Түркістан облысы, Келес ауданындағы 8 елді мекеннің атауы ауысты. Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы мен Түркістан облыстық мәслихатының бірлескен шешіміне сәйкес, Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округінің М.Горькии ауылы бұдан былай «Кеңдала» аталады. Ал, Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Қызыләскер ауылы «Лесбек батыр» атауына ие болды. Сондай-ақ, аудандағы Орджиникидзе ауылы «Сәмбет Саттаров», Димитрово ауылы «Ораз ата», Әзербайжан елді мекені «Көлтоған», Ленин жолы ауылы «Ақжол», Первое мая ауылы «1 мамыр», Коммунизм елді мекені «Ащысай» болып өзгертілді. «Тәуелсіздіктің арқасында өңіріміз аумағындағы отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз. Бұл жұмыстардың артында зиялы қауым мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің және жергілікті ономастика комиссиялары тарапынан ұзақ жылдар бойы тынымсыз жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде қол жеткіздік» - дейді аудандық ономастика саласына жауапты, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының орынбасары Ербол Назаров.