«ТЕМІРТАС» – БІРЖАННЫҢ СОҢҒЫ ӘНІ

«ТЕМІРТАС» – БІРЖАННЫҢ СОҢҒЫ ӘНІ

Қойылым кімге қандай ой салды?

 Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры 24-25 қаңтарда «Теміртас. Біржан сал» атты жаңа қойылыммен жылан жылының шымылдығын ашты. Театр фоэсінде спектакльге байланысты бүкіл сал-серілердің аспаптары қойылған композициялық көрме елдің көзін қуантса, су жаңа спектакльдің авторы – «Алатау» театрына жақында қызметке келген ақын, драматург, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Бақыт Беделхан. Ал спектакльдің режиссері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали, композиторы – Серікжан Айтқали,  пластика режиссері – Адлет Таменов, қоюшы-суретшісі – Нұрлан Тулешов.  

 

СПЕКТАКЛЬГЕ ДЕЙІН:

– Бұл – жанры жаңа, формасы бөлек, қиындығы қиямпұрыс дүние, – деп бастады сөзін қойылым авторы Бақыт Беделхан БАҚ өкілдеріне берілген баспасөз конференциясында. – Бір «Теміртас» әнімен қазақтың дәуірін, тарихын, кезеңін еске алуға болады, бір «Елім-айдың» өзі Ақтабан шұбырындының бүкіл мұң-қайғысын арқалады емес пе.  Дәл сол сияқты тарихымыздың тамырын тәпсірлеп басатын ұлы дүниелеріміздің бірі – «Теміртас» арқылы өткен ғасырдағы аштық пен репрессия, соғыс, полигон қасіреті, кешегі Желтоқсан, тіпті Жаңаөзен мен Қаңтар оқиғасына дейін қамтуға болады. Бәрін білеміз, түсінеміз, себебі «Теміртас, Асыл, Ақық – екі қарғам, Шешсеңші білегіме арқан батты» деген Біржандай қолымызға арқан батып жүргені анық. Сол арқан әлі шешілген жоқ. Көрермен осының астарын ұғынады деп ойлаймын. Ханның соңы Кенесары болса, салдың басы – Біржан. Абаймен тең сөйлесіп сырласқан Біржан, Абайдың ауылына барып абыройын асқақтатқан Біржан, Сарамен айтысты сара жолға салған – Біржан. Біржанның дүниесі бүкіл қазақтың трагедиялы тағдырының бүлкілдеп жатқан қан тамыры. Сол қантамырмен бірге соғайық, жүрегімізді бірге соқтырайық, ағайын!

 

Ал режиссерлік шешімін Фархад Молдағали былайша түсіндірді:

– Алдымен, «Теміртас» тек Біржан туралы спектакль дегенді ойдан шығарып тастау керек. Біржан туралы қаншама шығармалар бар, кино да, спектакль де, опера да шықты. Бірақ бұл қойылымда басты рөл ойнайтын актер жоқ, бұл жерде басты рөлде – Біржанның  әндері. Саундрама жанрына сәйкес Біржанның әндері арқылы қазақтың күйкі тірлігін, күнделікті өмірін, бастан өткен оқиғаларын, үлкен трагедияларын беруге тырыстық. Сондықтан бір сағаттық қойылымда ең бастысы – әндер, атмосфера, ой. Сөз аз, аз да болса саз. Шынымен де осы жеріне келгенде осы сөз тууы керек еді деген процесте ән мен музыка туды, актерлердің қимыл-қозғалысы, пластикасы туды. Пластика режиссері Әділет Таменов пен композитор Серікжан  Айтқалидың еңбегі ерекше екенін атап өткім келеді.  Бұл жерде режиссер ретінде менің өткен тарихқа деген көзқарасым көрінеді. Бастысы – қазіргі уақыттағы домбыраға деген сүйіспеншілік, ұлттық аспап пен дәстүр, ұлттық құндылықтың қадірін бағалау қай дәрежеде, Біржанның ізбасарлары бар ма деген сұрақтарға жауап іздейміз. Ең маңызды нәрсе – театрға қарап репертуар таңдаймыз ғой,  менің миссиям – дәстүрлі өнер театрына лайықты спектакль қою. Ал «Алатау» дәстүрлі өнер театрында әншілер де, бишілер де, актерлер де, теңдессіз этноансамбль де бар, соның бәрінің басын біріктіріп заманауи стильде қойылым жасадық деп ойлаймын.

