«Темірдей тәртіп» номинациясын жеңіп алған ауыл

«Темірдей тәртіп» номинациясын жеңіп алған ауыл

Орал қаласының іргесіндегі Деркөл кенті «Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты ауылдық округ әкімдерінің І облыстық форумында БҚО әкімі атынан «Темірдей тәртіп» номинациясымен марапатталған болатын. Біз де тәртіпке бағынған елді мекеннің әкімі Жұбан Жұмағалиевке хабарласып, өз сауалдарымызды жолдаған едік.

– Жұбан Тұрарұлы, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Деркөл кентінің басшысы ретінде өзіңізге ауыл әкімдерінің форумында «Темірдей тәртіп» номинациясын табыстады. Осындай дәрежеге жетуге қандай жұмыстар арқау болды?

– Деркөл кентінің «Темірдей тәртіп» номинациясымен марапатталуы – кент аумағында жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан санитарлық тазалық, қоғамдық тәртіп, абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының нәтижесі деп білеміз. Соңғы жылдары кентте тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, заңсыз қоқыс орындарын жою, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, бейнебақылау жүйелерін орнату бағытында жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатылып, сенбіліктер мен экологиялық акцияларға қоғам белсенділері, жастар және кәсіпкерлер кеңінен тартылуда. Бұл жетістік – тек әкімдік жұмысының ғана емес, кент тұрғындарының ортақ жауапкершілігі мен ұйымшылдығының көрінісі.

– Елді мекенде тәртіп пен тазалықты сақтау бағытында жыл басынан бері қандай жұмыстар жүргізілді?

– Бұл бағытта биыл бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. «Таза Қазақстан» санитарлық-экологиялық айлығы аясында Деркөл кенті аумағында абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын күшейту мақсатында көктемгі төртінші сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шараларға мемлекеттік қызметшілер, ұйым қызметкерлері мен колледж студенттері қатысып, жалпы саны 300-ге жуық адам жұмылдырылды. Сенбіліктер барысында 170 текше метр қоқыс шығарылып, бұл жұмыстарға арнайы техникалар тартылды. Сондай-ақ кент аумағындағы ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіліп, 200 текше метр көлеміндегі стихиялық қоқыс орындары тазартылды. Бұдан бөлек Деркөлдің жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, кәсіпкерлік нысандары мен мекемелердің іргелес аумақтарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру және абаттандыру қағидаларын сақтау бойынша тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – кент тұрғындары үшін таза, көрікті әрі қолайлы орта қалыптастыру. 

– Кенттің бүгінгі басты ерекшелігі неде? 

– Деркөл кентінің басты ерекшелігі – оның қарқынды дамып, инфрақұрылымы жаңарып жатқан Орал қаласының ірі әрі келешегі зор елді мекендерінің бірі болуы. Бүгінде кентте жаңа шағын аудандар бой көтеріп, жол және инженерлік желілер кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Сонымен бірге білім, спорт және денсаулық сақтау нысандарының шоғырлануы – тұрғындар үшін қолайлы әлеуметтік орта қалыптастырып отыр. Деркөл – облыс орталығымен тығыз байланыста дамып жатса да, ауылдық аумаққа тән ауызбіршілік пен көршілік құндылықтарын сақтап қалған кенттердің бірі. Халықтың белсенділігі мен қоғамдық жұмыстарға атсалысуы да кенттің басты артықшылықтарының бірі деп есептеймін. 

– Соңғы үш жыл ішінде кентте қандай өзгерістер орын алды? 

– Аталған мерзім көлемінде Деркөлде инфрақұрылымды жаңғырту, жол сапасын жақсарту, су тасқынының алдын алу, абаттандыру және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытында көптеген жұмыстар жасалды. Бүгінде Деркөл кентіндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 120,4 шақырымды құрайды. Соның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың ұзындығы 79,5 шақырымға жетіп, жалпы жолдардың 66 пайызын құрады. 

2023 жылы кентте бірнеше ірі жол құрылысы жобалары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, С.Қожанов және Найзалы, Маштаков және Райымбек батыр көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Райымбек батыр көшесіне асфальт төселіп, ұзындығы 1,07 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сарыарқа шағынауданындағы Ғ.Мүсірепов көшесінен «Qazaq Oil» жанар-жағармай бекетіне дейінгі айналма жол толық пайдалануға берілді. Осы жылы «Тұрғын үй жинақ аймағы» жобасы аясында 29,8 шақырым асфальт жабындысы төселді. 

2024 жылы жол құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары одан әрі жалғасын тапты. Ш.Қалдаяқов, Арыстан баб және Х.Бөкеева көшелеріне жол салынып, №49 ЖОББ мектебі ғимаратының алдына автотұрақ орнатылды. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Сарыарқа шағынауданының бірнеше көшесінде 7564 метр арық қазылып, 641 бетон жабындысы қойылды. Бұдан бөлек бес шақырым су ағызу каналы қазылды. Сол жылы Ынтымақ ауылында аумағы 2400 шаршы метр болатын заманауи спорт және балалар ойын алаңының құрылысы басталды. Кешен құрамында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, балалар ойын аймағы, тренажерлер, демалыс орындары мен жарықтандыру жүйесі қарастырылды. Кенттің санитарлық тазалығын сақтау мақсатында 100 дана еуроконтейнер сатып алынып, Сарыарқа, Үміт және Көкжиек шағынаудандарына орнатылды. Оған қоса 35 жаңа қоқыс алаңы салынды. 2025 жылы Сарыарқа шағынауданындағы ішкі көшелерге жалпы ұзындығы 5526 метр асфальт төселіп, нәтижесінде шағынаудан бойынша 44 шақырым жол толықтай асфальтталды. Ағымдағы жөндеу аясында бірқатар көшелердегі шұңқырлар қалпына келтіріліп, Ж.Ақбаев және Шиелі көшелеріне жаңа асфальт жабындысы салынды. Ал Алтынсарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңдары, автотұрақтар мен демалыс аймақтары жасақталды. Сарыарқа шағынауданындағы жаңа спорт және балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. 

