Елордада республикалық Tartyl Fest турнирі мәресіне жетіп, гранд-финалының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жасы мен салмағына қарай 9 санат бойынша сынға түскен спортшылардың ішінде ең үздік өнер көрсеткен Мансұр Уалиев, Егор Ногин, Ілияс Мұқышев, Айбат Қапанов, Руслан Фатахов, Евгений Созончук, Руслан Касманов, Евгений Нам және Виталий Бибиков 3 млн теңгеден сыйақы алды. Екінші орын мен 2 млн теңгелік сыйақыға Айдос Сүйіндік, Нұрхат Тілеулиев, Радмир Темірболат, Никита Олейник, Ислам Береханов, Рамиль Әбішев, Андрей Антонянц, Илья Иванов және Валентин Жуков ие болды. Үшінші орын мен 1 млн теңгелік сыйақыны Данил Ещенко, Аслан Баубеков, Наиль Иминов, Ерхан Майоров, Алмас Сапар, Тимур Андреев, Дамир Нәбиев, Олег Гурский және Арман Жамалиев алды. Сондай-ақ, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасқан 30 жастан асқан атлеттер арасында үздік өнер көрсеткен Евгений Нам белтемірге 52 рет тартылып, турнир рекордын орнатты.
Марапаттау рәсімінде сөз алып, турнирдің жыл сайын өтетін дәстүрлі жобаға айналатынын айтқан Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов: «Бұқаралық спорт түрлерін дамыту – біздің негізгі мақсатымыз бен міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен елімізде тұңғыш рет, елорданың төрінде Tartyl Fest атты спорт мерекесі өтті. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырушы комитетпен бірлесіп, бұл жобаны міндетті түрде жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдырады деген ұсыныс білдіргім келіп отыр. Болашақта бұл жобаны қолдай отырып, бұқаралық спорт түріне мыңдаған жасөспірім келеді деп сенеміз», – деді.