ТІРЕК МЕКТЕПТЕГІ ТЫҢ ТӘЖІРИБЕ

ТІРЕК МЕКТЕПТЕГІ ТЫҢ ТӘЖІРИБЕ

Есіл ауданында өзгелерге іс-тәжірибесі үлгі боларлық, таратуға тұрарлық білім ошақтары аз емес. Солардың бірі – белгілі кинорежисер, актер, жазушы жерлесіміз Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка қазақ мектебі. 

2002 жылы осы жерде орналасқан №2 орыс мектебінің ғимараты қазақ тілді білім ошағына басыбайлы берілген болатын. Бүгінгі таңда 386 оқушы оқиды. Оларға зерттеуші, сарапшы, модератор санатына ие 50 мұғалім сабақ береді.

Мектепке «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында «Қазақстан халқы» қоры тарапынан 250 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлініп, материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылған. Бұл өз кезегінде заманауи талаптарға сай қолайлы орта қалыптастыруға айтарлықтай ықпалын тигізген. Мектеп директоры Айдар Сұрағанов білім ошағына қысқаша сипаттама бере отырып, 68 компьютер, 3 интерактивті тақта, 16 интерактивті панель (екеуі жылжымалы), бір-бірден арт-студия, телестудия, стем-зертхана қойылған 21 кабинетті аралатып шықты. Бұдан бөлек, 86 бейнебақылау камерасы, үш деңгейлі «СКУД» ақпараттық-бағдарламалық кешені, «FACE ID» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Былтыр жасанды интеллектіге негізделген психотест – агрессияны анықтау қанатқақты жобасы енгізілген.

– 2023 жылдан бастап Қазақстандағы ауылдық мектептердегі білім сапасын көтеру мақсатында іске қосылған озық жобаға қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту, тірек мектептер арқылы шағын білім ұяларына ресурстар мен онлайн оқыту арқылы қолдау көрсету, цифрлық кабинеттер, жылдам интернет, онлайн оқыту мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану міндеттері жүктелген. Қазірдің өзінде жобаның өміршеңдігіне көзіміз анық жетіп отыр, – деді Айдар Асқарұлы.

2023-2028 жылдарға арналған мектептің даму жоспарының алғашқы нәтижелерін ортаға салған мектеп басшысы белгіленген бес стратегиялық қағидатты жүзеге асырудың өзіндік ерекшеліктерін атап өтті. Бірінші кезеңде дамытудың басым бағыттарын және оның жаңа сапалық жағдайын модельдеу, екінші кезеңде әлеуметтік серіктестік аясын кеңейту, әлеуметтік пакеттерді қалыптастыру қаралса, үшінші кезеңде қол жеткен нәтижелерді талдау, одан арғы басымдықтарды белгілеу қарастырылған. Осыған орай мектепішілік ұйымдық жұмыстар тынбай жүргізіліп, нәтижесінде жеке білім беру санаты бойынша оқитын оқушылардың үлесі – 70, республикалық, халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына қатысатын талапкерлер саны – 37, оқыту үдерісін даралау – 100, білікті мамандар үлесі 75 пайызды құрады. Мұғалімдердің 95 пайызы кәсіби шеберлігін арттырып, 62 пайызы коммуникативті және тұлғалық құзыреттілігін, көшбасшылық әлеуетін жетілдірді. Ақпараттық технологиялармен және заманауи оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету 70 пайызға жетті. Электронды сабақтардың әдістемелік қоры айтарлықтай көбейді.

Алда білім сапасын 62 пайыздан 68 пайызға дейін арттыру талабы тұр. Оның басты өлшемдері – 11 сынып түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуінің қорытындысы, жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатына ие болған және үздік аттестат алған оқушылар саны. Сонымен қатар пәндік олимпиадаларға қатысу нәтижелері, спорттық көрсеткіштер, оқытудың жаңа формалары, STEM білім беруді енгізу, ата-аналарды тең құқылы серіктестер ретінде оқу үдерісіне тарту назарға алынады. Бұдан бөлек, мақсатты индикаторға жету, ұстаздардың инновациялық оқыту ерекшеліктерін зерттеу, ішкі мотивациясын ынталандыру, мектептің веб-сайтының мазмұнын кеңейту жолдары да айқындалған.

Бізді ата-аналарға, ұстаздарға және оқушыларға ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған интерактивті дүңгіршек ерекше қызықтырды. Мұнда мектептің барлық тыныс-тіршілігі бейнеленген, QR кодты сканерлеу арқылы қолжетімді ақпаратты жүктеп алуға болады. Екі қабатта да интеллектум бұрыштары орналастырылған. 21 кабинет бастан-аяқ жиһазбен, түрлі техникалық құралдармен, сәндік-көркемдік бұйымдармен жаңартылған. Талапқа сай жабдықталған ұлдар, қыздар шеберханасы, робототехника кабинеті балғындардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталғаны, болашақ мамандық таңдауға бағыт беретіні бірден аңғарылады. 3 жылдан бері «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында жұмыс істеп келе жатқан мектеп әкімшілігі тарапынан бірқыдыру нақты шаралар атқарылған. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында коучингтер мен семинарлар ұйымдастырылған. «Тірек мектептің тәжірибесі: білім берудегі заманауи платформалармен жұмысты бірлескен сабақта қолдану» тақырыбы шеңберінде іс-тәжірибесі таратылған. Білім ошағы 2025 жылы республика бойынша «Үздік 100 мектеп» сапынан көрінген. 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша ауданда «Үздік ауыл мектебі» аталымын жеңіп алып, 1 млн теңгенің сертификатын иеленген. Бұған ұжым ұстаздары мен оқушылардың түрлі деңгейдегі конкурстар мен олимпиадаларда үздіктер мен жүлдегерлер сапынан көрінгенін қоссақ, табыстың еселене түсері анық.

Мұндай білім ордасында тек оқушыларды оқытып қана қоймай, өңірдегі басқа мектептерге бағыт-бағдар беріп, тәжірибемен бөлісу, сапалы білімнің үлгісін көрсету міндеттері жүктелген. Ендеше оқыту үдерісін жетілдіру, тиімді әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану бағытында қыруар шаруа тұр.

Нұрсайын ШӘРІП,

(СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі материалдары бойынша әзірленді)

 

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25935
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42784
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38614
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43181