Ұстаздық – ұрпақ тәрбиесіне жауап беретін ғана емес, тұтас қоғамның болашағына ықпал ететін қастерлі мамандық. Өйткені мектеп табалдырығын аттаған әр баланың бойындағы білімге деген құштарлықты оятып, адамдық қасиетін қалыптастырып, елге қызмет ететін азамат болуына бағыт беретін де – ұстаз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Республикалық Тамыз конференциясында педагогтерге ерекше құрмет білдіріп, «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі» екенін атап өтті. Президент ұстазды ұлттың шамшырағына балап, мұғалім еңбегінің ең жоғары құрметке лайық екенін айтты. Бұл сөз – күн сайын сыныпқа кіріп, шәкіртіне білім мен тәрбие беріп жүрген әр педагогтің еңбегіне берілген үлкен баға. Ұстаздың жұмысы бір ғана сабақпен өлшенбейді. Оның әрбір сөзі, әрбір берген ақылы, әрбір шәкіртіне көрсеткен қолдауы баланың өмір жолында із қалдырады. Сондықтан ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны қашанда биік. Осындай ұлағатты ұстанымды ту еткен білім ордаларының бірі Астанадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі. Мектептің атауының өзі мұнда білім мен тәрбиеге қойылатын талаптың биіктігін аңғартады. Себебі бұл білім ордасы ұлт ұстазының есімін иеленіп қана қоймай, оның ағартушылық идеясын бүгінгі заманмен сабақтастырып келеді.Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың білім-ғылымына, ағартушылық ісіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға. Міне, сол Ахаңның «мектептің жаны – мұғалім» деген ұлағатты сөзі бүгінде де өз мәнін жойған жоқ. Шын мәнінде, мектептің қабырғасын көріктендіріп, білім ордасына айналдыратын – оның ұстаздары. Ал ұстаздың ең үлкен жетістігі – шәкіртінің жетістігі.
Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде осындай ұстаныммен еңбек етіп жүрген білікті педагогтер аз емес. Мектеп ұжымын жас басшы Қияқбай Нұрила Бақтиярқызы басқарады.
Шет тілдері бағытында білім алған, педагогикалық және ғылыми ізденістен өткен Нұрила Бақтиярқызының өзі де ұстаздық ортадан шыққан маман. Дегенмен мұндай жас басшы үшін білім ордасын басқару – үлкен жауапкершілік. Міне осыны жан жүрегімен сезінген ол тән ізденіс пен жаңашылдықты тәжірибелі ұстаздардың өнегесімен ұштастыра отырып, мектептің қалыптасқан дәстүрін жалғастыруға басымдық беріп келеді. Мұндай сабақтастық – білім ордасының тұрақты дамуының маңызды кепілі. Жалпы №48 мектеп-лицейінің тарихы мен бүгінгі тынысын айтқанда, осында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер ұстаздардың есімін ерекше атауға болады. Солардың бірі қазақ тілі пәнінің ардагер ұстазы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Момынқұлова Алтын Момысқызы.

Ол бүгінде зейнет демалысында болғанымен, ұстаздық жолдан қол үзген жоқ. Қазіргі таңда мектептегі оқу клубын ұйымдастырып, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді. «Отбасылық сауаттылық» кітап оқу жобасының авторы ретінде де ағартушылық бағыттағы еңбегін жалғастырып отыр. Ұстаз еңбегіне деген құрметтің бір белгісі ретінде мектепте Алтын Момысқызының құрметіне арнайы кабинет ашылған. Бұл бір адамның еңбек жолына ғана емес, тұтас ұстаздық дәстүрге көрсетілген құрметтің көрінісі. Ардагер ұстаздың өмір жолы кейінгі буынға «ұстаздық – зейнетпен аяқталатын мамандық емес, жүрекпен жалғасатын жол» екенін көрсетеді. Бұдан бөлек, музыка саласында да мектептің өзіндік мектебі қалыптасқан. Кируова Жанат Кәрімқызы – домбырадан «Дастан» ансамблінің жетекшісі.
Қостанай облысы Аманкелді ауданының Қарасу ауылында 1964 жылғы 27 шілдеде дүниеге келген ол Қарасу ауылындағы «Жасбуын» орта мектебін жақсы аяқтап, 1981 жылы Арқалық музыкалық училищесіне оқуға түскен. Ұстаз шәкірттерімен бірге 2010 жылдан бері түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Ұлттық өнерді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, домбыраның үнін мектеп қабырғасында жаңғыртып жүрген Жанат Кәрімқызының еңбегі биыл да елеусіз қалған жоқ.

2026 жылғы Астана қаласының тамыз кеңесінде ұстазға «Еңбек ардагері» медалі табысталғаны ресми ақпаратта көрсетілді. Өнер мен тәрбиені қатар алып жүрген ұстаздардың қатарында Рахатұлы Тәуіржан да бар.

Хореограф, мәдениет қайраткері, «Шашу би» ансамблінің жетекшісі ретінде шәкірттерін ұлттық өнерге баулып келеді. Ұстаздың еңбегі түрлі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға, медальдарға ие болған. Атап айтқанда, “Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері” медалі, “Қазақстан Конституциясының 10 жылдығына арналған мерекелік медаль”, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалі және Мемлекет басшысының атынан табысталған «Ерен еңбегі үшін» медалі ұстаздың көп жылғы еңбегінің жемісі. Қазақ тілі пәнінің білікті ұстазы Капшаева Гүлшат та мектептің тәжірибелі педагогтерінің бірі.

Білім беру саласындағы еңбегі үшін 2026 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталған Гүлшат ұстаз шәкірттеріне тек пән білімін ғана емес, ана тіліне деген құрметті де үйретіп келеді. Мектептің тәжірибелі ұстаздары қатарында зейнеткер математика пәнінің мұғалімдері Алма Жақсылыққызы мен Майра Аленқызының да орны


Сан ұрпаққа білім беріп, талай шәкірттің ғылым жолына бағыт сілтеген ардагер педагогтер өздерінің еңбек жолымен кейінгі буынға үлгі болып отыр. Ұстаздық ұжымның тағы бір ерекшелігі – білім мен тәжірибенің ұлттар мен елдер арасындағы шекарадан биік тұратындығы. Бұл бағытта Моңғолиядан келген білімді ұстаз Радолда Естай мектеп ұжымына өз тәжірибесі мен ізденісін алып келіп, шәкірт тәрбиесіне үлес қосып жүр.

Сонымен қатар қазақ тілі пәнінің мұғалімі Абуева Айзада Ғазизқызы да өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, шәкіртінің білімге деген қызығушылығын арттыра білетін білікті ұстаздардың бірі. Мектептегі жас буын өкілдерінің арасынан математика пәнінің мұғалімі Шойбасов Аскарбек те кәсіби ізденісімен ерекшеленеді.

Өмір жолының әр кезеңінде білім мен еңбекке деген ұмтылысын жалғастырып, бүгінде шәкірт тәрбиесіне өз үлесін қосып келе жатқан ұстаздардың қатарында. Осылайша бір мектептің қабырғасында әр буынның тәжірибесі тоғысып отыр. Ұстазға құрмет – білімге құрмет. Білімге құрмет – болашаққа құрмет. Сондықтан №48 мектеп-лицейінің әр педагогінің еңбегі осы ұлы мұратпен сабақтасып жатыр. Осы айтулы мерекеде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің барша ұстаздарына шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, отбасыларына амандық, шәкірттерінің биік жетістіктерін көруді тілейміз.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей директорының тәрбиесі жұмысы жөніндегі орынбасары, математика пәнінің мұғалімі.

















