Түркияда науқан басталды

Түркияда науқан басталды

Бауырлас Түркия елінде алдағы 31 наурыз күні қала әкімдерін сайлау науқаны өтейін деп жатыр. Президенттік сайлаулар мен партиялар арасындағы бәсекелерде қала халқының дауыс беруі мен белсенділігі айрықша екендігін ескерсек, бұл ендігі жерде болатын аса ауқымды сайлаулардың баспалдағы деуге толық негіз бар. Сондықтан ел Президенті бұл науқанға ерекше назар аударып отыр. 

Түркия Президенті, елдегі бастаушы партия саналатын АК партия төрағасы Режеп Тайып Ердоған жақында Трабзон қаласына барып, сайлау дайындықтарына орай ұйымдастырылған Орду митингісінде сөз сөйледі.

«Трабзонға махаббат» атты өлеңмен сөз бастаған Ердоған мырза: «Иә, бұл жүрек кімде бар? Бізде бұл жүрек, бізде бар. Трабзонды танып-білмеу, оны сүймеу мүмкін бе? Бұл қала тарихтан бері әділдік пен шындықтың үні мен тынысы болды. Бұл қала маңдайы тершіп көрмеген шаһзадалардан әлемдік деңгейдегі көшбасшыларды шығарған қала. Осында жасайтын сертіне берік, жолдасын жауға бермейтін, досын жерге қаратпайтын трабзондықтарды жанымдай жақсы көремін», – деді тебіреніп тұрып. 

Президент Ердоған сөз арасында: «Біз ғарышқа екінші ғарышкерімізді жіберуді жоспарлап отырмыз», – деді. Бұдан ары 2023 жылы мамыр айында өткен Президент және парламенттік сайлауда Трабзон халқының көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірген Ердоған: «Екі сайлауда да шамамен 65 пайыз дауыспен жанымызда болып, «Түркия ғасыры» үшін тарихи қолдау көрсеттіңіздер. Қара теңіздің локомотиві саналатын Трабзон қаласы сіздердің атамекендеріңіз. Ол менің саяси өмірімде әрқашан бірге болды. Осы жерден алған күш-қуатыммен ұлтымыз үшін аянбай тер төгіп, талай істерді атқардым», – деген Президент ары қарай өзінің саяси қадамдарына бір тоқталып өтті. 

«Қара теңізден шабыт алған жүрегіміз бен Алла жарылқап, еліміздің ең үлкен қаласы Ыстамбұлдың әкімі болдық. Алла жарылқап, партия құрып, билікке келдік. Премьер-министр, Президент болдық. Үкіметіміз елге қызмет етті. Алла Тағала жарылқап, істеген жұмысымыз және көрсеткен ұстанымымызбен дүниежүзіндегі жәбірленушілердің үміті, құрбандардың қорғаушысы болдық. Осы процесте біз әрқашан табандылығымызды сақтадық. Тіпті керек кезде ашу-ызаға да бой алдырдық. Біреулер пессимизмге сүйреп кетсе де, біз әрқашан үміт жағында болдық. Кейбіреулер басын иіп тұрса да, тік ұстанымымыздан тайынбадық. Армандарды шындыққа, бағдарламаларды іс-әрекетке айналдыру жолында еңбек еттік. Бұл жолда қиыншылықтар да аз болған жоқ. Қамқоршы болып «ойнағысы» келгендер де кездесті. Террорлық ұйымдардың шабуылы, төңкеріс жасауға ұмтылғандар, саяси және әлеуметтік хаос пен экономикалық тұзақ құру әрекеттерімен күресіп жүргенде жүрегіміз қан жылады. Бірақ біз ондай жағдайларға ешқашан мойынсұнбадық», – деді ол. 

Трабзонға көрсеткен қызметтеріне арнайы тоқтала кеткен Ердоған біраз мәліметтерді ортаға салды. «Соңғы 21 жылда Трабзонға қазіргі сандармен есептегенде 191 миллиард лиралық мемлекеттік инвестиция салынды. Білім саласында 3084 жаңа сынып салдық. Трабзон университетін аштық. Жастар және Спорт бойынша біз 9610 орындық жоғары оқу орындарының жатақханаларын салдық. Сыйымдылығы 41 мың көрерменге арналған стадионмен бірге 96 спорт нысанын аштық», – деген Президент сонымен қоса Трабзондағы мұқтаж жандарға барлығы 5 миллиард лира әлеуметтік көмек аударғандарын еске алды.

Қалаға 58 денсаулық сақтау нысанын, соның ішінде 1543 төсектік 19 аурухана әкелгендерін айтқан Ердоған, құрылысы жүріп жатқан 900 төсектік Трабзон қалалық ауруханасы бар 6 денсаулық сақтау нысанын ең қысқа мерзімде аяқтайтындарын атап өтті.

Қазірге дейін 8102 үйді аяқтап, заңды иелеріне тапсырғандарын және 2012 үйдің құрылысын жалғастырғандарын айтқан Ердоған Трабзондағы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. 

Ердоған: «Қара теңіздің бас қаласының тұрғындары АК партияны құрған алғашқы күннен бастап әрқашан өз таңдауын жасағанындай алдағы 31 наурызда да сайлау жәшігі алдына келіп, ақ алмастай жарқылдап, елін және қалаларын қорғайтынын көрсетеді деп үміттенемін. Біз бұл науқанды Самсуннан, Ордудан, Гиресуннан және бүгінде Трабзоннан бастадық... Сіздерден алған күш-қуатпен бүкіл Қара теңіз аймағын, Түркияның 81 облысын аралап шығу мақсатымен сапарымызды жалғастырудамыз», – деп сөзін аяқтады. 

Президент Ердоғанның сөзінен кейін АК партияның Трабзон қалалық әкімдігіне үміткерлерді бір-бірден сахнаға шақырып, тұрғындарға таныстырды. Митинг алаңында АК партия үкіметі кезінде Трабзонға соңғы жылдары жасалған инвестицияны көрсететін баннерлер ілінді. Митингке Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бак, Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу, АК партия төрағасының орынбасары Өмер Илери мен Мұстафа Шен және Президенттік коммуникациялар директоры Фахреттин Алтун да қатысты.

PS: 2023 жылы мамырда өткен Президенттік сайлау кезінде өз орнын сақтап қалған Режеп Тайып Ердоғанның елде болатын кез келген саяси науқандарға бей-жай қарауына болмайтын секілді. Олай дейтініміз «Ердоған дара билеушіге айналды» деп сынайтын қарсыластары, Ата Түріктің салған жолынан ауытқып бара жатқан діншіл басшыларының саясатын сынаудан жалыққан емес. Естеріңізде болса, осының алдында өткен сайлауда Стамбул қаласының әкімін сайлау науқанының екі рет өткені көп жағдайды аңғартса керек. Алдағы сайлау науқанының маңыздылығы да осында жатыр. Сондықтан билік басындағы АК партия мен ел Президенті бұл науқанға білек сыбана кірісіп кеткендей...

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
22.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 108
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 105
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 98
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 87
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 984
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1023
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 999

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5988
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5431
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8615
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6422
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7630