Ұлт тарихын ұлықтаған «Қазақтар жолы»

Ұлт тарихын ұлықтаған «Қазақтар жолы»

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының орталығы – Есік қаласындағы Тұманбай Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде «ҚАЗАҚТАР ЖОЛЫ» тарихи-шежiрелi романының тұсауы кесілді. Романның авторы: қоғам қайраткері, ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, ҚР «Архив және құжаттама» мекемесінде құжаттары сақталған тарихи тұлға  Шаяхмет Құсайынұлы. Бұл қомақты еңбегін қаламгер 15 жыл зерттеп, екі жылда жазып бiтiрдi. Мұнда кешегі жаугершілік пен 300 жылдан асқан орыс бодандығынан қырылған қазақ халқының ауыр тағдыры боямасыз суреттеледі, түп-тұқияннан бүгінге дейінгі тарихтың жасырын беттері ашылады.

Журналистік кәсібін адал атқарып, әдiлдiк үшін күрескен батылдығымен, ұлтшыл мiнезiмен елiне елеулі Шаяхмет Құсайынұлы туған халқының беріге дейінгі көрiп келе жатқан құқайын ұйықтай алмай, көз жасын ағыза отырып жазған ба дерсің.  Ұлт тарихына қоса өз басынан өткен шытырман оқиғаға толы қиын да қызықты тағдырын толғаған автордың бұл 35-шi кiтабы. (Мәдениет үйінің фоэсінде Еңбекшіқазақ аудандық кітапханасы жинақтаған «Өлең тасқын жүректерді тулатқан» атты кітап көрмесінен орын алды сол туындылар).

 

Рухы биік қаламгер ақиқаттың алдаспаны

 

Айтулы шара аудандық Мәдениет үйі мен білім бөлімінің атсалысуымен ақын шығармашылығына арнаған «Қазақтар жолы – құпиялы, шежірелі қойнауы» атты  әдеби-сазды концертімен басталды. Жүргізуші қыз бен жігіт іс-шараны кеш иесінің өлеңімен бастады:

       «Сен едің сөз атасы, сөз анасы,

Қазақтың мәртебелі кең даласы!

Жасымнан өлеңменен ауызданып,

Жыр жазған мен қазақтың бір баласы!» – деп ақын жырлағандай,  сөздің киесі бар, киесінің иесі бар. Иесі – ақындар болса керек. Ақын деген – қоғамның қыңыр-қисық тұстарын түзетуші, жыртығын жамаушы жанашыр жан. Жұмекен Нәжімеденовтың сөзінше айтсақ: «Көп тікеннің ішіндегі қайың, көп қуаныш ішіндегі уайым» арқалаған тұлға. Ақындар қай қоғамға да керек. Қазақ қоғамы үшін оның қажетін тіпті айтып жатудың өзі артық. Өйткені ақыны жоқ халық – рухы сөнген халық, – деген жүргізуші Шаяхмет ағасын сахна төріне жайғастырып, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Сұлтанәліұлына сөз берді.

– Сөз өнерін  ерекше кие тұтып, қастерлеген дана халқымыздың өрелі ойларымен шебер кестеленетін өнерге  деген құрметі ешқашан төмендеп көрген емес. Осы тұрғыдан келгенде, түйдек-түйдек жыр жауһарларын, ой маржандарын ағытатын ақиқаттың ақтаңгері Шаяхмет Құсайынұлына ыстық ықылас-пейілмен шынайы құрмет көрсетуді кісілік пен көргенділікке баласақ, қателесе қоймаспыз. Осындай  абыройлы атағы күллі елімізді шарлап кеткен,  Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының  Құрметті  журналисі, ақын, жазушы Шаяхмет  Құсайынұлының  Есік қаласында тұратындығы қай-қайсымыз үшін де зор мақтаныш.

