Түркі халықтары арасынан шыққан ғарышкерлер саусақпен санарлықтай. Сондықтан бұл салада болып жатқан әрбір жаңалықты жұрт жылы қабылдайды. 19 қаңтар Түркия ғарыш саласы үшін тарихи дата ретінде тарих парағына енді. Түркияның тұңғыш ғарышкері Алпер Гезеравжы АҚШ-тағы Кеннеди Халықаралық ғарыш орталығынан «SpaceX» компаниясының Аждаһар атты әлем кемесімен көкке көтерілді. Бұл айтулы оқиға қарсаңында Президент Режеп Тайып Ердоған халыққа үндеу жолдады.
«Бәріміз бірге тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Ортақ мақтанышымыздың бірін бастан өткізудеміз. Республикамыздың екінші ғасыры мен «Түрік ғасырына» алғаш рет адам басқаратын ғарыш командасымен қадам бастық. Ғылым тарихына бірегей үлес қосқан өркениеттің мұрагерлері ретінде біз тарихтағы миссиямызды қайта орындауға өте құнды жаңа бастама жасап отырмыз. Көзінде ұшқыны бар, көкжиекке қарайтын жастарымызға, арманы әлемге сыймайтын балаларымызға шабыт болсын деп, ғарышқа тұңғыш рет азаматымызды аттандырып отырмыз», – деді.
Алпердің ғарыштағы алғашқы сөзі де жұрт назарын аударып жатыр. «Түркияның алғашқы адам басқаратын ғарыштық миссиясымен ғарышқа қадам басқанда, мен осы сәтті Ұлы Көшбасшымыз Мұстафа Кемал Ататүріктің «Түркияның болашағы аспанда» деген кемеңгер сөздерімен бастағым келеді», – деді ол.
Ғарыш сапары үшін «тұңғыш түрік астронавты» атанған Алпер Халықаралық ғарыш станциясында 14 күн ішінде микрогравитация, ғарыштық ортадағы адам денсаулығы, ғарыштық ортадағы тұзды көл өсімдіктерін зерттеу және нөлдік гравитация ортасындағы қатты-сұйық қоспалар бойынша 13 түрлі ғылыми тәжірибе жасайды деп жоспарланған.
Түркия соңғы жылдары ғарыш саласын зерттеу істеріне айрықша ден қойып келе жатыр. Алғашқы түркиялық ғарышкердің сапары туралы осыдан 5 жыл бұрын ақпарат құралдарында хабарланған еді. 2019 жылы қазан айында «Ресей Главкосмостың» («Роскосмостың» бөлігі) бас менеджері Лоскутов алғашқы түрік астронавтының Ресейдің көмегімен 2023 жылы ғарышқа сапар шегетіндігін мәлімдеген еді.
Лоскутов Вашингтонда өткен Халықаралық астронавтика конгресі кезінде: «Біз бұл ұсыныс бойынша түрік әріптестеріміздің пікірін күтеміз. 2023 жылы Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Осы айтулы датаға орай ғарыш сапарын жоспарлауға болар еді. Негізінде түрік астронавттарын оқытуға және ұшуларды орындауға жеткілікті уақыт бар», – деген болатын.
Соңғы кездері халықаралық, әсіресе Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстардан кейін Ресей ғалымдарының қатысуымен өткізілетін көптеген жобаларға санкция салынғаны белгілі. Осыған орай алғашқы түрік ғарышкерінің сапары АҚШ-пен бірігіп жасалып
отыр.