«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасының алғашқы кезеңіне облыстағы 10 ауданның 11 ауылдық округі қамтылғаны белгілі. Олардың қатарында біздің ауданымыздан екі ауылдық округ енсе, солардың бірі – Түймекент ауылдық округі. Кейіннен оларға Үлгілі ауылдық округі қосылды.
Түймекент ауылдық округі бойынша бүгінде 1405 отбасында 9474 халық тұрады. Бұл аудан орталығынан кейінгі халқы көп, үлкен округтердің бірі. Сондықтан болса керек, аталған округ 2019 жылы пилоттық жобаға еніп, аталған жобаның 5 бағыты бойынша 262 ауыл тұрғыны 615,2 млн теңгені 2,5 пайызбен алған болатын.
Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 2020-2021 жылдары ауқымды жұмыстар атқарылған. Жыл сайын жерді пайдаланушылар көбейіп, одан алынған өнім көлемі еселеп артты. Мәселен, 2020 жылы 1140 ауланың барлығы өздерінің 132,7 гектар жерлерін толық игеріп, оған егілген қиыр, қызанақ, картоптан барлығы 868,6 тонна өнім алған. Жиналған өнімнің 510 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, 358,6 тоннасы саудаға шығарылған. Ал 2021 жылы алынған өнімнің 720 тоннасы ішкі тұтынуға, 378,6 тоннасы сатылған. Биыл болса су тапшылығына байланысты аулалардағы егістік жерлер біршама қысқарған. Округтегі 1224 аулаға 37 гектар қияр, 25,8 гектар қызанақ, 17,3 гектар картоп, 4,2 гектар баклажан, 4 гектар алма бағы, 6,2 гектар бұрыш, 5,5 гектар асқабақ егілген. Үй іргесіндегі жерлерді аталған жоба аясында құрылған «Түймекент – 2019» ауылшаруашылығы кооперативі техникаларымен жерді жыртып, өңдеп беріп отырған.
Біз Түймекент ауылындағы «Нұрасыл» жеке кәсіпкерлігі иесі Умида Сапарбаеваның үйінде болдық. Үй іргесіндегі жерлердің тиімді пайдаланылып отырғанын көрдік.
– Мен мемлекеттен төменгі пайызбен несиеге 2 млн 100 мың теңге алдым. Бұған алдымен 7 бұқа, 5 жылқы сатып алып, оны бордақылауға қойдым. Малдарым семірген соң оны сатып, орнына жас мал алып қоямын. Малға қажетті шөпті Аманбай атам мен жолдасым Әнуар дайындайды. Олардың өз жерлері бар. Бізге осындай жағдай жасап, төменгі пайызбен несие берген мемлекетке, облыс, аудан басшыларына алғыс айтамын, – дейді жеке кәсіпкер Умида Сапарбаева.
Кәсіпкердің үй іргесіндегі 15 сотық жерінде алма, алмұрт, шие, өрік ағаштарынан бөлек, қияр, қызанақ, сәбіз, чеснок, анар, редиска, жүзім, жүгері, арап егілген екен. Сондай-ақ, көршісінің пайдаланбай жатқан 10 сотық жеріне картоп, асқабақ отырғызған. Барлығының да шығымы жақсы.
Жобаның екінші бағыты – малшаруашылығын дамыту және мал сатып алуға округтегі 258 адам қатысып, 602,274 млн теңгеге 577 бас жылқы, 2780 бас қой-ешкі, 558 бас мүйізді ірі қара, 1250 дана құс сатып алған. Кейінгі үш жылда мал басы өскен. Округте мал көбейгенімен, оны жаятын жайылымдық тарлық етуде. Міне, сондықтан да ауыл малдарының дені құмға шығарылып, сонда бағылуда екенін білдік.
Түймекент ауылындағы жеке кәсіпкер Арғынбай Еңлібеков – аталған жобаның пайдасын көріп отырған жандардың бірі.
– Мен пилоттық жоба бойынша 2019 жылы төмен пайызбен 3 млн теңге несие алдым. Алған қаржыма 150 бас қазақы қой алған едім, бүгінде ол 350 басқа жетті. Жыл сайын еркек қозыларды сатып, орнына ұрғашы қозылар алып қоямын. Қойларды қолда, ауыл маңында ұстау қиын. Сондықтан да құмға жіберіп, ақыға бақтырып отырмын. Бірлі-жарым, арық-тұрақ, әлжуаздары қолда. Оларға ерекше қамқорлық керек, – дейді Арғынбай.
Ол сөз арасында несиеге алған қаржысынан түгелдей құтылып қойғанын айтты. Бұл жобаның еңбек етемін деген азаматтарға пайдасы көп екенін жеткізді.
Түймекенттік жеке кәсіпкер Әселхан Қасымқұлова да мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, істің көзін тауып отырған жастардың бірі. Ол несиені мал өсіру және жоңышқа тұқымын тазалау бағыты бойынша алған. Әсияға бұл істе жолдасы Асыл Мұханбетжанов көп көмегін көрсетуде.
