Есірткі бизнесі, есірткіге қатысты қылмыстар елімізде ғана емес, әлем бойынша күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі мәселе. Сол себепті де онымен күрес, алдын алу шаралары жыл – он екі ай тоқтаусыз жүргізіледі. Түркістан облысында есірткіге қарсы қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны жөнінде облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сұрау салған едік. Осы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар жайын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
1,5 ТОННА ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ
«2022 жылдың 9 айында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен 373 есірткі құқықбұзушылығы анықталды. Оның ішінде 165 қылмыс, 208 теріс қылық. Атап айтқанда, есірткі сатудың – 19, аса ірі көлемде есірткіні сақтаудың – 19, есірткі контрабандасының – 55, есірткіні жарнамалау мен насихаттаудың – 3, құрамында есірткі заты бар өсімдікті егудің 69 дерегі анықталды. Заңсыз айналымынан жалпы 399 келі 447 гр есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде марихуана – 53 келіден астам, героин – 4,5 грамм, гашиш – 4,5 келіден астам және синтетикалық есірткі – 415 грамнан астам. Сонымен қатар құрамында есірткі заты бар 200 849 түп өсімдік тәркіленді. Заңсыз айналымнан 1,5 тоннаға жуық түрлі есірткілер тәркіленіп алынды.
Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күні аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық әкімдік, Жастар орталығымен бірлесіп «Есірткісіз болашақ» атты кең көлемді іс-шара өткізді. Нәтижесінде нашақорлықтың алдын алу тақырыбында түрлі акциялар ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары 1 айға жоспарланған акция кезінде жастарды қатыстыра отырып, спорттық марафон ұйымдастырды. Таңертеңгілік жаттығу, велосипедшілер шеруі мен спорттық үйірме қатысушылары, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің өнер көрсетуі мен флешмоб өткізді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тұрғындар арасында көпшілік баратын орындарда, саябақтар мен көшелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Керуен-сарай кешенінде профилактикалық акция өткізіліп, «Өмір қайығымен есірткісіз болашаққа» көрнекіліктерімен қайықтарға мініп, жұртшылықпен бөлісті. 30 күн бойы өткізілген іс-шара соңында, яғни 26 маусым күні Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан қаласындағы Амфитеатр ғимаратында мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Оған Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Г.Құрман, облыстық әкімдіктің ведомстволық бағынысты басқармаларының, спорт секцияларының және жастар орталығының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында «Есірткісіз болашақ» акциясы аясында өткізілген түрлі конкурстар мен сайыстарға қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар, заманауи гаджеттер, доптар, футболкалар және бейсболкалармен марапатталды. Сондай-ақ, жасөспірімдер шығыс жекпе-жегі бойынша әдіс-тәсілдерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Жиын облыстық эстрада әртістерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Іс-шараға 200-ге жуық көрермен қатысып, көптеген жағымды эмоциялар мен ерекше әсер алды. Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты–нашақорлықтың және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сондай-ақ жастарды есірткіні пайдаланудан сақтандырып, әрбір тұрғынға есірткі құралдарын пайдаланудың зияны туралы жеткізілді. Тәртіп сақшылары Азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіні қолданудан бас тартуға шақырады.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов барлық қала, аудан полицейлеріне «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуді тапсырды. Осы бағытта іске кіріскен жеке құрам түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын атқаруда. Мәселен, Келес АПБ тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарымен сұхбаттасуды ұйымдастырып, профилактикалық іс-шара өткізді. Кезекті ер адаммен тілдесу барысында оның өзін ұстай алмай, бір жерде тұра алмағанына күмәнданып, оның жеке басын анықтады. Осылайша тұрғынның қалтасынан құрамында есірткісі бар «Трамадол» дәрілері тәркіленді. Аталған дерек Келес АПБ-ға тіркеуге алынды. Полиция тарапынан жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жолданды.