 

Театрдың көркемдік жетекшісі Нәсімжан Басшыбаев:

– Бұл жас театрдың ашылғанына он жыл да толған жоқ. Сөйтсе де, 16 қойылымның тұсауы кесілді. Әрине, дәстүрдің сақталмауы – ұлттың жойылуы. Сондықтан біздің Орталық Азиядағы бірден-бір бірегей дәстүрлі өнер иелері тоғысқан шаңырағымыздың мақсаты – ұлттық өнерімізді дәріптеу, бабалардан қалған аманатты ары қарай жалғау, сол бағытта тарихи тұлғаларды, олардың әндерін сахнаға шығару – театр үшін үлкен мәртебе деп білемін.

Театр директорының даму жөніндегі орынбасары Қаракөз Сүлейменова:

– Әрине, біз санаға өте түсінікті дүниелерді ғана қабылдауға әзірміз. Алайда Асекем – Асқар Сүлейменов айтқандай: «Өнер – өмір емес. Ақынның жазғаны қабырғаға жапсырылған кафельдей болмау керек. Ол буырқанған бұлақ сияқты, ағын су сияқты тасып-толқып жатуы тиіс». Бүгінгі күні, өздеріңіз жақсы түсінесіздер, өмір сүру қалпымыз өзгеріп кетті. Ендеше өнерде де солай. Ештеңе бір орында тұрмайды. Буын алмасып жатады, «елу жылда – ел жаңа». Ал енді таптаурын, аса түсінікті дүние ол классикалық үрдістегі театрға ғана қажет. «Алатау» дәстүрлі өнер театры – дәстүрдің негізін ұстайтын, соны паш ететін, сонысымен халықтың жүрегіне жол табатын театр, бірақ бүгінгі күні өскелең жастарымызбен бірге санамыз да күрделеніп барады. Сондықтан осындай спектакль де қажет деп есептеймін. Кей кездері сөз көп жерде  ой сыртта қалып қойып жатады. Ал сол ойды сөзбен емес, басқа үлгіде көрсету – ол режиссер мен  шығармашылық ұжымның еңбегі, пәлсапасы. Жалпы, «Теміртас» әні – «Моцарт пен Сальери» реквиемі сияқты мәңгі әндердің бірі, өмір мен өлімнің арасындағы қақтығыс, ой-сананың арпалысуы, адамның өмірден өтіп бара жатып айтқан соңғы шыңғырған даусы. Қазақтың Біржаны мен Ақаны жазған әндер – осындай үлкен пәлсапаға құрылған, өмірден гөрі өлімді көп ойлаған дүниелер. Мұнысымен дәстүрлі театр өз бағытынан айныды деп ойламаңыз, мұндай жаңа форманы көру де  маңызды. Себебі әлем өзгеріп жатыр, сол себепті біз де әлемдік театр өнеріндегі тың баспалдақтарды көруіміз қажет.

             

СПЕКТАКЛЬДЕН КЕЙІН:

Асанәлі Әшімов, Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі:

– «Бұл – қазақ театры өнеріндегі тың жаңалық. «Теміртас» – трагедиясы терең философиялық шығарма. Бұл тақырыпты қозғауға батылы барған Фархадқа шығармашылық табыс тілеймін. Осы қойылымды шетел асырып, халықаралық байқауларда көрсетсек, міндетті  түрде жоғары бағасын алатынына сенімдімін. Менің қосарым –  домбыра қақ айырылып сынған кезде «Жанбота, осы ма еді өлген жерім?!» – деп айқайды салу жетіспей тұрған сияқты.

