УКРАИНА ТАҒДЫРЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

УКРАИНА ТАҒДЫРЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

Украина қасіреті: оған кім кінәлі?

«Аяқсыз қалған қылмыс қайталанбай тұрмайды» деп жазыппыз осыдан он жыл бұрынғы мақаламызда (Ақпарат майданы: дүние қалай өзгеруде? «Қазақстан Zaman», 2014 ж.). Біздің болжамымыз  ақиқатқа айналады деп кім ойлаған?.. Ресейдің Украинаға жасап отырғаны – барып тұрған қылмыс! Бұл қылмысты әлемдік қауымдастық көрмеген-білмеген, не қару-жарақпен, қаржы-гуманитариямен көмектескен болып отыра беретін болса немесе қылмысқа лайықты жауап қайтарылмаса, қылмыскер өз әрекетін тағы, одан кейін тағы қайталай беруі мүмкін. Оған ешкімнің күмәні болмасын. Яки, қылмыскер уақытында жазаланбаса, тиісті жазасын алмаса, қылмыстық әрекет қайталана береді. Бұл не деген сөз? Бұл – Ресей билігі тарапынан Украина халқына қарсы бағытталған зұлым саясат бұдан былай да жалғаса береді деген сөз.

Соғыс – қисапсыз қантөгіс, өлім-жітім, қайғы-қасірет. Сондықтан, соғысты ақтау мүмкін емес. Дегенмен, айта кетер нәрсе, бұл соғыс украиндықтардың қандай халық екенін бүкіл әлемге әйгілеген соғыс болды. Олар саяси ерік-жігері дамыған, сөзінде тұра алатын, өз Отанын қорғауға, өзін-өзі басқаруға толық даяр, соған лайық ұлт екенін көрсетіп берді. Украина өзінің біртұтас мемлекет екенін, оны екіге бөлуге болмайтынын, әсіресе күтпеген жерден бас салып талап тастауға даяр тұратын Кремль метролитетіне ел есігі тарс жабық екенін дәлелдеді. Бұл елде Ресейдің тарихи-географиялық та, саяси-экономикалық та, керек десеңіз, этнографиялық та қатысы болуы мүмкін еместігін бүкіл әлемге паш етті. Енді осыны әрбір ізгі ниетті адам жадына мықтап тоқып, тілеулестік танытса игі.

Өкінішке орай, Украина ұлтының осынау ерік-жігері мен жаңа қарым-қатынасқа негіздеген демократиялық бастамалары әлемдік алпауыт державалардың қатыгез ойынына ұласып кеткенін «майданшылар» байқамай қалғандай. Сөйтіп, саяси ойыншылар бұрынғы қожайын Ресейдің «ықпал ету аймағына» от тастау арқылы «аюдың ашуын» келтірді және Украинада орыс мәселесінің тууын қамтамасыз етті.

Ресей мен Украина қатынастарының тарихы терең әрі қайшылықты. Сонау ІХ-Х ғасырларда алғашқы орыс мемлекеті – Киев Русі құрылғаннан бастап Украина Ресейдің ұлттық амбициясындағы ең маңызды «субъект» ретінде негізгі орынға ие болып келеді. «Егер Ресей Украинадан айырылса, онда мемлекеттігінен де айырылады» деп есептейді көптеген саяси сарапшылар. Бұл бекерден-бекер айтылған сөз емес. Сондықтан Ресей қайткенде де Украинадан айырылмау үшін жанталасады және күш салады. Мұны президент Путин 2021 жылы жазда жариялаған «Орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі» атты мақаласында да нақты атап көрсеткен болатын. «Орыстар мен украиндар – тұтас бір халық. Бұл сөзді қазіргі қалыптасқан саяси жағдайға қатысты айтып отырғаным жоқ. Бұл турасында осыған дейін де айтқанмын. Бұл тағы да ақиқатқа көз жеткізу», – деп бастаған Ресей басшысы былай дейді: «Ресей мен Украина арасында соңғы жылдары пайда болған мәселе, бұл – ортақ трагедия. Бұл әр жылдары жіберген қателігіміз. Қазіргі жағдайды түсіну үшін біз ортақ тарихқа назар аударуымыз керек. Беларусьтер, украиндар және орыстар – ежелгі Русьтің ізбасарлары».

