«АМАNAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Ұлт ақыны – Шәкәрім» атты қоғамдық дәрісі өтті. Тағылымды іс-шараға «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Думанғазы Арғынғазин, филиал қызметкерлері, Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Әлин, қаланың белгілі ғалымдары, тарихшылары, жазушылары мен жастар қатысты.
Тарихи-танымдық іс-шараны «АМАNAT» партиясынан Абай облыстық мәслихат депутаты Шағангүл Жанаева ашып, сөз сөйледі.
– «АМАNAT» партиясының ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында өткізілетін партиялық іс-шараларды жүйелеу және біріздендіру мақсатында «Ұлттық мұра» партиялық жобасы 2019 жылдан бері іске асырылып келеді. «Ұлттық мұра» жобасының мақсаты – мәдениетімізді қалыптастыру, ұлттық тәрбиені арттыру. Қоғамдық дәріс түрінде өтіп жатқан іс-шара халқымыздың 1920-1930 жылдардағы қасірет тағдырынан сыр шертеді. Жас буынға осындай дәрістер өте қажет деп есептеймін, сондықтан мұндай шараларда белсенді болуға шақырамын! – деді партияның Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Думанғазы Семейғазыұлы Арғынғазин. Қоғамдық дәрісті филология ғылымдарының кандидаты, «Абай және ұлттық руханият» ғылыми зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ақмарал Смағұлова жүргізді.
Шара барысында Ақмарал Төлеуғазықызы Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы тың деректер ұсынып, ақын мұралары жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.
Дәрістен соң «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» қызметкерлері қатысушыларды «Шәкәрім әлемі» атты көрмемен таныстырды.