 

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:

– Бүгінгі таңда біраз спектакльдерде, біраз театрларда пластикалық шешім үрдіс алып бара жатыр. Бұл бүгінгі көрерменнің санасында театр деген түсінікті қаншалықты айқындайтынын айту қиын. Дей тұрғанмен әсерлендіруге болады. Өзі де дүр отырған  көрермен  Біржанның әні мен заманауи ырғақты көрген соң тыныш отыра алмауы мүмкін. Әдеттегідей аяқ-қолы қозғалып, соған ілесіп кетеді. Бірақ, театр деген не? Ол алдымен – кейіпкер. Оның сөзі арқылы біз сахнадағы адамның жанын түсінуіміз керек. Ышқынған жанының айқайын естуіміз керек, оның сол ортадағы қиналысын сезінуіміз қажет. Бүгінгі спектакль – менің түсінігімде режиссердің таза көзқарасы. Мұны композициялық дүние деуге де болады. Мұны бәлкім «Теміртас. Біржан» деп атамай, Махамбет деуге де болады. Бәлкім Ахмет Байтұрсынов десең де, Абай десең де келеді. Өйткені мұнда ең негізгі  идея – қазақтың рухын іздеу, қазақтың бірлігін көксеу. Қазақтың тілсіз үні – домбыраны ғана емес, ұлттың ұлылығын сақтап, оны ертеңге жеткізетін болашақ бар ма? Бүгінгі қоғамның алдындағы ең үлкен мәселе осы болып тұр.  Біз бүгін қазақшылап айтқанда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ұлт болып қалыптастық па? Біз осы кезге дейін басымыздан өткен зобалаң дүниеден не сабақ алдық? Міне, осындай дүниелер – сахнаның негізгі заңдылығы. Бүгінгі спектакльде біз қадау-қадау сол қоңырауды естідік. Ас-ағам дұрыс айтады, ертеңгі болар фестивальдарда Гран-при алуларың да мүмкін, оған қарсы емеспіз. Бірақ, біз алдымен ұлттың рухын оятатын, ұлы сөздің қадірін білетін, ұлт дегеннің не екенін, оның кейіпкерінің кім екенін, қандай тар жол, тайғақ кешуден өткен тағдырын көруіміз керек. Адамның жаны, адамның тағдыры, көзден шыққан қаймық жасты көре білуге, шыңғырған жанайқайын ести білуге тиіспіз. Спектакль деген түсініктің негізгі мән-мағынасы осы. Өзіміз де кей жерде қозғалып, табылған шешімге, әннің барлығын орнымен қолданып, сахнадағы оқиғамен қабысып жатқанына тебіреніп отырдық. Анау таза дауыстар, шіркін,  домбыра ұстағандағы үн... Осының барлығы керемет дүниелер.

 

