Сарыағаш ауданында каналдарды реттеу жұмыстары қарқын алды. Ауданға қарасты Тегісшіл ауылдық округінде ауылдық округ аумағындағы егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін Досқара каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Құркелес ауылдық округі аумағындағы Құлтума каналының апатты жағдайда тұрған бастапқы 150 метр жерін бетондау жұмыстары атқарылуда. Каналды бетондау жұмыстарына биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Жұмыстарды маусым айынан бастап мердігер «Алтынбек и Б» ЖШС жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған каналдардың басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Жауапты тұлғаларға жұмыстар сапалы болу қажет екендігін ескертіп, суғару маусымында егістік жерлерге қажетті суды толық жеткізіп беруді міндеттеді. Нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, егістік жерлерге толық ағын су жеткізіп беру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудандық бюджет есебінен облыстық «Тұран-су» МКК арқылы 3 экскаватор сатып алынған болатын. Биыл осы техникалармен 252,8 шақырымды құрайтын 68 бірлік су нысанын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, қазіргі таңда 71,5 шақырым немесе 28% cу арналары тазалаудан өткізілді.