Түркістан облысының полицейлері интернет әлеміндегі есірткі саудасына тосқауыл қою, есірткі қылмысының алдын алу мақсатында да қарқынды жұмыс жүргізуде. Айталық, жыл басынан бері ПД-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлерімен осындай заңсыз әрекетпен айналысатын 214 есірткі сайттары анықталып, оларды бұғаттау бойынша шешім қабылдау үшін құзыретті мемлекеттік органға жолданған.
Аталған басқарма қызметкерлері Түркістан қаласындағы «Түркістан жоғары медициналық колледжінде» жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Есірткісіз болашақ» акциясын өткізді. Оған 150-ден аса оқушы мен студент қатысты. Тәртіп сақшылары кездесу барысында есірткі заттарының адам өмірін қалай талқандайтынын, сондай-ақ оның соңы қылмыспен аяқталатынын түсіндірді. Мысал ретінде нашақорлыққа байланысты бірнеше бейнероликтер көрсетіліп, оқушыларды қызықтырған сауалдарына жауап берілді. Студенттер аталған іс-шарада ой-пікірлерін жеткізіп, белсенділік танытты.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түскен. Анықталғандай, шетелдік азаматтардың бірін бекеттен өткізу кезінде «Клементина» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан. Шекарашылар туған жеріне бет алған Өзбекстан азаматын ұстап, жедел-тергеу тобын шақырады. Жедел уәкілдер күдіктіні тінту кезінде шалбарының оң жақ қалтасынан құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар полиэтилен түйіншегін тауып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі заты «гашиш» болып шықты. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркелді. Ер адам қамауға алынды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«ҚАРАСОРА – 2022»: ДЕПАРТАМЕНТ АШҚАН ҚЫЛМЫСТАР
«Қарасора – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл «Қарасора – 2022» мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағы және Түркістан облысы ПД полицейлері бірлесіп, кезекті есірткі егістігін анықтады. Яғни жедел уәкілдер Отырар ауданы Босаға ауылы маңындағы алаңда әуежолы арқылы ұшу кезінде егілген сора есірткісіне ұқсас өсімдіктер табылды.
Полицейлер тінту кезінде 850 түп өсіп тұрған, 20 түп шабылған өсімдік және 5 дана пластмасс ыдыстағы марихуанаға ұқсас есірткі затын тәркіледі. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Ол зерттеу қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 15 келіден асатын «кептірілген марихуана» болып шықты.
Сондай-ақ, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Қызылорда облысының екі тұрғынын анықтады, олардың біреуі бұрын сотты болған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу сезіктілердің есірткі заттарын қандай мақсатта өсіргенін және сақтағанын анықтайды.
«Қарасора – 2021», «Рефлекс – 2021» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында Түркістан облысының полицейлері есірткіні заңсыз сақтау, сату қылмысына күдікті ретінде Келес ауданының тұрғынын қолға түсірді. Жедел ақпарат арқылы ұсталған егде жастағы ер адамның үйін тінту кезінде оның ауласындағы қорасынан пакетке салынған есірткі затына ұқсас өсімдік табылды. Тәркілеп алынған затқа сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес заттың салмағы 1,5 келіден асатын «көкнар» болып шықты. Аталған жайт ҚК 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары күдікті зейнеткердің аталған есірткі затын не үшін сақтағандығын анықтау үстінде.
«Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД-нің полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау, жолын кесу, оларды өткізу мен сақтауға қатысы бар күдіктілерді ұстау бойынша жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Мысалы, Сарыағаш ауданындағы жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде полиция қызметкерлері есірткі сатушыны қылмыс үстінде ұстады. Күдіктіні тінту кезінде жедел уәкілдер Сарыағаш қаласының тұрғынынан марихуана салынған түйіншекті тауып алып, тәркіледі. Полиция тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданында тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардың бірінің есірткіні заңсыз сақтағанын анықтады. Яғни Бәйдібек АПБ-нің полицейлері рейдтік шараларды атқару барысында күдіктіні ұстады, оның ауласындағы сарайын тінту кезінде есірткі заты бар сіріңке қорапшасын тапты. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген өсімдік тектес есірткі затының жалпы салмағы 5,5 грамнан асатын «кептірілген марихуана» болып шықты. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы істің барлық мән-жайын, сондай-ақ күдікті үйде есірткіні қандай мақсатта сақтағанын анықтайды.