Еркін Шүкіман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Спектакльдің қойылу трактовкасы режиссер Фархадтың алдыңғы қойған дүниелеріне мүлдем ұқсамайды, аз-кем «Құлагеріне» келеді. Бірақ, «Теміртастан» мүлде тың нәрселерді байқадым. Әдебиетте модернистік, постмодернистік секілді үлкен ағымдар бар. Ондай ағым, бағыттардың сахна өнеріне келгеніне де аз уақыт болған жоқ. Көрермен қойылым біткенде «Біржан қайда? Теміртас қайда?» деп түсінбей жатты. Шығармада барлығы түсінікті болу міндет емес. Мен солай ойлаймын. Түсінбесе, ол – әркімнің өзінің проблемасы. Менің ойымша, бұл қойылымда түсініксіз ештеңе жоқ. Тек көлемі аздау болып қалғандай. Белгілі ақынның бір шығармасына арналған шағын композициясы секілді. Бірақ бір сағатқа шақталса да, көп нәрсе қамтылды деп айта аламын. Біржан салдың «Он саусағымен» басталған реквием би мен пластикаға ұласып кетеді. Сөз жоқ, өзің түсініп ал деген ишара бұл. Осы тұста сахнадағы би мен пластиканы қойған режиссерге ерекше риза болдым. Бұл – үлкен қажырлы жұмыстың жемісі. Ал енді аппақ киім кигендер – әншілер, Біржанның мұрагерлері де, ал қызыл кигендер –  Кеңес үкіметінің символдық бейнесі деп түсіндім. Бірақ қызыл кигеннің бәрі жау емес, партия қызметкері, коммунист болса да, олардың ішінде де өнерді бағалайтын қаншама өнерпаз жандар болды ғой. Соларды да қызыл жендеттер аямай атып тастады. Бұл – кешегі 32-нің қырғыны, тіпті оған дейінгі зауалдардың көрінісі, шынайы тарих. Мысалы, мен өзім қазіргі Абай облысы, Ақсуат ауданынанмын. Сол өңірде Керімбай деген әнші өткен. Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінің «Ақаны мен Біржаны» атанған Керімбай әнші 1928 жылдары «Кеңес үкіметіне қарсы» деген желеумен қаншама қуғынға түсіп, ақыры атылып кетті. Ол туралы жабық архивтерде үлкен материалдар бар, өзім зерттеп бірнеше мақала жаздым да. Кезінде Арқадағы күйшілердің бәрін қырғын келгендей атып тастағаны – өмірде болған ащы шындық.

 

Ғани Майлыбаев, Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы:

– Дәстүрлі өнерді насихаттап, домбыра мен қобыз үнін алға сүйреп, тарихты тарихқа жеткізуші театрға, азын-аулақ жалақыға таңнан кешке дейін тынбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғысымды айтамын. Соңғы төрт жылда қала басшысы Ерболат Досаевтың «Алматы жастары» бағдарламасымен 31 актер үй алыпты. Соның ең жасы 24 жаста екен. Асанәлі ағамыздың «Жаңа театрындағы» 17 бала үй алды. Бұл да болса мемлекеттің үлкен қамқорлығы. 1 ақпаннан бастап «Алатау» театрында алты ай бойы жөндеу жұмыстары өтеді. Сырты жөнделіп, орындықтары ауысады. Бұл да болса мемлекетіміздің театр еңбегіне берген бағасы, қолдауы. Бұл театрда бұрындары жылына алпыс адам ауысатын, ал қазір бір жылда 14 адам көтеріліп, жақсы жұмысқа ауысқаны болмаса, ұжым тұрақтанды. Мүмкіндігінше жұмыстарына араласып жатқан жоқпыз. Аралассақ, жаңа қойылымда домбыра сынбайтын еді, көп адам атылмайтын еді. Бір нәрсені айтайын, режиссер Фархадты осы театрға жалынғандай болып алып келдік, қазақтың дәстүрлі өнері тек қана Алматының, осы театрдың айналасында қалып қалмасын деген ниетпен шақырдық. Жастар көретін жеңіл дүниелер арқылы ұлттық дәстүрді дәріптеңдерші деп ұсыныс айттық. Бұл – екінші қойылымы. Аз уақытта театр мобильді театрға айналып, әр мерекеге орай қызықты қойылымдар көрсетіп жатыр. Биыл бірінші рет оңтүстік аймаққа гастрольге бармақ. Былтыр 21 адам Түркияға  барып тәжірибе алмасып қайтты. Жалпы қала бойынша 140 адам  шетелде білімін жетілдірді. Бұл жұмыстар жалғаса береді.  

                                                                                    Жазып алған Гүлжанат ШОНАБАЙ

31.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14067
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12881
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16141
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15045
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20093