Аяқастынан аласапыран арпалысқа душар етіп, шығынға батыратын өртті лезде ауыздықтау шараларын пысықтайтын оқу-жаттығудың рөлі зор. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мұндай шараларды жиі ұйымдастырып отырады. Жақында осындай өрт-тактикалық оқу-жаттығудың бірі облыс орталығындағы «Бек» сауда орталығында орналасқан 4 шағын дүкеннен «өрт шықты» деген себеппен өткізілді.
Нысанның өртке қарсы қорғану жоспарының орындалуы мен тиімділігін тексеру мақсатында өткізілетін оқу-жаттығуларға қатысушылар ойламаған сәтте тұтанатын тілсіз жаумен күреске дайындалады. Ғимараттың өрт-техникалық сипаттамасымен және сөндіру құралдарымен танысады, өрт кезінде адамдарды қауіпсіздікте ұстау мен эвакуациялаудың жылдам әдістерін жүргізеді.
Жоспарланған жаттығу бойынша Тараз қаласындағы «Бек» сауда үйіндегі бір шағын дүкеннің ішінде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт оқиғасы орын алады. Бірыңғай кезекшілік байланыс қызметі бағыттаушыларының №2 жоғарғы шақыртуы бойынша шартты өртке қала гарнизонының өртке қарсы қызметінің күштері мен құралдары жөнелтілді. Аталған оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 45 адам мен 11 техника жұмылдырылды.
–Мұндай іс-шаралардың құтқарушыларға да, қарапайым тұрғындарға да берері көп. Ойламаған жерден пайда болған апат кезінде қауіптің бетін қайтару жолдарын үйретеді. Айта кеткен жөн, мемлекеттік өрт сөндіру қызметі келіп жеткенге дейін нысан тұлғаларымен алғашқы өрт сөндіру жұмыстары және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру әрекеттері пысықталады. «Бек» базарындағы ойластырылған оқу-жаттығуда көп уақыт өтпей өрт сөндіруші-құтқарушылар да оқиға орнына келіп жетті. Туындаған оқиға орнында өрт сөндіру штабының жұмысы ұйымдастырылып, жалын ошағын сөндіруге 6 «Б» оқпаны қолданылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің 4 буыны құрылып, қауіпсіздік бекеттері қойылды. Шартты өрттің алаңы 100 шаршы метрді құрады. Бөлімшелердің алдына қойылған тапсырмалар табысты орындалып, шартты өрт сөндірілді. Оқу-жаттығу нәтижесі бойынша жетістіктер айтылып, кемшіліктер ескертілді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобының баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақов.
Дәл осындай іс-шара қаладағы «Сәуле» кондитерлік фабрикасында, облыстық балалар ауруханасында да ұйымдастырылды. Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы бағыттаушыларының №2 жоғарғы шақыртуы бойынша шартты өртке Тараз қаласы гарнизонының өртке қарсы қызметінің күштері мен құралдары жөнелтілді. Аталған оқу-жаттығуға өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің тиісті бөлімшелерінен 72 адам мен 12 техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ, медициналық апаттар орталығы мен жедел-құтқару жасағының құтқарушылары да қатысты. Оқиға орнында өрт сөндіру штабының жұмысы ұйымдастырылып, жалын ошағын сөндіруге 4 «Б» оқпаны қолданылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің 4 буыны құрылып, қауіпсіздік бекеттері қойылды. Шартты өрттің алаңы бұл жолы 50 шаршы метрді құрады.
Жуырда Т.Рысқұлов ауданының орталығындағы Құлан ауыл шаруашылығы агротехникалық колледжінің жатақханасында шартты өртті сөндіру жаттығуы ұйымдастырылды. Түнгі мезгілдегі өрт-тактикалық оқу-жаттығуға ауданның №10 өрт сөндіру бөлімiнiң жеке құрамы қатысты. Аталған шараға ауданның күре жолдар медициналык пунктi, полиция бөлiмi, электр жүйесі, газ қызметкерлері жұмылдырылды. Оқу-жаттығудың мақсаты – аталған нысанда түнгі мезгілде шартты өртті сөндіруді ұйымдастыру мен жүргізу бойынша кездесуі ықтимал мәселелерді аға басшы мен қатардағы жеке құрамды практикалық тұрғыдан машықтау. Сонымен қатар, өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің өзге де қызметтермен, нысан тұлғаларымен өзара әрекеттестік жұмыстарын арттыру көзделді.
Ойластырылған жаттығуда өрт аталған білім беру мекемесі жатақханасының екінші қабатындағы асханасынан шыққан. Шартты өрт алаңы 110 шаршы метрді құрады. Оқиға орнында бір жауынгерлік учаске құрылып, тиісті өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Жедел әрі сауатты атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өрт ошағы жойылды және зардап шеккендер болған жоқ. Жаттығу соңында жеке құраммен оқу-жаттығудың нәтижесі талқыланып, кемшілік кеткен тұстарына ескерту жасалып, мұндайда қателікке жол беруге болмайтыны баса айтылды.
– Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күштері мен құралдары көз ілместен жауынгерлік кезекшілікте қалтқысыз қызмет атқарады. Кез келген сәтте көмекке шығуға дайын тұрады. Мысалы, тек үш тәуліктің өзінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 60 рет түрлі сипаттағы шақыртуға шықты. Жалпы, жану жағдайларына 33 рет, өрттерге – 20, есіктерді ашуға – 2, мысықты құтқаруға – 2, жыланды адамға қауіпсіз жерге шығаруға – 1, үйдің ішінен түтінді шығаруға – 1, полицияға көмекке 1 рет шыққан. Сондай-ақ, соңғы уақытта шөпханадағы өрт оқиғалары жиілегендігін айту керек. Мысалы, 31 наурыз күні, яғни бір күннің ішінде Қордай ауданының Жамбыл, Қақпатас және Сарыбұлақ ауылдарында жиналған шөптердің өртенуі орын алды. Ол жағдайлардың барлығына ауданның №15 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары шықты. Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарында да есік алдында жиналған шөп өртенген. Мұнан өзге сол күні жедел-құтқару жасағының құтқарушылары биіктіктен мысықты құтқару үшін 2 рет жолға шықты. Бірінші жағдайда мысық электр бағанасынан, ал екінші жағдайда талдың басынан жерге түсірілді. 2 сәуірде өрт сөндірушілер Жамбыл ауданындағы тұрғын үйде орын алған өрт оқиғасына шыққан. Сондай-ақ, Шу ауданындағы жұмыс істемейтін дәмхана мен сарайдың өртенуіне байланысты, Қордай ауданындағы автокөлік пен бастырманың, сарай мен шөпханадағы өрт оқиғаларына шақыртумен шықты. Аталған жағдайлар бойынша қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен келтірілген залалы анықталуда, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақов.
Облыстың төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға үйден шығарда балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, газ және электр құралдарын қуат көздерінен ажыратуды естен шығармай, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Ал, өрт немесе төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «101» және «112» нөмірлеріне жедел хабарлау қажет.