НАШАҚОРЛЫҚТЫ БҰҒАТТАУДАҒЫ БІРЛЕСКЕН ІС-ҚИМЫЛ
Сарыағаш АПБ кезекшілігіне жергілікті тұрғын өз үйінде қарасора өсірумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аудандық полиция қызметкерлері бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған Сарыағаш ауданының тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Оның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде жедел уәкілдер ауласынан құрамында есірткісі бар өсімдіктің бірқатарын тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген өсімдіктің жалпы салмағы 40 келі «қарасора» болып шықты. Ер-азамат оны өзі тұтыну үшін өсіргенін мойындады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын және басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтап жатыр.
Түркістан қаласында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алуға бағытталған семинар-тренинг өткізді. Оған ҚР Ішкі істер министрлігінен басшылар, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мамандары мен жастар қатысты. Аталған іс-шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грантының «Жастар арасында синтетикалық есірткінің таралуының алдын алу» жобасын іске асыру бойынша ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – жастар арасында нашақорлықтың, синтетикалық есірткінің таралуы мен қолданылуының алдын алу. Жобаны іске асыру 2022 жылғы сәуірде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Түркістан облыстарында басталды. Тренингте ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов, Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері, «Серғали-Түркістан» аймақтық-қоғамдық бірлестігі, ҚР ДСМ психикалық денсаулық республикалық ғылыми-практикалық орталығы «ШЖҚ РМК», денсаулық сақтау ұйымдарын біріктіретін өңірлік профилактикалық бағдарламаларды іске асыру «CADCA» жобасына қатысушы өкілдер болды. Оған қоса мемлекеттік басқару, үкіметтік емес сектор, жұртшылық және Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері атсалысты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Синтетикалық есірткіні тұтынудың артуы ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Соңғы үш жылда айналымнан алынатын «синтетика» көлемі 10 есе өсті. Синтетикалық есірткі жыл сайын арзан әрі қолжетімді болуда. Олар әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы еш кедергісіз сатылады және тіпті үйге жеткізіледі. Осы аса қауіпті дерттің ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуға тиіс»,– деп атап өткен болатын. Осының аясында тренингке қатысушылар алдында сөз сөйлеген полиция полковнигі Б.Әмірханов ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасымен жүргізіп жатқан шараларға тоқталып, атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ есірткі құралдарын, оның ішінде «синтетикалық есірткіні» қолданудың жастарға зиянды әсерінің маңыздылығын атап өтті.
Жиынға қатысушы жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының, сондай-ақ нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алуға бағытталған қызметті үйлестіру бойынша өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Мамандар жастардың санасында «денсаулық – адам үшін маңызды құндылық» деген түсінікті нығайту және салауатты өмір салтын ұстануға деген тұрақты көзқарасты қалыптастыру қажеттігін атап өтті».
Әрине, Түркістан облыстық Полиция департаменті тарапынан есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Тәртіп сақшыларының қырағылығының арқасында қаншама қылмыстың жолы кесіліп, алды алынды. Есірткіге қатысты қылмыстың қауіптілігі – оған жасөспірімдердің қызығушылығы басым екендігінде. Қазір, тіпті, дәріханада сатылатын, құрамында есірткі заттары бар дәрілерге елітушілер жиілеп барады. Сол себепті тәртіп сақшылары жұмыс қарқынын қазіргіден де арттырмаса, сан соғуға себеп болатын келеңсіздіктер көбеймесе, азаймасы анық.