Алматы тау кластерін дамытудың негізгі бағыттарының бірі балаларды, мектеп оқушыларын және шаңғы тебуді жаңадан бастаушыларды қоса алғанда, халықтың тау спорты түрлерімен жаппай айналысуына жағдай жасау болып табылады. Кластерді кешенді дамыту шеңберінде тек кәсіби спортшыларға ғана емес, келушілердің кең ауқымына арналған заманауи тау шаңғысы инфрақұрылымын құруды көздейтін Almaty SuperSki жобасы іске асырылуда.
Жаңа курорт аумағында тәулігіне 10 мыңнан астам шаңғышыны қабылдай алатын шамамен 60 шақырым тау шаңғысы трассасын салу жоспарлануда. Бұл ретте трассалардың шамамен 70%-ы балалар мен шаңғы тебуді жаңадан бастаушыларға арналған болады. Мұндай тәсіл тау шаңғысымен алғаш рет айналысуға, отбасылық сырғанауға және бұқаралық тау шаңғысы спортын одан әрі дамытуға қажетті инфрақұрылымдық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мектеп оқушыларын тартуға ерекше назар аударылуда. Алматы қаласының әкімдігі Kazakh Tourism Development компаниясымен бірлесіп болашақ курорт аумағында дене шынықтыру сабақтарын өткізу мүмкіндігін пысықтауда. Осылайша, болашақта тау шаңғысы спорты мектеп бағдарламасы аясында онымен тұрақты айналысу мүмкіндігі болмаған балалар үшін қолжетімді бола түсуі мүмкін.
Осындай тәжірибе бірқатар Еуропа елдерінде қолданылады. Австрияда жыл сайын 80 мыңнан астам бала мектеп бағдарламасы шеңберінде шаңғы тебумен айналысады, ал Швейцарияда мұндай мүмкіндік 128 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Франция мен Италияда мектеп оқушыларының тау шаңғысы курорттарына сапарларын қолдау бағдарламалары іске асырылады. Бұл тәжірибе Almaty SuperSki жобасының әлеуметтік құрамдас бөлігін қалыптастыру кезінде бағдарлардың бірі ретінде қарастырылуда.
Қолжетімділіктің маңызды элементтерінің бірі таулы аймақтағы көлік инфрақұрылымы болады. Жоба 11 аспалы жол салуды көздейді. Ұсынылған жоспарларға сәйкес балалар, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі адамдар аспалы жолдарды тегін пайдалана алады. Медеу төменгі станциясынан 3 400 метр биіктіктегі Күмбел шыңына дейін, оның ішінде кішкентай балалары бар ата-аналар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін көтерілу мүмкіндігін қамтамасыз ету жоспарлануда.
Алматы тау кластерін дамыту шаңғы мектептерінің жұмысына, нұсқаушыларды даярлауға, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуге, отбасылық және бейімделген спортты дамытуға жағдай жасауды да көздейді. Таулы аумақтардың көліктік қолжетімділігін арттыру үшін қоғамдық көлікті дамыту, ұстап қалушы автотұрақтар, тегін электр шаттлдар және кластер нысандары арасында қатынаудың бірыңғай жүйесін енгізу жоспарлануда.
Осылайша, Алматы тау кластерін дамыту тұрғындардың заманауи тау инфрақұрылымына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Балалар мен оқу трассаларына ерекше басымдық берілуі, мектеп сабақтарын өткізу мүмкіндігі және аспалы жолдарды пайдаланудың әлеуметтік шарттары тау шаңғысы спортының балалар мен отбасылар үшін қолжетімді болуына алғышарттар қалыптастырады.















