Түркістандық спортшылар бағындырған биік көп

Түркістандық спортшылар бағындырған биік көп

Спорт – салауатты өмір, абырой, достық дәнекері. Түркістан облысында бұл салаға жақсы көңіл бөлінудің арқасында заманауи нысандар бой көтеріп, түрлі додаларда топ жарған шәкірттер тәрбиеленуде. Айталық, осы жылдың 10 айының өзінде Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттары мен кубоктарында 26 алтын, 8 күміс және 14 қола, жалпы 48 медальға ие болды. Ал жалпы халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарға қатысып, 153 алтын, 72 күміс, 29 қола, жалпы 254 медаль жеңіп алған. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат   Жолдықараев мәлімдеді.

– Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2021 жылдың 10 айында облыс аумағында 1 321 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 150 мыңға тарта адам қатысса, оның ішінде ауылды жерлерде 1 мыңға жуық спорттық іс-шара өткізіліп, 110 мыңнан астам адам қамтылған. Облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 700 мыңға жуық адамды құрап, облыстағы барлық жастағы халықтың спортпен қамтылуы 33,8 пайызды құрап отыр. 

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында облыста мүгедек азаматтармен жұмыстар жалғасын табуда. Параканоэ спортынан ел тарихында тұңғыш рет жерлесіміз Бибарыс Спатай Токио қаласында өткен жазғы Паралимпиада ойындарына қатысты. Осы жылдың 15-27 қыркүйегі аралығында тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында ҚР 6-шы спартакиадасы өтті. Аталған Спартакиадаға облыс спортшылары 12 спорт түрінен қатысып, 3 алтын, 4 күміс, 1 қола медальді жеңіп алды.

Ұлттық спорт түрімен жалпы шұғылданушылар саны 84 865 адамды құрады. Ұлттық спорт түрлерінен барлық секциялар саны 1 826, оның ішінде ауылды жерлерде – 1 539. Облыста 2 ұлттық спорт түрлеріне мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мектептерде бәйге, аударыспақ, көкпар, тоғызқұмалак, қазақ күресі, асық ату, теңге ілу, саят, конкур және жамбы ату тәрізді 10 спорт түрі дамытылуда. Онда 989 балалар мен жасөспірімдер спортпен шұғылдануда. Олармен қазіргі уақытта 63 жаттықтырушы жұмыс істейді. 

Облыс спортшылары 2021 жылдың 10 айында ұлттық спорт түрлерінен халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Атап айтқанда 153 алтын, 72 күміс, 29 қола медальды жеңіп алған. 2021 жылдың 4-6 қазан күндері спорттың 7 түрінен Нұр-Сұлтан қаласында өткен ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінде облысымыздың спортшылары аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату спорт түрлерінен І орынды, ал тоғызқұмалақ спортынан ІІ орынды иеленіп, жалпыкомандалық І орынды иемденді. Сондай-ақ 10-20 қазан аралығында Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында өткен «Ақ бидай»  VІІ республикалық ауыл спорты ойындарында да Түркістан облысының құрама командасы жалпыкомандалық   І орынды жеңіп алды. 

Қазіргі таңда Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған қазақ күресінен халықаралық жарысы мен Түркітілдес елдер арасында қазақ күресінен «Тұран Барысы» халықаралық жарысын қараша айында Түркістан қаласында өткізу бойынша дайындық жұмыстары жүруде.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «AulaFit» жобасы республика көлемінде жүргізілуде. Бұл жоба облыстың Кентау қаласының 4 аумағында орналасқан спорттық алаңшаларда кәсіби жаттықтырушылармен ақысыз негізде спортпен шұғылдануға және спорттық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беріп отыр. Дәл осындай жұмыстар Жетісай ауданы мен Түркістан қаласында жалғасын тауып, бүгінде жаңадан қабылданған 52 спорт-нұсқаушы спорттың 8 түрі бойынша аула клубтарында 2500-ге жуық тұрғындармен жұмыс істеуде.

Мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде 2021 жылға облыс бюджетінен 93 млн 96 мың теңге қаралып, 19 спорт түрінен 75 секциядағы 310 топта 1 322 баланы спортқа тарту жоспарланған болатын. 2021 жылдың 9 айында 82 секция ашылып, 3 823 бала спортқа тартылды. Жыл соңына дейін 4000-нан астам баланы спортқа тарту жоспарланып отыр.

