Редактордың айтары бар
Қытайдың Хайнан деген супермаркетін фейсбуктен көрдім. Алып супермаркетте сан түрлі қызылды-жасылды жеміс-жидек, көкөніс көздің жауын алып жайнап тұр. Бірақ онда тірі жан көрінбейді. Алғашқыда таңғалдым. Ел ырғын болып, абыр-сабыр болып жататын Хайнан супермаркеті не күйге ұшыраған? Сатушылар, сатып алушылар қайда? Сөйтсем, гәп басқада екен. Бұл көздің жауын алған жеміс-жидек, көкөністер жеуге жарамайды. Өнімдердің тұла бойлары тұнған у екен. Бәрі де химиялық жолмен жасалған. Улы заттарға әбден тойып, уланған халық супермаркетті ада-күде тастап, усыз, экологиялық таза жеміс-жидек өнімдерін сататын Пан Дуй Лай супермаркетіне тайлы-таяғымен ағылып жатыр екен. Бүкіл қытай халқы осында ма дерсің. Пан Дуй Лай не деген патриот, отаншыл жан екенін осыдан-ақ байқауға болады. Ел үшін, оның болашағы үшін осындай экологиялық таза өнімдерді сатып жатыр. Осы арқылы халқын экологиялық апаттан құтқармақшы.
Ал біз ше? Біздің базарларда, супермаркеттерде қытайдың химиялық әдістерімен жасалған, уға тұнған жеміс-жидек, көкөністері, тіптен әрқилы жасанды дақылдары сатылып жатыр. Қазір адамдар қытайдың осы арзан өнімдерін сатып алуға мәжбүр. Улы екенін біледі. Бірақ қарын тойғызу үшін осыған барады. Өзі ғана емес, ұрпағын улап жатқаны олардың қаперіне кіріп те шықпайды. Қазір жастарымыздың жанын шетінен алып жатқан сусындар да сол жақтан келіп жатқаны жөнінде нақты мәліметтер бар. Әр түйірі өрікпен бірдей мускат жүзімдерді қазір салтанатты дастарқандарға қойып жүрміз. Жасанды күріштерді де рахаттанып жеп жатырмыз. Қытайдың алмаларын құрт екеш құрт та жемейді. Әсіресе бұлардың басты зияндарының бірі – тұқымыңды тұздай құртатындығы. Жігіттеріміз белсіз, қыздарымыз шақалақ көтере алмайтын халге жетеді.
Қытайдың көздегені не сонда? Бізді құртып, жойып, жерімізді иелену. Бұдан асқан зұлымдық бар ма?! Бізге де Пай Дуй Лай сияқты патриот, өз еліне жаны ашитын азаматтар керек. Ау, ағайын, біздің жеріміз кең ғой. Ауылшаруашылығы өнімдерін мол етіп егуге мүмкіндігіміз зор. Ол өнімдерімізді мемлекет тарапынан қамқорлыққа алып, бағасын арзандатайық. Бұқараны насихаттайық, түсіндірейік. Қытай өнімдерінің зиянын халыққа жеткізейік. Мемлекет Қытайдан келетін әрбір өнімді мұқият тексеруден өткізуі тиіс. Жарамай ма, улы ма, тез қайтару керек! Кеденге әбден сүзгіден өткен адал адамдарды қоймасақ, олардың көбісі ақшаға сатылып кететіні айдан анық. Ондай сатқындарды ұстадық па, Отанын сатқандармен қатар қойып ұзақ жылға соттап, химиялық жұмыстарға салған жөн. Тұқымың тұздай құрымасын десең, ау, халқым, Қытай өнімдерін үйіңе үзілді-кесілді кіргізбе!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