Кез-келген өңір үшін қоғамдық көліктердің қызметі – жіті назарда. Бұл тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың да бірден бір жолы. Әсіресе, олардың жеткілікті болуы күн тәртібіндегі басты мәселе.
Тараз қаласында да бүгінде автобус тапшылығы туындап отырғаны жасырын емес. Нақтырақ айтсақ, шаһарға 200 автобусқа қажеттілік бар. Осыған орай жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және де тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Соған сәйкес, жыл сайын қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ қала әкімдігі тарапынан тасымалдаушы мекемелерге арнайы субсидияда да беріліп, барлық жағдай жасалуда. Осындай ілкімді істердің арқасында оң нәтижелерге қол жеткізіліп, қоғамдық көліктердің тапшылығы азаюда.
Соның жарқын мысалы – бүгін «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС 20 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустарды жеткізіп отыр. Ұзындығы 8,5 метрді, жалпы сыйымдылығы кемінде 55 адамды тасымалдау мүмкіндігі бар бұл қоғамдық көліктер № 11, 46, 28, 55 маршрут бағыттарында қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан алынған 3 бірлік үлкен сыйымдылықты «Zhong Tong» маркалы автобустар №19 бағытқа қосымша қызмет көрсетіп, жүру жиілігі 14 минуттан 10 минутқа қысқармақ. Қалаға әкелінген жаңа автобустардың біреуінің құны 38 миллион теңгені құрап отыр. Бүгін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков осы жаңадан келген автобустардың салтанатты жағдайда табыс етті. Жоғарыда аталған жоспарға сәйкес, 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату, аялдамаларға 90 бірлік жарық диодты цифрлық таблолар орнату, кемінде 200 бірлік автобустар сатып алу, жаңа 15 жолаушылар бағыттарын ашу, күнделікті қызмет көрсететін автобустар санын 460-қа дейін арттыру көзделуде. Осы мақсатта «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде 10 бірлік Yutong маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 25 бірлік автобус жеткізу жоспарда. Бұған қоса «City Bus» ЖШС-мен 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалған. Аталған автобустар 3 жылдық жоспарға сәйкес жанадан ашылатын бағыттарға қызмет көрсететін болады. Тағы бір айта кетерлігі жолаушы бағыттарын ашу мақсатында 9 бағыт бойынша 31 наурызда «Әулиеата» газетінің №23 шығарылымына конкурс жарияланды. Қазіргі уақытта «Саяхат-99» ЖШС тарапынан №20, «ТаразТрансМоторс» ЖШС тарапынан №56 бағытқа қызмет көрсету үшін өтінім келіп түсті. Бұдан бөлек, жоспарды іске асыру аясында ағымдағы жылы 21 аялдама орнату жұмыстарына бюджет есебінен 55,9 млн. теңге қаржы қаралып мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Сонымен қатар 9 бірлік жарық диодты таблоларды орнату жұмыстарына бюджет есебінен 17,0 миллион теңге қаржы қаралып, жеңімпаз мердігер «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС тарапынан монтаждау жұмыстары басталды.