Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, 2024 жылдың 6 айында облыс халқына 19 307 002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Одан бөлек, 375 063 жедел-жәрдем және 1 594 санавиация шақыртулары, сондай-ақ 3 млн-нан астам амбулаторлық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, 200 мыңнан астам стационарлық-медициналық көмек көрсетіліп, 18 693 ота жасалған.
«Биыл Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында барлығы 81 науқасқа, ал Түркістан қалалық орталық ауруханасында барлығы 4 науқасқа күрделі ота өткізілді. Бұдан бөлек, өңірде 3 бүйрек трансплантациясы жасалды. Биыл облыста 15,9 млрд. теңгеге дәрілік заттар мен 549 медициналық бұйымдар сатып алынды. Бүгінгі күнге дейін «Д» есепте тұратын 158 204 науқас тегін дәрімен қамтылған. Ал, 2024 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусым аралығында жергілікті бюджеттен амбулаториялық деңгейде 188 науқасқа дәрі-дәрмек берілді. Бұдан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Санкт-Петербург мемлекеттік педиатриялық медициналық университеті арасында келісім шарт орнатылды. Нәтижесінде өңірден 24 дәрігер Санкт-Петербург қаласында біліктіліктерін арттыру курсынан өтті.»,- деді Бауыржан Нұрланұлы.