Берекесі қашқан украиналықтар жан-жаққа босып кетті. 3 жарым миллионнан астам адам өзге елге бас сауғалап, 10 миллионы басқа жерге қоныс аударған. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары осындай ақпарат таратты. Шетел асқан украиналықтардың көбі көршілес Польша, Румыния, Словакия, Венгрия мен Молдова мемлекеттерінен пана тапқан. Түрік еліне де табан тіреген босқындар баршылық. Таяу шығыстағы босқындарды қабылдау бойынша көш бастаған түрік еліне бір айда 60 мыңға жуық украиналықтар келген. Бұл әрине, көршілес елдермен салыстырғанда азырақ. Өйткені Еуропадағы секілді Түркияда Украина халқын қолдауға бағытталған арнайы бағдарлама жоқ. Дегенмен Анадолы жері Украинадағы жағдай салдарынан бас сауғалап келгендер үшін ашық. Сулейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі: «Украинада соғыс басталғалы Түркияға 58 мың Украина азаматы келді. Оның 30 мыңға жуығы құрлық жолымен, яғни, Эдирне мен Кыркларели қақпасынан кірді. Олардың мыңнан астамы месхет түріктері мен Қырым татарлары», – деп мәлімдеді.