Новые удары по Украине. Последствия для России. Беларусь и война. Вечер с  Ириной Ромалийской

Путиннің ортақ тарихқа негізделген бұл мақаласының кейбір тұстарын жоққа шығара алмайсың, әрине. Дегенмен, мақаланы оқып отырып, оның астарында тек «ежелгі Русьтің ізбасарларына» ғана емес, посткеңестік кеңістігіндегі тәуелсіздік алғаны бар, алмағаны бар, басқа да республикаларға көрсеткен сес пе, доқ па, әйтеуір бір империялық өктем пиғылдың жатқанын аңғармау мүмкін емес.

«1922 жылы Кеңес Одағын құру кезінде Украина құрылтайшылардың бірі болды да, барлық республикалардың тең құқылы одақтық мемлекет ретіндегі лениндік жоспары қабылданды. КСРО-ны құру туралы декларацияда да және 1924 жылғы КСРО конституциясында да «барлық республикалар Одақтан шығуға құқылы» деп жазылды. Өстіп біздің мемлекетіміздің іргетасына қауіпті «баяу жарылатын бомба» қойылды. Соның салдарынан жарықшақ пайда болды, алып мемлекет осылай құлады, іріп-шіріді. Сөйтіп, 1991 жылы егемендік шеруі басталды», – деп көсілген Путин осылайша Ресей мен Украинаны біріктірген ортақ тарихи, рухани, экономикалық бірлік туралы айта келіп, «ал, бүгінгі Украина – тұтастай алғанда, Кеңес Одағының бел баласы. Украина Ресейдің негізінде құрылды» деп салады. Міне, президент Путин әңгімесінің негізгі өзегі де осында жатқан еді. Оның пайымдауынша, 1991 жылға дейін Ресейдің құрамында болып келген басқа республикалардың кейбір басшылары қателігінің салдарынан ТМД-да шекарасы бөлек тәуелсіз елдер пайда болыпты. Мысалы, Украинаға келсек, Ресеймен ортақ тарихты елемей және оны жоққа шығара отырып тәуелсіз ел құрып алған-мыс. «Бұл – тарихи қателік» дейді Путин. «Ал, Ресеймен қатынасы үзілген Украинаның бүгінгі тағдырына кім кінәлі?» деп сұрақ қойып алған мақала авторы, «оған Украина халқының түк қатысы жоқ, оған кінәлі радикалды ұлтшылдар. Батыс елдерімен ауыз жаласқан бірқатар басшылар осылай Украинаны өте қатерлі геосаяси ойынға араластырып, соның салдарынан елде антиресейлік көзқарас пайда болды, екі туысқан ел арасы іріп-шіріп жатыр» дейді.

Ресей президентінің жазуынша, Украинаның немесе Беларусьтің өз егемендігіне Ресейдің бақылауымен, Кремльдің жоғары билігінің келісімі арқылы ғана қол жеткізуге болады-мыс. Путин ревизионизмінің ауқымдығы соншалық, ол тіпті Украинаның тәуелсіздігін КСРО конституциясы бойынша талдап, сынға алғанын өзі де байқамай қалған сияқты ма, қалай?!.

«Хотите создать собственное государство? Пожалуйста! Но на каких условиях? Республика – учредители Союза, после того как они сами же аннулировали Договор 1922 года, должны вернуться в те границы, в которых оны вступили в состав Союза», – дейді Путин пікірін одан әрі нықтай түсіп.

Путиннің стратегиялық ниеті түсінікті. Ресей Украинаның тәуелсіздігін ішінара ғана мойындайды, ал егемендігі жан төзгісіз кезеңге аяқ басып бара жатыр деп есептейді.

Бірақ ақиқатына келсек, Путин үрей үстінде отыр, шарасыз күйде десе де болады. Өйткені соңғы кезде Украинаның саяси тұрғыдан қайта тіріле бастағаны кім-кімге де аян еді. Осы ғасыр басында украиндықтар Ресей үстемдігіне қарсы бұрын-соңды болмаған үлкен «майдан» ашты. Анығында, бұл мақала Украинаны мемлекет ретінде мойындау, біріктіру, тілеулес болу емес, іштен іріту, бір ұлтты екіге бөліп арандату, бір-біріне айдап салу болатын. Ресейлік сұрқия саясаттың көздегені, түп-төркіні – осы! Әйтпесе, Ресей президенті көрші жатқан екі елдің бүгінгі қалыптасқан қарым-қатынасына соншалықты бір емешесі езіліп, украиндықтардың қиын жағдайына алаңдап отыр дегенге кім сенеді?!.

