Қазақстан үкіметі интернетте қолайсыз сыртқы макроэкономикалық жағдайларға байланысты туындайтын проблемалар жайында хабарламалардың жиілеуіне түсініктеме беріп, мәлімдеме жасады. Әлгі хабарламада: «Қолайсыз сыртқы экономикалық құбылыстарға жедел ден қою шеңберінде Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен іс-қимылдар жоспарын іске асырып жатыр. Атап айтқанда, қаржы нарығының орнықтылығын және теңгемен ашылған депозиттердің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, мемлекеттік бюджет есебінен халықтың депозиттері бойынша сыйақы есептеуді көздейтін теңге салымдарын қорғау бағдарламасын әзірледі. Екінші деңгейдегі банктерде 2022 жылғы 12 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 15,3 трлн теңге немесе активтердің 40 пайызын құрайтын өтімділігі жоғары активтердің біршама қоры бар. Еркін өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне уақытылы және толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Банктердің өтімділік бойынша пруденциялық нормативтері реттеушінің ең төменгі талаптарынан 4 еседен астам артық. Бұдан басқа, бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатыр. Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және орта мерзімді сипаттағы іс-шаралардан тұрады. Жалпы Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жағдайды бақылауда ұстап отыр», – делінген.