Елдің бірқатар өңірлерінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жол-көлік оқиғалары жиілеп, зардап шеккендер тіркелді. Түркияның солтүстік-батысында және елдің орталық бөлігінде төрт күн бойы толассыз жауған қардан коммуналдық қызметтер жолды тазалауға үлгермей жатыр. Тас жолдар мен қар үйінділерінде қалып қойған адамдар әлі де бар. Бірден елдің үш провинциясында – Ыстанбұл, Токат және Амасияда қалааралық автобустар апатқа ұшырады. Кейбір мәліметтер бойынша, 4 адам қаза тауып, 48 адам жарақат алған. Текирдагтан Анталияға бағыт алған жолаушылар автобусында 25 адам болған. Қалың жауған қардан жол көрінбей, көктайғаққа айналған. Салдарынан көлік жүргізушісі рульге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Оқиға салдарынан 18 адам зардап шегіп, жүргізуші мен 2 жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Эрзурумға бет алған қалааралық автобус Чалкара ауылы маңында қалың көктайғақ салдарынан аударылып қалды. Алғашқы мәліметтер бойынша 1 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алған. Қазіргі уақытта барлық өңірлік қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары, өрт сөндірушілер және полиция қызметкерлері келіп жатыр. Құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, адамдарды жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізуде. ҚР-дың Түркиядағы елшілігінің мәліметінше, апат салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.