 

Ресейдің достары жоқ, тек бодандары бар

Еуропаның ортасында тұтанған қақтығыстың себебін түсіну үшін тарихқа шегініс жасайық. Алайда арғы тарихқа түрен салмай-ақ, бергі жылнаманы қысқаша шолсақ та жеткілікті деп ойлаймыз. Өткен ХХ ғасыр басында әртүрлі мемлекеттерге тарыдай шашылып кеткен украиндықтар ел азаттығы үшін бас біріктіріп күресуге бел шеше кірісті. Украинаның бостандығы жолында жан аямай күресті. Мысалы, 1929 жылы әртүрлі елдегі түрлі ұйымдар ауызбірлікке келіп, ақыр соңында бәріне ортақ «Украина ұлтшылдары ұйымын» құруға қол жеткізді. Бұл ұйымының даңқы алысқа кеткені соншалық, оған кезінде Гитлердің өзі назар аударғаны тарихтан мәлім. Сөз жоқ, Украина ұлтшылдары немістердің қолдауымен өз алдымызға дербес ел боламыз деп дәмеленді. Ұйым басшылары Мельник пен Бандера немістердің көмегіне жан-тәнімен сенді. Бірақ түпкі мақсаты ұлан-байтақ КСРО-ны тізе бүктіруді көздеген гитлерлік Германия украиндықтардың дербестік алуға деген идеясымен мүлде келіспеді. Келіспек тұрмақ, енді бостандықта жүруі қауіп төндіре бастаған Бандера мен Стецьконы, тағы басқа ұлтшылдарды 1941 жылы гестапо қамауға алды. Неміс әскери комдивіне бағынғысы келмеген Шухевич тобы өз алдына «Украина көтерілісшілер әскерін» құрып, Қарпат тауына тығылды, сонда немістермен де, Кеңес әскерімен де соғысуға дайын екендіктерін жариялады.

Украина саясаттанушыларының пікірінше, Украина халқы Кеңес өкіметі тұсындағы тарихты, кеңестік-большевиктік, кейінгі коммунистік билікті бүгінгі күні де оккупация деп бағалайды екен. Өйткені Ресейге бодан болған басқа да одақтас республикалар сияқты Украина да орыстар тарапынан геноцидке ұшырады деп есептейді. «Себебі социализм бізге зорлап таңылған басқыншы құрылым еді» дейді. Сондықтан Кеңес өкіметіне қарсы шыққан бандерашылар Украинаның тәуелсіздігі үшін күресті, олардың  күресі – ұлт-азаттық күрес, ал Бандераны ұлттық батыр ретінде қастерлеп, атын аспанға көтереді. Ал, Ресей үшін Бандера ұлтшыл-фашист, террорист, орыстың қас жауы санатында. Украиндықтардың көпшілігі «Украина еш уақытта Ресеймен тең болған емес, Ресей Украинаны өзіне тең құқылы ел санаған жоқ. Сондықтан Кеңестер Одағын біздің Отанымыз деп санай алмаймыз» деген пікірде. Олар Украина тек тәуелсіз жағдайда ғана еркін дамиды және халық ретінде жан-жақты пассионарлық қабілетін көрсете алады деп есептейді. Сол себептен де украиндықтардың басым көпшілігі Ресейге сенбейді, сақтанып қарайды, одан іргені аулақ салғанды жақтайды.

Баршаға белгілі, ТМД кеңістігіндегі республикалардың барлығы дерлік Ресейдің тікелей жол көрсетуімен ұйымдастырылған Кеден одағы мен Еуразия экономикалық одағына біріккен, бірақ Украина бұл одақтарға мүше емес. Украиндықтар бұл одақтарға мүше болу – дөрекі, кеудемсоқ, жабайы орыстардың қолтығына тығылу, солардың сөзін сөйлеу, бұл соғыссыз тізе бүгу деп санайды.