Облыста 4567 спорт нысандары, атап айтқанда 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 40 спорт кешені, 93 спорт манежі, 1 шаңғы базасы, 135 ату тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 23 жүзу бассейні, 958 спорт зал, 3229 жазықтықты құрылғылар, 46 жапсарлас спорт залдар тіркелген. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда облыс бойынша спорт ғимараттарының саны 38 бірлікке артты. Бұл жерде жеке кәсіпкерлер есебінен 2 спорт манежі мен 10 ойын алаңдары және жаңадан құрылысы аяқталған білім мектептері есебінен 22 спорт залы, сондай-ақ мектептерге салынған жапсарлас 4 спорт зал есебінен қосылды.

Бүгінгі таңда, облыста 71 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары тіркеліп, онда 51 976 спортшы мен 1587 жаттықтырушы бекітілген жоспарға орай жұмыс істеуде. Жыл басынан бергі 10 ай ішінде облыс спортшылары спорттың 58 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 352 алтын, 207 күміс, 252 қола медальға қол жеткізсе, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында 47 алтын, 19 күміс және 12 қола медальға қол жеткізді. Осы уақыт аралығында сондай-ақ Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 26 алтын, 8 күміс және   14 қола медальға ие болды. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама сапына еніп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген 124 спортшыға ай сайынғы стипендия төленуде.

2021 жылдың 23 шілде 8 тамыз аралығында Жапония астанасы Токио қаласында 32-ші жазғы Олимпиада ойындары өткені белгілі. Бұл додада әлемнің 200 мемлекетінен келген 11,0 мыңға жуық спортшылар спорттың 33 түрінен бақ сынап, 339 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Төртжылдықтың басты бәсекесіне еліміздің ұлттық құрамасы спорттың 27 түрі бойынша 96 спортшыға сенім артты. Осы айтулы жарысқа Түркістан облысының тарихында тұңғыш рет 4 спортшымыз бақ сынады. Олар: Владислав Яковлев  – академиялық есу, Дидар Хамза – дзюдодан 81 кг салмақ дәрежесінде, Наталья  Сергеева – байдарка және каноэ есуден 200 және 500 метр қашықтыққа және Сәкен Бибосынов – бокстан 52 кг салмақ дәрежесінде. Жазғы Олимпиада ойындары қорытындысы бойынша былғары қолғап шебері Сәкен  Бибосынов қола жүлдегер атанды.

Футболдан Қазақстан Республикасы Оlimpbet Примьер лигасында бақ сынап жатқан облыстық «Тұран» футбол командасы ойнап келеді. «Тұран» футбол клубы биылғы қойылған мақсат – Қазақстан Республикасының Чемпионатындағы орнын сақтап, келесі жылы да облысымыздың намысын қорғауды жалғастыратын болады. Футболдан биыл облысымыздың екі командасы – Мақтаарал және Қыран футбол клубтары бірінші лигада өнер көрсетуде. Турнирлік кестеге сәйкес, 21 тур ойындары өткізілді. Қазіргі таңда бірінші лига командалары арасында турнирлік кестеде «Мактаарал» клубы 46 ұпаймен 2 орында, ал «Қыран» клубы 42 ұпаймен 3 орында келеді. Бірінші лига 22 турдан тұрады. Турнир соңына дейінгі кездесулерде максималды ұпай еншілеп, Премьер лигаға шығуды және ҚР Ұлттық құрамасына тәжірибелі футболшылар дайындау мақсаты қойылған. Сонымен қатар, биыл жаңадан ашылған Түркістан қаласының Яссы футбол командасы ІІ лигадан І лигаға қатысуға жолдама алды. Әйелдер командалары арасындағы чемпионаттың қорытындысы бойынша облысымыздың намысын қорғап жүрген «Тұран-Томирис»         ІІ орынды иемденіп, 2022-2023 жылдардағы әйелдер арасындағы Еуропа чемпиондар Лигасына қатысады. 

Биыл облыста  Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, 3 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 24 – Қазақстан Республикасының спорт шебері, 124 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды, – деп атап өтті басқарма басшысы Қанат Жарылқапұлы. 

