6 ақпан күні Кахраманмарашта болған, 10 аймақ зардап шеккен жер сілкінісіне байланысты Түркияға көптеген ел көмектесуде.
Ресей президенті Владимир Путин Түркиядағы жер сілкінісінен кейін іздеу-құтқару жұмыстарымен айналысатын ресейлік топтардың санын көбейтуді тапсырды. Кеше Ресейден Түркияға аттанған 50 адамдық бригада мен тағы 11 дәрігерден кейін Түркияға жіберілген ресейлік мамандар саны 150-ден асты.
Грузия да Түркияға 40 адамнан тұратын іздеу-құтқару тобын жіберді. Топтың Адьяманда жұмыс істейтін 60 адамнан тұратын бірінші топпен бірге іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастыратыны айтылды.
Түркияға іздеу-құтқару тобын жіберген Әзербайжан жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтар үшін ел ауруханаларында 2 мың төсек бөлгенін жариялады.
Құрылған әуе жәрдем дәлізі аясында Түркияға жедел жәрдем жүктері тиелген алғашқы ұшағын жіберген Ирак үкіметі Түркия мен Сирияға күн сайын екі көмек ұшағы жіберілетінін жариялады.
Бұрын жер сілкінісі апаттары бойынша жұмыс істеп маманданған персоналын Түркияға жіберген Германия аймаққа шатырлар, ұйқы қаптары, көрпе, лагерь төсектері, жылытқыштар мен генераторлардан тұратын 80 тонна материал мен құрал-жабдықтың жеткізілетінін мәлімдеді.
Орталық Америка елі Сальвадор Түркияға 100-ден астам іздестіру-құтқару қызметкері мен құтқару иттерін жіберсе, Солтүстік Кипр Түрік Республикасынан (СКТР) іздеу-құтқару жұмыстарында пайдалану үшін 100 ауыр жүк көлігі жолға шықты.
Түркияға екі бөлек іздеу-құтқару тобын жіберген Грекия 5 ұшақпен гуманитарлық көмек жіберуге шешім қабылдады.
Жапония премьер-министрі Кисида Фумио Түркияға құтқару топтарын жібергендерін еске салып, халықтың қажеттіліктеріне қарай қажетті көмекті арттыратындарын айтты.
Оңтүстік Африка үкіметтік емес ұйымдарының «Hope SA» қоры мен «Gift of Givers» ұйымының ерікті медициналық топтары да Кахраманмараштағы жер сілкінісінен зардап шеккендер үшін Түркияға жол тартты.
Ливия да жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарға қолдау көрсету үшін Түркияға гуманитарлық көмек материалдары жіберілгенін хабарлады.