Ал, Ресей қайткен күнде де Украинаны Кеден Одағы мен ЕЭО-қа өтуге көндіруге тырысып бақты-ақ, сол үшін неше түрлі саяси айла-шарғыға жүгінді – ғасыр басында газдың бағасын көтеріп қысым жасады, Украин тауарларының Ресей жерінен өтуіне шектеу қойды, тіпті тегіміз бір, тарихымыз бір деген идеяны алға тартып, украиндықтардың дербес ұлт екенін, оның тілін, салт-дәстүрін мойындаудан бас тартты. Қыза-қыза келгенде «Бүгінгі Украина – Кеңестер Одағының бел баласы, ол Ресейдің негізінде құрылған» деуге дейін барды. Сөйтіп, тарихтың тегіршегін теріс айналдырып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Бірақ украиндықтар Кремль метролитетінің әріден ойластырып құрған саяси торына түспеді. Сөйтіп, өздерінің саяси ерік-жігерінің мықтылығын дәлелдеді.

Путин подписал договор о вхождении новых территорий в состав России — РБК

Осы тұста айта кету керек, 1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін КСРО-ның шекпенінен шыққан республикалар сияқты Украина экономикасы да терең дағдарысқа түсіп, елде жұмыссыздық, кедейшілік, жоқшылық белең алды. Дағдарыстан шығу жолын халықтың басым бөлігі еуроинтеграциямен байланыстыруды қолдады, Батысқа үміт артты. Бірақ Киев өз таңдауын жасауға асықпады. Әрине, оған себеп те жоқ емес еді. Біресе Ресейге жалтақтап, біресе Батысқа табан тірегісі келіп, көп ойланды. Осы кезеңде қаншама сергелдеңді бастан кешті десеңізші – абыржыды, сенделді, мазасызданды... Елде «қызылды-жасылды майдандар» орын алды, нәтижеде Еуроодаққа бет бұрамыз деген ұрандар басымдыққа ие бола бастады. Ұрынарға себеп іздеген Ресейге де керегі осы еді – қолайлы жағдай өзі туды. Алдымен, ресейшіл президент Виктор Януковичті ЕО-тан бас тартуға шақырып, қысым жасай бастады. Жағдайдың қалай ауып бара жатқанын түсінген халық Януковичті Киевтен ит айдақтап қуып шықты, ол   Мәскеуді паналауға мәжбүр болды. Соңы азаматтық соғысқа әкеп тіреген жаппай халықтық қақтығысқа ұласты. Құрған торлардың іске аспайтынын түсінген Мәскеу енді «ұлттық картаны» («бесінші калонна») ойынға қосты. Орыстілді тұрғындар басым тұратын Харьков, Херсон, Севастополь, Запарожье, Денепрепетровск, Мариуполь, Мелитополь, Донецк, Луганскі халқының арасында ресейшілдікті қоздыратын ұрандар тастап, көшеге шығарды. Оған Мәскеу мэрі Юрий Лужков бастаған ресейлік шенеуніктер барды. Халық дүрлікті. Ұлтаралық қақтығыс, азаматтық соғыс және сепаратизм өріс алды. Көп күттірмей қария Қырым толқыды. Қырым толқыса, бүкіл Қара теңіз бірге толқиды емес пе. Осы жағдайды сәтті пайдаланған Ресейдің арнайы қызметі әртүрлі қитұрқы саяси-диверсиялық әдістерді іске қосты. Ақыр соңында тікелей Кремльдің қолдауына арқа сүйеген Қырым автономиясы жедел түрде референдум өткізуді қолдап, нәтижесінде «өз еркімен» Ресейге қосылды. Ресми тілмен айтсақ, Ресей Қырымды аннексиялап алды. Алайда, БҰҰ Бас ассамблеясы бастап бүкіл әлемдік қауымдастық бұл аннексияны күш көрсету, бопсалау, оккупациялау деп есептеп, заңсыз деп таныды, мойындамады. Алайда алпауыт Ресей оған пысқырып та қараған жоқ. 