Кәсіпкердің 10 бұқасы сыртта болса, 6 сиыр, 2 жылқысы қолда бағылуда. Мойынқұмның құмындағы «Көкшұрат» жайлауынан мал ертеңгі күні қоңды оралатын көрінеді. Қоңды мал бірден сатылымға шығады да, ақшасына қайтадан сатып алынған жас төлдер орнын жауып отыратынын білдік.
Әсел мен Асыл үй іргесіндегі бау-бақшаға да үлкен мән беретіндері көрініп тұр. Жеміс ағаштарының бірнеше түрін еккен. Олар енді аулаға жылына 3 метр өсетін, оттегіні көп бөлетін павлония ағашын өсіруді қолға алған. Бұдан басқа да көптеп ексе, ауа ластанбайтын жақсы қасиеттері бар әртүрлі ағаш көшеттерін дайындап жатқанын көрдік.
– Пилоттық жобаның 3 бағыты – ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану бойынша «Түймекент – 2019» кооперативіндегі 413 гектар егістік жердің 250 гектар жері жалға алынған. Кооперативте 182 мүше бар. Кооператив мүшелері өз техникаларымен ауыл азаматтарының жерлерін жыртып, дайындауға көмектесіп отырады. Бүгінде арпа орылып жатса, жоңышқаның екінші орымына да орақ түсті. Түсім жаман емес. Шаруалар алдымен өздеріне қажетті жемшөпті дайындап алса, қалғандарын сатылымға шығармақ.
Жобаның төртінші бағыты – кооперативтерді жабдықтау бойынша кооперативке 85,8 млн теңгеге 18 ауылшаруашылығы техникасы сатып әперілді. Кооператив өз жерлерімен бірге шаруалардың үй іргесіндегі, ауыл сыртындағы жерлерін де төмен бағамен айдап, өңдеп беріп отырады. Алдағы уақытта ауылдағы шағын аулаларға кіретін кіші трактор сатып алу жоспарланып отыр, – дейді Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұлов.
Жобадағы бесінші бағыт – бизнес жобаларды қаржыландыру. Бұл ретте де округте айтарлықтай жұмыстар жүзеге асуда. Соның бірі – шылаушын басын көбейте отырып, минералды тыңайтқыштар шығару. Бұдан басқа бал омартасын өндіру, жылыжай жұмыстары, наубайхана ашу тәрізді бизнес-жобалар несиелендірілген. Олардың қайтарымы бар.
– Мемлекеттен алған несиемізге мал көңін өңдеп, органикалық тыңайтқыш өндіруді былтырдан бастап қолға алдық. Ерінбей істеген адамға мұның пайдасы өте көп. Біз алғашқы тыңайтқыштарды сата да бастадық, өз бақшамызға пайдаланып, нәтижесін көріп отырмыз. Бағасы қолжетімді. Литрі 70-100 теңге аралығында, – дейді биогумус кәсібімен айналысып жүрген Асыл Мұханбетжанов өз тәжірибесімен бөлісіп. Бұл жаңа әдіс Өзбекстан мемлекеті мен өзіміздің егістікпен көп айналысатын Түркістан облысында кеңінен қолданылатынын баспасөз беттерінен оқығанымыз бар. Ендеше, мұндай пайдалы істі қашанда қолдай білгеніміз жөн.
Аталған қанатқақты жобаның аясында түймекенттік ағайындардың қорадағы малдарының басы өсті. Мал баққанға бітеді. Малдың жай-күйін жасап, уақытылы жемшөбін берсе, табыс табуға болатынын кейінгі 2-3 жыл көрсетіп отыр. Біз сөйлескен шаруалар несиені төмендетілген пайызбен алып, оларға бір жыл демалыс берілгендігі тиімді болғанын айтады. Бұл – шаруаның аяқтан тұруына мемлекеттің берген зор мүмкіндігі.
Жоба аясында мал басы көбейіп, суармалы егістік көлемі артқаны, бизнес-жобалардың жүзеге асқанына орай округте көптеген азаматтар жұмысқа тартылды, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны қысқарды. Ал пилоттық жоба бойынша жұмыс істеп жатқан отбасылардың табысы орта есеппен бірнеше есе артып отыр.
Пилоттық жобаның тиімділігін көрген, пайда тапқан түймекенттік 12 азамат өз кәсібін дөңгелете отырып, өздерінің 29,8 млн теңге үстемеақы пайызымен несиелерін мерзімінен бұрын өтеп те қойды. Жоба аясында қайтарылатын несие қаражаты есебінен басқа да округ тұрғындары несиелендірілетінін түймекенттік кәсіпкерлер жақсы біледі. Ауданда мұндай жақсы іске Үлгілі ауылдық округіне қарасты шаруалардың өткен жылы қолдары жеткенін жақсы білеміз. Міне, осылайша «Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған» пилоттық жобаның пайдасы республика көлемінде қолдау тауып, мақұлданып отыр.