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы кент аумағындағы 16 орынға бейнебақылау камералары орнатылды. Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қосымша су ағызу каналдары қазылды. 2024 жылы желтоқсан айында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1500 орындық заманауи білім ордасы салтанатты түрде ашылды. Бұл білім ордасы – өңір бойынша ең алғашқы болып ашылған жайлы мектеп болып табылады. Жалпы алғанда, соңғы үш жылда Деркөл кентінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 

– Инфрақұрылымды дамыту және ауылды көркейту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? 

– Қазіргі уақытта Деркөл кентінде жол инфрақұрылымын жақсарту, көше жарықтандыру жүйесін кеңейту, тұрғын үй аулаларын абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Кент көшелеріне кезең-кезеңімен асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында арықтар қазу, су өткізу жүйелерін орнату және каналдарды тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Абаттандыру аясында балалар ойын алаңдары, спорт алаңдары, демалыс орындары салынып, көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Кенттің санитарлық тазалығын сақтау үшін жаңа қоқыс контейнерлері мен қоқыс алаңдары орнатылып, тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды дұрыс орналастыру мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Әкім ретінде жұмыстағы басты қағидаңыз қандай? 

– Менің жұмыстағы басты қағидам – халықпен ашық әрі тұрақты байланыс орнату, тұрғындардың өтініштері мен мәселелеріне жедел назар аудару. Әкім жұмысының нәтижесі халықтың күнделікті тұрмысынан көрінуі керек деп есептеймін. Сондықтан әрбір бастамада тұрғындардың пікіріне сүйеніп, кенттің өзекті мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге басымдық береміз. Сондай-ақ тазалық, тәртіп және жауапкершілік қағидаларын сақтау – кез келген елді мекеннің дамуының негізгі кепілі. Осы бағытта тұрғындармен бірлесіп жұмыс істеу маңызды деп санаймын. 

– Кентте қанша халық қоныстанған, қандай әлеуметтік нысандар бар? 

– Қазіргі таңда Деркөл кенті халқының саны 32 695 адамды құрайды. Кент аумағында төрт жалпы орта білім беретін мектеп және бір негізгі орта мектеп жұмыс жасайды. Сонымен қатар бір мемлекеттік балабақша, үш шағын орталық және 10 жеке балабақша бар. Ал денсаулық сақтау саласында бір дәрігерлік амбулатория мен екі медициналық пункт халыққа қызмет көрсетеді. Тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында «Орал» спорт клубы, «Айналайын» және «Деркөл» спорт кешендері жұмыс істейді. Кентте екі кітапхана, бір учаскелік полиция пункті орналасқан. Бұлардан бөлек кент аумағында облыстық кардиология орталығы, Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, «Білім-Инновация» мектеп-лицей-интернаты, «Дарын» қосымша білім орталығы, «Еуразия» облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығы, №6 өрт сөндіру бөлімі орналасқан. 

– Алдағы жұмыс жоспарларыңызбен бөліссеңіз? 

– Болашақта Деркөл кентінде жол инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Қазіргі таңда кент жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында Үміт жол өтпесі (путепровод), айналмалы жол, сондай-ақ С.Лазо және Даля көшелеріндегі шұңқырларды бітеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жол сапасын жақсартып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ал 2026 жылға бірқатар ірі жол құрылысы жобалары жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «БҚО, Орал қаласы, Деркөл кенті, Назерке, Үстірт, Қоғалы және Қарқаралы көшелері жолын қайта құру» жобасы жүзеге асырылады. Жоба кенттің ескі орталық бөлігіндегі жеке тұрғын үй секторын және аз қабатты тұрғын үйлерді қамтиды. Жалпы ұзындығы – 1262 метр. Жоба құны – 168,6 млн теңге.

Келесі – «Доспамбет жырау және Бараев көшелері жолын қайта құру» жобасы аясында ескі орталық бөліктегі тұрғын үй секторына тиесілі көшелер жаңғыртылады. Көшелердің жалпы ұзындығы – 1476 метр. Жоба құны – 330 млн теңге. Сондай-ақ «Тұлпар және Торғай көшелері жолын қайта құру» жобасы жоспарланған. Бұл жоба да жеке тұрғын үйлер мен аз қабатты тұрғын үй аумақтарын қамтиды. Көшелердің жалпы ұзындығы – 1781 метр. Жоба құны – 222 млн теңге.

Деркөл кентіндегі ұзындығы 7500 метр болатын айналмалы жолды жарықтандыру жұмыстары да жоспарланып отыр. Жоба аясында жаңа темір бағаналар орнатылып, заманауи жарықтандыру жүйесі жүргізіледі. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жалпы кентімізде жол сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен өз жалғасын табады.

Сұхбаттасқан – Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО, Орал қаласы

 

20.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25298
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24796
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42228
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38082
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42569