2014 жылы Қырымды аннексиялап алған Ресей енді Украинаның шығысына көз аларта бастады. Донецк және Луганск облыстарына көз тіккен Мәскеу билігі алдымен ол жерлерде «ДНР» және «ЛНР» деген қуыршақ республика құрды, кейін «өз тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан республикаларға көмек» деген желеумен әскер кіргізді. Бұл әскери операцияның шын мағынасы – жоғарыдағы облыстардың шамамен үштен бір бөлігі болып табылатын бөлігін Украинадан тартып алып, Ресейге қосып алу еді. Сарапшылардың айтуынша, бұл территориялар Украинаның бүкіл мемлекеттік аумағының 10 пайызын құрайды, ал 2014 жылдың басында бүкіл Украина халқының 10 пайызы осы аймақта тұрды. Қарулы қақтығыс бір қарағанда Украина қарулы күштері мен «содырлар» арасында жүріп жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде Ресей әскерімен шайқасып жатты. Бұлтартпайтын фактілер мен дәлелдерге қарамастан, Ресей билігі өзінің Украинаға басып кіргенін ол кезде мойындамады. Бұл Кремльдің ресми позициясы еді. Батыс соған сенуге мәжбүр болды.

Осы жерде мынадай екі мәселеге мән беру керек. Біріншісі, Кремль билігі Украинаны тұрақты түрде қысым жасап, бопсалай беретін болса, сынып түсетін әлсіз мемлекет ретінде қарастырған тәрізді. Бірақ украиндықтар әлсіз, күйреуік ұлт еместігін әр сәт сайын дәлелдеді. Екіншіден, Украинаны нақты мемлекет емес, «ол Ресейдің негізінде құрылған, КСРО-ның бел баласы» деген пікірге сенгені соншалық, Путин Қырымды тартып алу Украинаның құлдырауын тездетеді дегенге сенімді болғандай. Осылайша, Ресей Украинаның шығысы мен оңтүстігін өз бақылауында ұстау үшін Новороссия (Жаңа Ресей) аталатын жаңа аймақ құрмақ болды. Осы амбициясын жүзеге асыру үшін Ресей билігі бір халықты екіге жарып, бір-біріне айдап салды, жаппай дезинформациялық операция жүргізді, сепаратистерді «тәуелсіздік үшін күресушілер», «еріктілер» деп тауып, оларды қару-жарақпен қамтамасыз етті. Бірақ Путиннің бұл әрекеті де нәтижесіз аяқталды. Бұл жолы да ештеңе өзгерген жоқ. Екі жақ болып бөлінудің орнына украин халқы бұрын-соңды болмаған деңгейде біріге түсті. Путин тағы да жеңілді. Жеңілгенін мойындағысы келмеген Ресей басшысы оған басқаша астар беруге тырысты. Алайда жеңілістің аты – жеңіліс, одан бәрібір қашып құтыла алмайсың. Сөйтіп, тұмсығы тасқа тиген Ресей Украинаның Донбасс аймағындағы сепаратистік топтың сарқыншақтарын қайта қалпына келтіріп, жеке амбициясын құтқару үшін тұрақты әскер батальонын орналастыруға мәжбүр болды. Бұл 2014 жылғы оқиға болатын.

Тұрақты әскер батальоны дегеннен шығады, саяси сараптама саласында беделді «BLoomberg» ақпарат агенттігі осы кезде Ресей қарулы күштері Украинаның басқа да аймақтарын жаулап алу үшін 2015 жылы соғыс ашуы мүмкін деп болжам жасаған болатын. Бірақ болжам – болжам күйде қалды.

Мақаламыздың басында «Аяқсыз қалған қылмыс қайталанбай тұрмайды» деп жазған едік. Сол 2022 жылы ақиқатқа айналды. 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Донецк, Луганск, Донбассты өзінің бақылауына алған Ресей онымен де тоқтамай, былтыр 24 ақпанда «арнайы әскери операция» деген желеумен тәуелсіз Украина жеріне басып кірді. Мақсат айқын – уыстан шығып бара жатқан Украинаны Ресейдің ықпал ететін аймағына айналдыру, Киевті бұрынғы КСРО заманындағыдай Мәскеудің бақылауына қайтару. 

