жалпы ұзындығы – 1888,5 шақырым, оның ішінде асфальт жол – 1227  шақырым, шағал жол – 661,5 шақырым. Былтыр 3,6 миллиард теңгеге 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ, Саңырық батыр мен Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өткен. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61 пайыздан 65 пайызға дейін артты.

– Ал, биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көшені және 18 шақырым 7 жаяу жүргінші жолы орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол орташа жөнделуде. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 70 пайызға дейін артады. Көптен бері өзекті мәселе болып келген  «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүруде. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13 көшесі асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал, «Барысхан» тұрғын алқабында биыл сегіз көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл қала көшелері мен шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 900 млн теңге қарастырылды. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде, – деді Бақытжан Орынбеков. 

Айта кететін жайт, шаһарда көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын салу жоспарланған. Алғашқы Абай даңғылының  теміржол үсті арқылы өтетін жол  өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу жобасының құны – 16,9 миллиард теңге. Екінші жоба Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу жобасының құны 24 миллиард теңге болса, қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылыпты.

Тараз қаласында кәріз сулары кешенін салу – уақыт күттірмейтін үлкен мәселе. Дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылады. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен  жер асты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленген. Жол картасына сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленген. Бүгінге техника-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтуде. Келесі кезекте салалық  және экономикалық сараптама жүргізіліп, ЕРС мердігерді анықтау бойынша халықаралық конкурс өткізіледі. Құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдарға жоспарлануда. Болжамды құны 46,8 миллиард теңге, қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болады деп күтілуде.

Шаһарда тұрғын үй құрылысының да қарқыны бәсеңсіген емес. Қайта жыл сайын жаңа серпін алып, жаңа үйлер бой көтеруде. «Өз үйім – өлең төсегім» деп, баспананы бақыт шамына балайтын 22 мыңнан аса әулиеаталық коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген.

– Аталған мәселені шешу үшін, 2023 жылы 3279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде 754 отбасы баспаналы болды. Қазіргі таңда Тараз қаласында 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін елу үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Оның ішінде 34 тұрғын үй 15 мөлтек ауданында, 16 тұрғын үй Асқаров көшесінің соңындағы алқапта орналасқан. Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынады. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 миллиард теңге, 507 пәтерге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 миллиард теңге қаралды. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін толық аяқталуы күтілуде. Бұған қоса, 14-ші мөлтек ауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің бастамасына 5,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, конкурсқа берілді. Ал, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2024 жылдар аралығында 127 554 азамат тіркелген.  Былтыр Құмшағал-Қарасу алқаптарынан 1497 жер учаскелері берілді.  Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деп баяндады қала әкімі.

Сонымен қатар, Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй болса, оның ішінде 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 614 үй жөндеуді қажет етеді. Қала әкімінің айтуынша, биыл 5,1 миллиард теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылған. Мұнымен қоса облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді. Оның ішінде, 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бүгінгі күні қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталады. Ал, қалған 13 үйді келесі жылы жаңғырту жоспарланған.

Қазіргі таңда шаһар көшелерінен жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Бұл тұрғыда 2023 жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленіп, құны 10,7 миллиард теңгені құраған. Жалпы жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырым. Ағымдағы жылға аталған жобаны атқару үшін қазынадан 7,1 миллиард теңге қарастырылыпты. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 19 сәуірде басталды. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал, Тараз қаласының Жамбыл даңғылы, Қонаев, Сейфуллин көшелері бойындағы М-3 жылу магистралін қайта жаңарту жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Жалпы тозығы жеткен ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді.

Тараз қаласында ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүруде. Былтыр 6,6 млрд теңгеге «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және 28 саяжай тұрғын  алқаптарында 7 256 жеке тұрғын үй ауызсумен қамтамасыз етілді. Ал, 2024 жылы 1,2 миллиард теңгеге «Шалғай Қарасу 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7» алқабы, 859 миллион теңгеге «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптары орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады. Нәтижесінде, орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 100%-ға жетпек. Сондай-ақ, қала  тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп, оның құны 4,8 миллиард теңгені құрады. Жобаны Республикалық бюджет есебінен қаржыландыру үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған.

Жалпы, қала тұрғындары тарапынан көп қойылатын сауалдардың бірі – көше жарығы. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыру қолға алынған.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй аулалары, 79 кіреберіс жолдар және 44359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асыруды көздеп отырмыз.  Бұдан бөлек Сейфуллин көшесінің бойына және Жамбыл даңғылына жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Сондай-ақ,  «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. 5 775 тұрғын үйге абоненттеу қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталды. Құны 8,7 миллиард теңгені құрайтын жоба 2025 жылы аяқталады, – деп атап өтті Бақытжан Орынбеков.

Қоғамдық көлік сапасы – қала тіршілігін негіздейтін басты бағыттардың бірі. Бұл ретте Таразда қалалық жолаушы бағытында 9 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. Жыл басынан Тараз қаласына 100 бірлік автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін қосымша 40 жаңа автобус әкелу көзделуде. Сондай-ақ, 3 жаңа бағыт іске қосылған. Бақытжан Орынбековтың айтуынша, ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге 4,8 миллиард теңге субсидия қаралып отыр. Сондай-ақ, биыл облыс орталығында 75 аялдаманы орнату жұмыстары жүргізілді. 

Бұдан бөлек брифинг барысында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қала ішіндегі ағын су мәселесі мен көгалдандыру жұмыстары бойынша атқарылған істерге де арнайы тоқталып өтті. Бүгінге дейін жүргізілген жемісті жұмыстар бойынша есеп берген шаһар басшысы баяндамадан соң журналистердің сауалдарына жауап берді. 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы Тараз қаласы
04.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 18
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 591
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 602

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8138
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11367
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9120
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10351