«Tik-tok»-та қаралымы көп әже

«Tik-tok»-та қаралымы көп әже

Бүгінгі таңда ортамызда жастармен қатар жаңа технологияны бес саусағындай игерген қарттар да баршылық. Мәселен, Қордай ауданындағы Степной ауылының тұрғыны Арзанкүл Қосаева әлем бойынша 1 миллиардтан астам адам қарайтын «Tik-tok» әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы. 74 жасар әженің 7000-ға жуық оқырманы бар, ал видеолары жарты миллионнан астам қаралым жинаған.

Тик-токта танымал болған қордайлық әже жеке парақшасында пайдалы кеңестермен, ұлттық тағамдарды әзірлеу тәсілдерімен бөлісіп, халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін насихаттап жүр. Ол әлеуметтік желіні қолданудағы мақсатын былай деп түсіндірді: «Біз, алдыңғы буын өкілдері, заман көшінен қалмай, өскелең ұрпақпен бір толқында жүріп, олардың тәрбиесіне, рухани дамуына, тарихы мен ұлттық құндылықтарын ұмытпауына атсалысуымыз қажет. Ал, қазіргі жастар бос уақыттарының басым бөлігін тик-ток желісінде өткізетіндіктен, білгеніммен бөлісу үшін осы платформаны таңдадым»,– дейді.

Арзанкүл апаның, әсіресе, халқымыздың ұмыт болып бара жатқан дәстүрлері, наным- сенімдері, жастар біле бермейтін ұлттық тағамдардың жасалу жолдары туралы айтқандарына он төрт мыңнан астам пікір қалдырылған. Мәселен, қымызды дұрыс ашыту жолын, қымыз құятын ыдыс – күбіні ыстаудың тәсілін түсіндірген видеоларына желі қолданушылары «Қолыңыз дерт көрмесін, күбіні осылай ыстауды бірінші рет көруім», «Апа, күшті, білгеніңізбен бөлісіп жатқаныңыз. Әйтпесе, біз түк білмейміз», «Әже, сізге мың алғыс, керемет үйретесіз, көненің көздері аман болсын», деген оң пікірлерді көзіміз шалды. Ал, ең көп қаралым жинаған видеосы – отағасы Сәрсебек Жаханов екеуінің қазақтың мал сою мәдениетіндегі ырымдар мен тыйымдар туралы түсіндіруі.

«Малдың жамбасында үлкен күретамыры болады. Мал сойғанда оны міндетті түрде алып тастау қажет. Ол – арам тамыр. Соны көпшілігі біле бермейді. Жамбасты біз бас табаққа, яғни сыйлы қонақтарға тартамыз. Сондықтан, осыған мән беріп, белтамырын алып тастаған жөн. Халқымыз мұны қонаққа деген құрметтің белгісі санаған», – деп мал союдан хабары жоқ адамдарға пайдалы дүниені айтады.

Арзанкүл апа парақшасында қыз- келіншектерге қажетті кеңестермен де бөліскен. Мәселен, көкөністерді қыста бұзылып кетпес үшін қалай сақтау керек, үй жағдайында қызанақ пастасын жасаудың жолы, бау-бақшаны баптаудың тәсілдерін түсіндіріп, видео жүктеген. Мұны көрген нәзікжандылар пайдалы дүниелермен бөлісіп отырған әжеге ризашылықтарын жеткізуде.

Бұдан бөлек, кейіпкеріміз жастайынан гүл өсіруге әуес екен, әсіресе, емдік шөптердің қасиеті туралы әбден зерттеп, бірталай кітап беттерін ақтарыпты. Бүгінде сол ізденісінің нәтижесімен әлеуметтік желіде бөлісіп, шипалы шөптерден дәрілер жасап, олардың пайдасы, жасалу жолдары туралы көпшілікке айтып жүр. Оның тик-ток парақшасынан түйежапырақ, жолжелкен, жалбыз сынды шөптердің дәрілік қасиеттері туралы білуге болады. Оның айтуынша, дүкен сөрелерінде сатылатын кейбір бөлме гүлдері улы. Оның келтіретін зиянынан сатушылардың өзі де бейхабар болып жатады екен. Ол өзінің парақшасында осы тақырыпты қозғап, улы бөлме гүлдерін атаған.

— Қоғамға пайдасы тиетін көптеген видео түсіру ойымда бар. Жуырда еш дәрі-дәрмексіз қант диабетінен емделудің жолдарымен бөлісемін. Өйткені, қазір, өкінішке қарай, осы дертке шалдыққан адамдар саны көп. Оны емдеу үшін бірден дәрінің көмегіне жүгінбей, үй жағдайында да аурудан айығуға болады, – дейді ол.

Аудан тұрғындары апаны кездестіргенде «келесі жолы мына тақырыпты қозғаңызшы, осы туралы айтыңызшы», деп өздері қолқа салса, желідегі оқырмандары сол жерде ұсыныстарын жазып жатады.

Қанша адам болса, сонша пікір бар. Апаның парақшасында жақсы пікірлермен қатар, жағымсыз сөздер жазып қалдыратындар да бар екен. Бұл жайында Арзанкүл апа «Сын түзелмей – мін түзелмейді, сондықтан сынды сабырмен көтере білуіміз қажет», – дейді.

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ, журналист. Қордай ауданы
27.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 133
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 131
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 647
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 765
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 680
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 690

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8827
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8225
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11452
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9209
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10436