Ресей билігінің бұл әлімжеттік әрекеті азаматтық қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Былтырға дейін адамзат Ресей демократиялық құндылықтарға мән береді, бостандық, адам құқығы бағытында реформа жасағысы келеді деген сенімде болған еді. Бірақ ол сенім тез сейілді, оның жай иллюзия екеніне Украинаға жасалған «арнайы операциясынан» кейін анық көздері жетті. Ресей ешқандай да өркениетке табан тіреген ел емес, барып тұрған дөрекі, тұрпайы, тек күшке ғана сенетін, демократиялық құндылықтардан алыс, өз халқына да, басқаларға да тек өктем көзбен қарайтын, тоталитаризмнен арылмаған ел екен. Ресей – мықты армияға, арнаулы қызмет органдарына ғана сенетін мемлекет. Бұл тек биліктің ғана емес, қарапайым ресейліктердің де санасына сіңген психология екен. Сондықтан Ресейдің достары жоқ және  болуы мүмкін де емес. Философтар айтқандай, Ресейдің дұшпандары мен бодандары ғана бар. Ал, бүгінгі қалыптасып отырған жағдайға қарап отырып, қазіргі таңдағы Ресейдің жауы Украина болса, ал боданы – Беларусь деп баға беруге әбден болады. Ағылшын саяси қайраткері Оруэллдің айтқанына иек артсақ, Ресей сияқты мемлекетте азаматтық қоғам орнату мүмкін емес, мұндай дөрекі елде орыстардың басын біріктіру үшін сырттан келетін қауіпті қалайда ойлап табу аса маңызды. Орыс ұлтының санасына ұлы державалық идеяны Кремль метролитеті осылай сіңіруге мүдделі.

 

Путин өз шешімдерінің тұтқынына айналды

Трибунал для Путина: Британия взялась помочь Украине — Политика — tsn.ua

Қанды қақтығыс басталғалы бері Ресей мен Украина арасындағы шиеліністі ахуалға нүкте қою үшін келісімге келуге бірнеше рет әрекет жасалды. Бірақ Украинаны екіге бөлуге ниетті Ресейдің бірбеткейлігінен келіссөздердің бәрі сәтсіз аяқталды. Әлі күнге дейін түрлі деңгейде жалғасып келе жатқан қақтығыстар екі жақтан жүздеген мың адамның өмірін жалмады, жүз миллиондаған бейбіт украиндықтар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бес мыңнан аса бала осы соғыста көз жұмды... Ондаған қалалар мен қыстақтар қирап, үйіндіге айналған. Әлі күнге дейін Ресей Украинаның қалаларын дүркін-дүркін зымырандармен атқылап, ұшқышсыз дрондармен энергетикалық нысандарын бомбаның астына алып жатыр. Украина жағы бітімге келу жөніндегі кез келген келісімсөзге дайындығын мәлімдеп, қадам жасау барысында қиындықтарға тап болғанымен, қақтығысты тоқтатып, бейбітшілік орнатуға Путиннің жеке амбициясы кедергі келтіріп отыр дейді сарапшылар. Жалпы, Ресей президентінің империялық пиғылынан туындайтын әрекеттердің бәрі оның билігін ұзартуды көздейтіні белгілі. Сондықтан Путинді қолдайтын Ресейдегі қоғамдық пікірдің сегменттік бағасы Украинадағы «масқара жеңілісті» қабылдауы қиынға соғады.

Осыны түсінген Путин мен оның жақтастары бір өтірікті бір өтірікпен жабумен әлек. Мысалы, былтыр тамыз айында орыс әскері Украина жерінде ойсырай жеңіліп жатқанда Путин «біз әлі соғысқа шындап кіріскен жоқпыз» деп беті бүлк етпестен өтірік айтқаны есімізде. Дәл осы сәтте Путин Мәскеуде лепіріп әңгіме айтып, орыстың құлағынан теуіп жатқанда президенттің сенімді өкілі,  «Вагнер» жеке әскери компаниясының қожайыны Евгений Пригожин Ресейдің түрмелерін аралап Украинаға қарсы соғысуға қылмыскер-зектерді үгіттеп жүрген-тін. Путин мен Пригожин Украинаға қарсы соғысты осылайша «саяси клаунадаға» айналдырғанын өздері де сезбей қалған сияқты. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген осы шығар, бәлкім...

