Бүгін Түркістан қаласында ауқымды сенбілік өтті. Шараға қаланың ақсақалдары, ерікті жастары және шаһар тұрғындары қатысты. Жалпы 1 мыңнан аса азамат киелі қаладағы «Жеңіс» саябағы және өзге де демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара мақсаты – рухани астана тұрғындарын тазалыққа үйретіп, қаланың келешегі үшін әрбір азаматтың еңбек етуі маңызды екенін түсіндіру.
- Біздер, яғни қаланың алдыңғы буын өкілдері, мына жастарға үлгі болуымыз керек. Сол үшін де ауқымды тазалық шарасына білек сыбана кірістік. Сенбілік жұмыстарын «Жеңіс» саябағынан бастауымызда мән бар. Себебі, дәл осы демалыс аймағы қала қонақтары да, тұрғындары да жиі келетін орын. Сондықтан да қала жастарын, тұрғындарын тазалық науқанын жұмыла қолдауға шақырамын,- дейді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.
Шараға қатысушылар сенбілікте белсенділік танытып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға атсалысты.
- Қаламызда жыл басынан бері жүріп жатқан экоакция аясында ауқымды сенбіліктер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осы жұмыстар арқасында тұрғындар арасында тазалық мәдениеті қалыптасып келе жатқанын аңғаруға болады. Қала тұрғындарын тазалық шараларына бірлесе кірісуге шақырамыз,- деді шараға қатысқан Түркістан облыстық маслихатының депутаты Инара Намазбаева.
Сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясында Түркістан қаласында көптеген жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күнге дейін 100-ден аса тазалық шаралары өткізіліп, әр апта сайын 10 мыңға жуық тұрғын сенбілік жұмыстарын жүргізді. Жалпы, Түркістан қаласында санитарлық тазалықпен қамтамасыз етілген 875 көше бар. Күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Оның ішінде 136 көше механикалық жолмен тазаланады. Қала аумағы 6 секторға бөлінген. Бүгінде шаhарда 32 саябақ, 32 демалыс аллеясы бар. Облыс орталығындағы көгалды аймақ бүгінде 262 гектарға жеткен. Акция аясында 1 миллионға жуық көшет отырғызылып, 8 гектар жерге гүл егілген.