Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Торғай өңірін дамытудағы өзекті мәселелерді жария еткен сенатор Әли Бектаев: «Өңірде көлік қатынасы нашар, инженерлік коммуникация әбден тозған. медициналық мекемелерге дәрігерлер жетіспейді. Бұл сауалдарды жолдауға сенаторлардың Қостанай облысындағы Амангелді және Жангелді аудандары мен Арқалық қаласына сапары кезінде азаматтар айтқан өтініштер себеп болды. Әуе қатынасының жоқтығы, Арқалық қаласына дейін ғана апаратын теміржолдың тозуы мен ескі вагондар және автомобиль жолдарының нашар жағдайы өңір экономикасының дамуына теріс әсер ететін басты мәселелер болып отыр. «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар» автожолының құрылысын жеделдетуді ұсынамын. Бұл өңір экономикасының дамуына серпін береді және көрші аймақтармен өзара іс-қимылды өрістетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірді ауыз сумен және жылумен қамтамасыз ету деңгейі де өте төмен. Бүгінгі таңда су құбырының тозуы 86,5; жылу құбыры 87; электр желісі бойынша 92; кәріз құбырының тозу деңгейі 92,8 пайызды құрады. Бір сөзбен айтқанда, инженерлік-коммуникациялық жүйеде төтенше жағдайдың жоғары деңгейі қалыптасқан. Сондықтан Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелді аудандарындағы инфрақұрылым жүйесінің нақты жағдайын анықтау үшін Үкіметтен арнайы комиссия шығарту қажет»,— деді.
Өңір тұрғындары ұялы байланыс пен интернетке қол жеткізе алмай отыр. Өңірді табиғи газбен қамтамасыз етудің экономикалық және әлеуметтік маңызы зор. Арқалық политехникалық колледжінің ғимараты әбден ескірген. Жоғарыда айтылған проблемаларды шешу үшін Қостанай облысының Торғай өңірін серпінді дамыту мақсатында арнайы өңірлік бағдарлама қабылданып, қажетті көлемде қаржы бөлініп, Үкімет деңгейінде қолдау көрсетілуі тиіс деп есептейміз»,— деді.