Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Қаратөбе-Сауран қаласы қазбасынан табылған тұмар етік бар. Ол қыштан жасалған. Ғалымдар оны ХІІ ғасырда қолданылған дейді. Жәдігердің биіктігі 4,5 сантиметрді құрайды. Ал, қонышының диаметрі – 2,8 сантиметр. Етіктің тұмсығы оң аяққа арналып біраз жонылған. Қонышы кеңдеу болып келген. Оның жоғары жағында жіп (бау) тағуға арналған тесігі бар. Музей қызметкерлері етіктің қонышының тегіс жерінен тағы да бір тесікті көруге болатынын айтады. Ол да бау тағуға арналып жасалған екен. Етіктің қонышының қырына алты бұтақты «Өмір ағашының» суреті бейнеленген. – Бұл өте сирек кездесетін жәдігер болып табылады. Ағаш бұтағының арасынан дәндерді де айқын көруге болады. Ертеректе етік адамның азат екенін білдірген. Аяқ киімі жоқ адамдар құлмен тең болып есептелген, – дейді музей қызметкерлері.