Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның төңірегіне 232 тарихи тұлға жерленген. Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы қызметкерлері олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Алайда, оған нақты дәлелдер жеткіліксіз. Әзірге бізге кесенеде жерленген 44 дін өкілінің, Әмір Темір, Шәйбани әулеттерінің және Қазақ хандығы тұсында жерленген 10 тұлғаның, қазақтың 21 ханы мен 8 сұлтанының, 25 биінің, 65 батырының, 5 әзіз ананың, 10 датқа мен болыстың есімдері белгілі. Біз солардың ішінде Есім хан Шығайұлының өмір жолына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Есім хан – 1598-1628 жылдар аралығында билік құрған Шыңғыс әулетінің өкілі. Шығай ханның баласы. Есім ханның әкесі Шығайдың 1580-1582 жылдары хандық құрғаны баршаға мәлім. Қадырғали Жалайыридың Шығай хан туралы дерегінен оның бүкіл ғұмыры күреспен өткенін, айбатымен жау қашырғанын, ерлігімен жақынының мерейін тасытқанын, сөйтіп бүкіл елге батырлығымен мәшһүр болғанын көреміз.
Есім хан – Шығай ханның он екі ұлының бірі. Сейітқұл сұлтаннан, Ондан сұлтаннан және Тәуекел ханнан кейінгі төртінші ұлы. Анасы — шағатайлық Яқшым бике (Жақсы бике болуы да мүмкін). Тәуекел хан екеуі бір анадан туған. Оның толық есімі – Есмұхаммед (Ишмұхаммед). Бірақ жазба деректер мен тарихи шығармаларда оны Ишим, Ашим, Есим, Есім деп атайды. Есім ханның нақты қай жылы дүниеге келгені белгісіз. Дегенмен, шамалап айтуға болады. Қадырғали Жалайыр дерегіндегі мәліметтерден Есім ханның ағасы Ондан сұлтанның 1555 жылы туып, 1585 жылы қаза тапқанын білгеннен кейін, інісі Есім ханды 1560 жыл шамасында дүниеге келген деп есептеуге болады. Жалпы деректерде Есім ханның тек үш ұлының есімі ғана айтылады. Қалғандары жөнінде мәлімет жоқ. Оның ұлдары: Жәнібек сұлтан, Жәңгір хан (Жахангер) және Сырдақ сұлтан. Есім ханнан кейін тақты оның ұлдары Жәнібек, одан кейін Жәңгір хан иеленеді. Атақты Тәуке хан – Жәңгір ханның ұлы, Есім ханның немересі болып келеді. 1598 жылғы Орта Азиядағы оқиғаларды және соған байланысты Қазақ хандығының жүргізген саясатын баяндайтын жазбаларда Есім сұлтанның есімі кездесе бастайды. Бұл кезде Есім сұлтан ағасы Тәуекел ханнан кейінгі ең беделді, ең атақты сұлтандардың бірі болатын. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен қалды. Оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мәуреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген. Тәуекел хан қайтыс болып, Есім хан таққа келгеннен кейінгі Мәуреннахрға қатысты түйінді мәселені шешіп, оны ретке келтіреді. Ескендір Мунши бұл туралы былай деп жазады: «Біршама уақыт өткеннен кейін Нахшбендилік шейхтердің араласуымен Ташкенттегі қазақ билеушісі мен ортаазиялық билеушілер арасында бейбітшілік орнатылып, Самарқан әскерлері Ташкентке қарсы ешқандай әрекет жасамайды деген келісімге келеді». Бұл Қазақ хандығының аумағына Түркістан мен Ташкенттің қосылуын Мәуреннахр билеушілерінің заңды түрде мойындағанын білдіреді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітованың пікірінше, бұл келісімшарт Түркістанды түпкілікті түрде, Ташкентті 200 жылға және Ферғананы уақытша Қазақ хандығының құрамына қосады. Ел билігін қолға алған Есім хан Түркістан қаласында тұрып, билік жүргізді. Сұлтан кезінде-ақ ағасы Тәуекел ханмен бірге Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығының құрамына қосты. Түркістанды Қазақ хандығының астанасы ету идеясы Еңсегей бойлы Ер Есім тұсында жүзеге асқаны, Түркістанның қазақ хандарының ордасына айналғаны «Исатай – Махамбет» дастанында былай жырланады: Шыңғыстың тағы құрылған. Түркістанда ту тігіп, Атаң бір қазақ мекендеп, Хандары сонда тұрылған. Яғни Есім ханнан бастап Қазақ елінің астанасы нақтыланып, бұрынғы Ясы қаласы Түркістан деген атауға ие болады. Осыдан бастап Түркістан қазақтың жиырма бір ханына астана ретінде қызмет атқарады. XVII ғасырдың басында Ташкент билеушісі Тұрсын мен Есім хан арасында билік үшін күрес шиеленісе түседі. Шығыс Түркістан хандығына арқа сүйеген Есім хан 1627 жылы Тұрсынды өлтіріп, Қазақ хандығының билігін қайтадан өз қолына алады. Есім хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шарт жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім хан 1598-1628 жылдар аралығында 30 жыл бойы ел тізгінін қолына ұстап, оның бірлігі мен тұтастығы үшін күрескен. Есім хан Тұрсын хан мәселесін шешкен соң Түркістанға қайтып оралады. Онда ол бір жылдай өмір сүріп, 1628 жылы 70 жасқа қараған шағында қайтыс болады. Оның денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына қойылып, қабірінің басына кішігірім кесене тұрғызылды. Есім ханның ағасы Ондан сұлтанды есептемегенде, Есім ханнан бастап қазақтың барлық хандары, сондай-ақ, қарапайым халықтан шығып, өз заманында саяси, әскери, рухани, мәдени көсем бола білген тұлғалар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына жерленеді де, қаланың рөлі мен маңызын, қасиеті мен құдіретін одан әрі арттырады.