Мамыр айының 28-жұлдызында Сүлейман Демирел атындағы университетте «Mangilik el jastary» қоғамдық қоры «Мейірімді тәрбиеші» атты балабақша тәрбиешілеріне арналған форум өткізді. Аталмыш форум TED X форматында өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық мектепалды даярлық және балабақша тәрбиешілері қатысты. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Тәжмағамбетова Мақпал: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп, тәлімгерлерге сәттілік, қажырлық тілей отыра еңбектерін бағалады, сонымен қатар ел болашағы тәрбиешілердің қолында екенін де ескерді. Бұрын-соңды болмаған іс-шарада тәрбиешілерге арнайы мамандардан эмоционалды интеллект тақырыбында тренинг сабақтар өтіп, «Mangilik el jastary» қоғамдық қоры қатысушыларды «Мейірімді тәрбиеші» атты медалімен марапаттады. «Бүгінгі күнде бұл форумның маңыздылығы айрықша екенін де айтып кеткен жөн, себебі соңғы кездері балабақшаларда балаға қол көтеру сияқты жанжалдар көп таралып кетті. Осындай олқылықтардың алдын алу және балабақша қызметкерлерінің мерейін арттыру мақсатында бұл форумның маңызы зор», – деп атап өтті «Mangilik el jastary» қоғамдық қорының төрағасы Сайлаухан Абылай.