What Putin's War in Ukraine Reveals About Russia—and the Likely Path Ahead  - WSJ

Қазіргі дамыған заманда мұндай империялық пиғылдан туындайтын соғыс мемлекеттің гүлдеп, дамуына иненің жасуындай пайдасы жоқ екені мәлім. Бүгінгі демократиялық қоғам құруға икемсіз, ұрда-жық Ресей бұрын-соңды болмаған санкциялар топанының астында қалып, ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. АҚШ, Канада, Жапония және бүкіл Еуропа, кейбір Азия елдері Ресейге санкция салды және санкция салғандардың саны күннен-күнге артып барады. Тіпті саясатқа қатысы жоқ компаниялардың өзі Ресейден ауылын алыс қондыруды жөн санап жатқаны мәлім. Бүкіл жер жүзі қарсы шыққан мемлекеттің болашағы қандай болмақ? Украина халқына таңдау жасауға мүмкіндік бермей, тек жеке амбициясын қанағаттандыру мақсатында ғана соғыс ашып, өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласу... жақсылыққа апара қоймас.  Мысалы, бүкілдүниежүзілік беделді қаржы сарапшылары, Ресейден соңғы бір жылда жүздеген миллиард доллар қаржымен қоса, бизнес майталмандары да біртіндеп елден кетіп жатқанын қынжыла мәлімдеді. 

Майдан даласындағы сәтсіздіктерін Ресей қарулы күштері «біз Украинамен емес, НАТО-мен соғысып жатырмыз» деп ақталады. Шындығында, Украинада Солтүстік Атлантикалық Альянстың бірде-бір сарбазы жоқ. Альянс тек соғыс қаупі төнген елдердің қауіпсіздігін қорғауға мүдделі, сол үшін 30 елді бір тудың астына біріктіреді, болды. Бұл жолы да Украинаға қару-жарақ, дәрі-дәрмекпен және әскерінің жауынгерлік рухы мен тактикалық даярлығын жетілдіру мәселесімен ғана көмектесіп жатқаны жалпақ жұртқа аян. Сондықтан Ресейдің бұлай ақталуы жөнсіз. Ресей билігі әуел баста бір аптаға жоспарлаған «арнайы операциясына» бір жыл толды. Ресей қарулы күштерінің қуаты жер-әлемдегі екінші армия деген даңқының күлі көкке ұшты. Украина майданында орыс әскерінің абыройы айрандай төгіліп, Кеңес заманынан қалған азды-көпті айбарынан жұрдай болды. Бұл соғыс «даңқты орыс армиясының» әскери дайындығы өздері күткендегіден көп төмен екенін көрсетті. Жауынгерлік рух, жеңіске деген құштарлық атымен жоқ.

Путин бұл соғысты бастағанда елде әскери мобилизация болмайтыны туралы айтқан еді. Ол 300 мың әскермен Киевті бір аптада басып аларына сенімді болғаны анық. Өйткені ол Украина әскерінің жағдайын сарапқа салуды қажет деп таппаған болатын. Енді сол қателіктің сазайын тартуда. Енді әскерінің сыйқы мәлім болғаннан кейін мобилизация жасауға мәжбүр болды. Сөзінде тұрмай, уәдесін бұзды. Ал, оның соңы соғысқа жарамды ресейліктердің жаппай елден қашуына әкеп соқты. Осылайша «ура патриоттар» мен «диван батырлар» бөтен елдерге бас сауғалап, елінен қашты, соғысудан бас тартты. Көршілес елдерге үдере көшкен орыстар енді біразға дейін Отанына аттап баспауы да мүмкін. Өйткені олар президент Путиннің өтірікті қалай сорпадай сапыратынына көз жеткізді.

Біреу білер, біреу білмес, соңғы кезде Мәскеу билігі әскери мобилизацияның аяқталғанын айтып, соғысудан қашқан отандастарын елге қайтаруға тырысып жатқаны мәлім. Бірақ сарапшылар Кремль Киевтен үстел басында отырып, бір келісімге келмесе, алдағы уақытта жаппай мобилизацияны қайта жариялауы мүмкін дегенді айтады. Сөйтіп, «Путин өз шешімдерінің тұтқынына айналды. Бұл президент Путиннің ақыры болмақ» дейді сарапшылар. Мүмкін.

