Өткен аптада Алматы қаласында қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовтың тұтқындалғандығы туралы хабар таралды. Көп өтпей соттың белсендіні 40 күнге қамауға алу туралы шешім шығарғандығы белгілі болды. Осыған орай Орталық Азиядағы тәуелсіз басылымдар қайта-қайта мақала жариялап, тұтқындалған қарақалпақ белсендісінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп жатыр. Өзбекстан Республикасының құзырлы мекемелерінің сұрауы бойынша қамауға алынған Ақылбек Мұратовты алдағы уақытта Өзбекстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр дейді тәуелсіз ақпарат көздері.
2022 жылы маусымның соңында Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы жоба жариялана салысымен Қарақалпақстан автономиялық республикасының астанасы Нүкіс қаласында жаппай наразылық шерулері басталғаны есімізде. Қарақалпақтар бұл жобаның ішіндегі кейбір тармақтардың алынып тасталуы Қарақалпақ Республикасын мәртебесінен айыруы мүмкін деп алаңдаушылық танытқан еді. Кейін өзбек билігі «түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендігін» айтып ақталған болатын. Алайда күштік құрылымдар мен шерушілер арасындағы қақтығыс кезінде 20-дан астам адам өліп, жүздеген шеруші жараланғандығы айтылды.
Осыдан кейін елде белсенділерді жаппай тұтқындау басталып, тіпті шетелдерде тұратын қарақалпақ белсенділеріне де іздеу жарияланған. Соның бірі осы Ақылбек Мұратов болған. Құзырлы органдар Мұратовқа «конституциялық құрылымды бұзбақ болды», «тәртіпсіздікке шақырды» деген айыптар тағып, талай жылдан бері Қазақстанда тұрып жатқан азаматты тұтқындап, Ташкентке жеткізу туралы Қазақстан тарапына сұрау жолдапты.
Халықаралық Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдардың ықпалы Ақылбек Мұратовтың алдағы тағдырына қандай әсер ететіндігі қазірше белгісіз.