Тіл басқармасының қауқарсыздығы – биліктің әлсіздігі

Тіл  басқармасының қауқарсыздығы – биліктің әлсіздігі

Өткен аптада Тіл басқармасы бастығының қиналғанын, күйзелгенін, мемлекеттік тілді қорғай алмаған мүсәпір халін теледидардан көрдік. Ол жай ғана адам емес, мемлекетіміздің басты тілін қорғайтын бірден-бір ресми лауазымды адам. Тіл басқармасында «сен тұр, мен атайын» деген тіл мамандары, ғалымдары бар. Оған рақмет, ащы шындықты айтты. Ол қандай шындық дейсіз ғой? Біз 30 жылдан бері «мүгедек» маңдайшаларды, жарымжан жарнамаларды жөндей алмай зарлап келеміз. Жан-жағымыздағы қателерден көз сүрінеді. Жазасың, ескертесің, ашуланасың, ызаланасың, бірақ қолдан келер қайран жоқ. «Баяғы жартас –  бір жартас»...

Сонымен, ол қандай шындық? Телеарна жүргізушілері («1001 түннің») Астана қаласынан көптеген қателер өріп жүрген маңдайшалар мен жарнамаларды тауып, бәрін жаймалап көрсетті. Өрескел, масқара қателер! Оларды оқып отырып, төбе шашың тік тұрады. Телеарнадағы әңгіменің түп-төркіні «Намысымызға тиетін мұндай қателер өте көп. Басқарма қайда қарап отыр?» дегенге тірелді. Тіл басқармасының бастығы мұндай қателердің барын бірден мойындады. Мойындады да, оларды жөндеуге өздерінің қауқары жоқтығын айтқанда, онымен бірге біз де жерге қарадық,  күйзелдік, ұялдық. Тіл басқармасының қызметкерлері де қарап отырмай еліміздегі басты қаланың көшелеріндегі мекемелердегі қателерді тауып, оларға арнайы барып айтқан, ескерткен. Сонда не болды дейсіз ғой? Ондағылар: «Мыналар біздің жұмысымызға нұқсан келтіріп жатыр», – деп прокуратураға шағымданады. Прокуратура бұлардың тексерулерінің, ескертпелерінің заңсыз екендіктерін беттеріне басып: «Енді бұлай етсеңіздер, сіздерді жазалаймыз!» – деп, өздеріне  қатаң ескерту жасаған. Себебі қазір кәсіпкерлермен арада мораторий жүріп жатқандықтан, сол талаптарға сәйкес олардың жұмыстарына ешкім араласа алмайды. 

Мінеки, көрдіңіз бе Республикалық тіл басқармасының қауқарсыздығын. Қате болса қате болсын, бірақ оған ештеңе жасай алмайсың. Естеріңізде ме дүкендегі сатушылардың орысша сөйлегенін айтам деген тіл жанашырының шетелге қуылғаны. Міне, бұл біздің мемлекетіміздің қауқарсыздығы. Парламент депутаты Қазбек Иса мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасап, үкіметке талай сауалнама жолдады. Ешқандай нәтиже, мардымды жауап болған жоқ. Жүз мыңдаған адам қол  қойған хат та сол Үкіметтің тартпасында шаң басып жатыр. Байлар, лауазымды тұлғаларға мемлекеттік тілдің қажеті жоқ. Қазақ тілі, өкінішке орай, үйішілік немесе кедейлердің тіліне айналды десек те болады. Биыл ТМД бойынша Орыс тілі жылы болып жарияланды. Ол кімге керек? ТМД-ның қатысы не оған?! Бізді шетелдіктер жиі мазақтайды. «Әлемде өз елінде өз тілінде сөйлемейтін бір ғана мемлекет бар. Ол – Қазақстан!» дейді. Масқара! Ұяттан жерге кіріп кете жаздайсың. Бірақ ол ақиқат. Әділетті Қазақстандағы басты әділетсіздік әзірге осы болып отыр. Оны жөндемей, Әділетті Қазақстан ешқашан орнамайды. Қазақтың бұл жанайқайын әзірге билік естімей тұр. Не істейміз, ағайындар-ау?..

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
10.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

Таза Қазақстан республикалық акциясы
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 7
ҚАБЫЛДАУ
Сарысу ауданы әкімдігі - 28.04.2024 9
Бірлік жарысы
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 6
Тараз таза қала
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 6

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1087
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7132
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10983
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7197
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7341