 

 Украинаның күйреуі – Ресейдің күйреуі

Енді Ресей мен Украина арасындағы соғыс шығындары жайындағы әңгімеге аз-кем кезек берейік. Украина қорғаныс министрі Алексей Резниковтің айтуы бойынша, ақпанның 3-іне дейін Ресейдің стратегиялық жоғары дәлдіктегі зымырандарының 17 %-ы, тактикалық зымырандарының 75 %-ы, ирандық дрондардың 10 %-ы ғана қалған. Сондай-ақ «Калибрдің» 7 %-ы және «Искандер» баллистикалық зымандарының 9 %-ы қалыпты. Ресей осы уақытқа дейін 3075 танкісінен, 6134 әскери бронды машиналарынан, 2068 артиллериялық жүйесінен, 441 дүркіндете ататын зымыран жүйесінен және 219 әуе қорғанысы құралдарынан, 291 ұшақ пен 278 тікұшағынан, 733 қанатты зымырандарынан, 1854 оперативті-тактикалық деңгейдегі ұшқышсыз басқарылып ұшатын құралдарынан, 16 кемелері мен катерлерінен айырылған. 115 мыңнан астам жауынгерлері мен офицерлері жер құшып, жүздеген мың жауынгері саптан шыққан. Украина жақтан да қаза тапқан әскерилер мен бейбіт тұрғындар аз емес, он мыңдап саналады. Әрине, ауызбен айтып жеткізе алмайтын орасан шығын.

Война в Украине 19 января

«Украинадан айырылу – саяси шығындар мен экономикалық шығындарды айтпағанда, Ресей үшін нағыз өркениеттік апат», – дейді саяси сарапшылар. Украинаның күйреуі – Ресейдің күйреуі. Украинадан айырылу – ұлы державалық күш-қуаттан айырылу, империя ретінде өзін-өзі жоғалту, өз көрін өзі қазу деп бағалап жатқандар да бар. Кім не десе о десін, былтыр 24 ақпанда соғыс жариялағаннан кейін Ресей Украинаны біржола жоғалтқаны анық. Бұл не деген сөз? Бұл Ресей мемлекеті территория жағынан қанша ұлы держава болғанымен, күш-қуаты жағынан бұрынғы империялық беделінен, «адамзатты құтқарушы» деген даңқынан айырылды деген сөз.

Ал, Украинаның ендігі тағдыры не болмақ? «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демекші, ресейліктер В.Путиннен тірі пұт жасауға көшкен кезде, оған қарама-қарсы беттегі әлемдік қауымдастық қандай бағыт ұстамақ? Міне, соғыс десе зәресі зәр түбіне кететін адамзат баласын осындай сұрақтар мейлінше ойландырады.

Дегенмен, саяси сарапшылар биыл соғыстың соңы көрінеді деп болжап отыр. Оларға сенсек, көктемде Ресей мен Украина арасында шешуші шайқас өтуі мүмкін. Шешуші шайқас қандай формада өтеді – ол енді екі жақ саясат серкелерінің білік-парасатына тікелей байланысты дейді.

Кейбір сарапшылар орыс-украина жанжалы АҚШ пен Ресейдің ара қатынасына тікелей байланысты деген пікірде. Ресейдің кеудемсоқтығын қатаң сынға алып жатқан Батыс, егер Кремль билігі астамшылдық пен өзімшілдік саясатын тоқтатпаса, үшінші дүниежүзілік соғыстың туындап кетуі ғажап емес дейді. Әрине, мұндай пікірге қарсы уәж айтушылар да көп. Ал, әлемде шын мәнінде не болып жатыр? Үшінші дүниежүзілік соғыс әлдеқашан басталып, ол бүгінгі күні де жалғасын тауып жатқанын көпшілік әлі күнге мойындамайтын сияқты. Естеріңізде болса, Батыс саясаткерлері мұндай сөзді Косова шиеленісі кезінде де, орыс-шешен қақтығысы кезінде де, Ресей Грузия территориясына басып кіргенде де айтқан. Кешегі араб елдеріндегі жанжалдар барысында да қайталаған. Бірақ пікір білдірушілердің ешқайсысы да бұл әскери қақтығыстарды шын мәніндегі үшінші жаһандық соғыстың алғышарттары екенін түсіндіріп, толық ашып көрсетпеген. 

РS: Бір нәрсе анық: Ресейдің қалауынсыз Украинадағы соғысты тоқтату мүмкін емес.

БОЛАТ ШАРАХЫМБАЙ
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1029
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7076
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10925
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7144
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7286