Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, республикалық «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайты, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясынан жұрттың көбі хабардар. Айта кетейік, бұл экспедицияның мақсаты – ауыл мен қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылап, олардың шешу жолдарын ортақ талқыға салу.
Осы экспедиция аясында жуырда «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызы жазиралы Жамбыл өңіріне ат шалдырып, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовпен және облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевпен кездескен болатын. Тіпті аймақ басшысының орынбасары Серік Жақсылықұлының төрағалығымен жиын да өткен еді. Ол жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған идеологиялық бағыттардың мақсат-міндеттері талқыланып, Ел президентінің жаңа Жолдауда нақты белгілеп берген тапсырмаларын әр аймақтағы аудан, тіпті шалғайдағы ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіріп, оны іске асырудың маңыздылығы айтылды. Дәл сол жиында Мемлекет басшысының білімді ұрпақ тәрбиелеу жайында ылғи сөз етіп жүрген негізгі қағидаттары да сөз болып, аймақтағы жастар тәрбиесі бағытында Мойынқұм, Шу, Жуалы, Меркі аудандары әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасаған болатын. Сол жиыннан кейін «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы өңірдегі аудандарға да жол тартып, оқырмандармен кездескен еді.
«Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Жамбыл өңіріндегі аграрлы аудан болып есептелетін Тұрар Рысқұлов ауданына ат басын тіреп, алдымен аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбекпен кездесті. Бақкелді Ғабдоллаұлы әрдайым ұлт мүддесін қаламына арқау етіп жүрген қоғам қайраткерін риясыз пейілмен қарсы алып, әкімдік ғимаратында пікір алмасып, аудандағы білім беру ұйымдарындағы негізгі көрсеткіштерді сөз етіп, өзара ой бөлісті.

Иә, рас. Тұрар Рысқұлов ауданындағы білім беру мекемелерінде білім алатын оқушылар осы жылы көптеген жетістіктерге жетті. Облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулардан да жүлделі болған оқушылар бар. Ал биыл аудан үшін болған қуанышты жаңалықтың бірі – талай шәкірт тәрбиелеп, үлкен абыройға кенелген аудан орталығындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәулен Тобықов республикалық «Үздік педагог – 2025» байқауында жеңімпаз атанды. Осындай жағымды жаңалықтарға толы айшықты ақпараттар айтылған жылы жүздесуден соң экспедиция мүшелері аудан орталығы Құлан ауылында орналасқан, 2023 жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынып, пайдалануға берілген №6 мектеп-гимназиясының ұжымымен кездесті.

№6 мектеп-гимназиясында бүгінгі таңда 330 оқушы оқиды. Оқушыларға 45 педагог дәріс береді. Кіші қызметкерлер саны – 33. Жалпы алғанда, ұжымда 78 адам еңбек етеді. Аталмыш мектеп-гимназияның директоры Мұратжан Мейманханов «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициямен келген Сәуле Мешітбайқызына өзі басқарып отырған білім беру ұйымының тыныс-тіршілігі туралы кеңінен баяндап берді. Кезек өзіне келгенде Сәуле Мешітбайқызына іркіліп қалмай, ұлт мүддесіне қатысты көптеген қордалы мәселелерді сөз етті. Сәуле Мешітбайқызы әсіресе, балалар уақытының басым бөлігі ұялы телефонда өтіп жатқанын қынжыла айтып, кітап, газет-журнал оқу мәдениетінің тым төмендеп кеткенін ерекше назарға алып атап өтті. Кездесу біржақты өткен жоқ, әрине. Осы мәселеге қатысты аталмыш мектеп-гимназияның ұстаздары да өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, №6 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухартас Тасқанбаева аталмыш білім беру ұйымында оқитын оқушылар көптеген «Көркемсөз оқулары» байқауында жүлдемен оралып жүргендігін сөз етсе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айкенже Баймахан өзі үнемі газет-журналдарды парақтап оқып отыратынын және сонда жарияланған мақалаларды оқушыларға да айтып, талқылап отыратынын айтты. Ал химия пәнінің мұғалімі Айнұр Серікбаева халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті үнемі елдік мәселелерде үнсіз қалмайтынын, бұл газетті әрқашан оқып отыратынын, газеттегі айдарлар да көңілінен шығатынын жеткізді. №6 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Фарида Баетова да халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлының, қаламгерлер Нағашыбай Қабылбек пен Ерқазы Сейтқалидың проблемалық мақалаларын әркез оқып отыратынын айтты. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Ғабдоллаұлы да кітап оқу мәдениетіне қатысты өз ойын білдірді. Кездесу соңында аталмыш білім беру нысанының ұстаздары Сәуле Мешітбайқызымен естелік суретке түсіп, жылы шыраймен қоштасты.
Марат ДИХАНБАЙ,
Жамбыл облысы
Тұрар Рысқұлов ауданы













