Бір жарым ғасырлық тарихы бар киелі Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері күн санап шырайы кіріп келеді. Түркілердің астанасы аталған қасиетті шаһарға ат басын бұрып, тарихи жерлерін тамашалаушылар жан-жақтан ағылып келеді.
Осы орайда, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Сарысу аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының» ұйымдастыруымен әлеуметтік-мәдени бағыттағы жұмыс жоспарына сәйкес қызмет алушы балалалар мен ата-аналары қасиетті, киелі мекен – Түркістан қаласына экскурсияға барды.
Саяхат барысында экскурсияға қатысушылар алдымен балалар мен ата-аналары Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, содан соң қаланың көрікті жерлерін аралап, Қазақстан эстрада әншісі Зарина Омарованың концертін тамашалады. Сондай - ақ, «Дала Венециясы» ретінде танылып кеткен су арнасының бойымен алып кеме тұрған айдынға барып, «Қыз Жібек» қойылым шоуын көріп, естелікке суреттерге түсті.
Тарихы тағылымды Түркістанға сапар балалар мен ата-аналарына өте көтеріңкі көңіл күй және есте қалатын әсер сыйлады.
Баланы қуанту-әлемге шуақ шашумен тең дегендей игілікті іске мұрындық болып, демеушілік танытқан ауданымыздың жеке кәсіпкері Блалиев Тоқтасын Амантайұлына балалар шексіз алғысын білдірді.