Спорт тақырыбындағы жаңалықтар легін жалғастырар болсақ, жуырда жаңадан ашылған Сауран ауданында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. «Сәлем саған, Түркістан!» атты фестиваль аясында өткен жарысқа Сауран, Отырар аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларының спортшылары қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, жұртшылықты құттықтады. Ол өңірде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жақанына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Тарихи Сауран қалашығы маңында өткен фестивальде көкпар, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату және ләңгі тебуден жүлделер сарапқа салынды. Сонымен бірге құсбегілер мен тазы баптаушылар да жұртшылыққа көне дәстүрден сыр шертті. Қыраны қалықтап, тазысы оқтай зулаған түркістандықтар өңірде төл мәдениетімізді жалғастырушылар бар екенін аңғартты. Жоғары деңгейде өткен бұл мәдениет және өнер фестиваліне Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Сауран және  Отырар аудандарының әкімдіктері ат салысты.

Жарыс жолына шыққан Сауран, Отырар аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларының талантты спортшылары көрерменнің делебесін қоздырып, ұлттық спорт түрлері бойынша шеберліктерін көрсетті. Көкпаршылар мықтылығын паш етсе, мергендер жамбыны дәл көздеп, жұртшылықты таңғалдырды. 

Бүгінде Түркістан облысында туризм саласы қанатын кеңге жайып келеді. Бұл ретте шетелдік және отандық саяхатшыларға тарихи ескерткіштер мен табиғатты көрсетумен қатар ұлттық болмысымызды, мәдениетімізді дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастырылып тұруы тиіс. Осы мақсатты көздеген Сауран төріндегі ұлттық спорт сайысы өңірдің туризмдегі және спорттағы зор әлеуетін байқатты.

Арыс қаласында да спортқа ерекше көңіл бөлініп, оның дамуына жағдай жасалуда. Бұның бір көрінісі ретінде Арыс қаласы балаларға арналған спорт және балалар ойын алаңшаларымен толыққанын айтуға болады. Көктемде қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың жеке қабылдауында болған Арыс қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Серік Жаппарқұл Әйтеке би көшесіндегі балаларға арналған ойын алаңшасы қайта жаңартылып берілсе деп тілек білдірген. Қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес осы мәселеге қатысты өзге де өтініштерді назарға алды. Тиісті бөлімдерге тапсырма беріліп, ойын алаңшалары бойынша жоспар жасалды. 

Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығы және Арыс қаласының 65 жылдығы қарсаңында тұрғындардың өтініші бойынша қаладағы бірнеше ойын алаңшалары жаңартылып, жаңа кейіпке енді. Заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшалары бой көтерді. Ескі алаңшалар мен спорттық жаттығу құрал-жабдықтары ауыстырылып, жаңалары орнатылды. Қазіргі таңда Арыс қаласы мен Ақдала, Дермене, Қызыл көпір, Байырқұм, Жиделі, Қожатоғай және Монтайтас елді мекендерінде орналасқан 15 балалар спорт алаңшасы жөндеуден өткізіліп жатыр. Тұрғындардың сұранысына қарай бұл сан арта түсуі мүмкін. Сонымен қатар қала және елді мекендерде 16 балалар ойын алаңшасы, 16 көшедегі жаттығу алаңшасы және футбол ойнауға арналған 12 шағын алаңдардың құрылысы қолға алынған. 

Бұндай игі іс-шаралар облыс аумағындағы барлық аудан-қалаларда іске асырылуда. Нәтижесінде төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекелерде көк туымыз ең биікте самғап, ел абыройын асқақтатуда. Кеше ғана бокстан Сербия мемлекетінің астанасы – Белградта өткен әлемдік додада жерлесіміз Сәкен Бибосыновтың суырылып алға шығып, әлем чемпионы атанғаны осы сөзімізге дәлел бола алады. Қуаныштысы, Бекзатқа, Сәкенге және басқа да алтын жұдырықты ағаларына еліктеген, солардың жеңісін қайталауға құмартып өсіп келе жатқан жастар қаншама?

 Ең бастысы, олардың жаттығу жасауына мемлекет тарапынан айрықша қолдау жасалуда. Бұйыртса, облысымыздан әлемді мойындатқан мықты спортшаылар әлі де көптеп шығарына сенімдіміз.

 

Ш.Мекенбайұлы
11.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 94
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 104
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 199
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 199
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 336
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 339
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 566
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 513

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9215
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8611
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11837
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9607
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10819