Құрметті  Шаяхмет Құсайынұлы! Аудан халқы Сізді  жазушы, ақын, журналист  ретінде  «Жетісу», «Лениншіл жас»  газеттерінде штаттан тыс тілші болғаныңызды  жақсы  таниды. Еңбек  жолыңызды журналист  ретінде бастап, еліміздің мерзімді  баспасөз  басылымдарында, шығармашылық  одақтарында және  мәдени  салаларында  тынбай  еңбек  еттіңіз. Ауданымыздың  намысын  қорғап,  облыстық  ақындар  айтысына  14 рет  қатысқаныңыз да  қуанышты  жайт. Еңбекшіқазақ  ауданының  ішкі істер   басқармасында еткен сүбелі  еңбегіңіз  де   еленбей  қалмады.

             Қазақстан Журналистер Одағының  бірнеше  рет дипломдарымен марапатталдыңыз. Қытай халық  Республикасында  шығатын төте  жазу  әрпімен  басылатын  газеттер мен  Халықаралық  «Көкжиек» журналында бірнеше  рет  «Қазақ  болып  туғаныма мақтанам», «Атам қазақ» өлеңдер  топтамаларыңыз, «Абай, Абай, ұлы Абай»  атты  поэмаңыз  оқырмандар   ықыласына  бөленді. Жетпіс  жылдан  астам  уақытта мыңнан  аса   өлеңдер мен  поэмалар  жазылып,  повестеріңіз бен  роман, әңгімелеріңіз  де  жеке  кітап  болып шықты. Бұл  кітаптар  Қазақстан  Республикасының Ұлттық кітапханасы төрінен  орын  алған. Бұл Сіз үшін  де, еліміз  үшін де  тарихта   қалар ұлттық құндылық.  «Ғасырлар  ағыны» таңдамалы жинағыңыз Қазақстан Жазушылар  Одағының  жыл қорытындысында жүлделі  марапатқа  ие болды. Есіктен  табылған «Алтын адам»  жәдігері  жайындағы «Алтын киген ханзада» атты  тарихи-шежірелі  жыр  дастаныңыз да  әділ бағасын  алды.

            Әлі сыясы кеппеген,  2023 жылдың аяғына қарай «Қазақ тілі» баспасынан жарық көрген ұлт тарихын ұлықтайтын  «Қазақтар жолы»  романыңыздың дәл бүгінгі күні  ұлтымыздың тарихына үлесін қосатынына сенімдімін.

            ХХІ ғасыр жаһандану дәуірінде қазақ ұлты өз орнын сақтап қалу үшін осындай тарихи-тұлға ағаларымыздың еңбектері арқылы  ділін, тілін және ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді ұстана отырып адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді көрсете білуіміз керек. Қазақ халқы кездейсоқ пайда болған және әлемдік факторлар әсерінен қалыптасқан ұлт емеспіз. Қазақ халқы мыңдаған жылдық тарихы бар адамзат өркениетінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан, тіпті әлемдік тарихи процестердің ортасында болдық десек те  қателеспейміз. Оған мысал осы  тарихи-роман.

         Қоғамымыздың  игілігі, халқымыздың кемелдену  жолындағы игі істеріңіз  әлі  де  толастамасын. Сіздің  жырларыңыздың  қуаттылығы, оттылығы талай  оқырманның   қуатты  құралына  айналсын! Жақсы жырды, жақсы ақынды тани  білейік, талғай білейік дегім келеді. Халқымыздың  рухани өзегі, сана  байлығы  осы жырлар  арқылы  толыға  түсетіні хақ. Әлі  де  жазарыңыз көп  болсын, қаламыңыз  мұқалмасын! – деп аудан басшысы ақжарма тілегін білдірді.

       Бұдан Есік педагогикалық колледжінің студенттері: Ерік Еркежан, Қожахмет Қаршыға, Бақдәулетұлы Әділет, Әшімбай Назым, Қалиахмет Ернияз ақынның патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал №1 орта мектеп оқушылары ақынның өмірбаянын жатқа соқты.

       Шаяхмет Құсайынұлы 1951 жылы туылған. 1966 жылы Алматы қаласына келіп, училищеге оқуға тапсырған ақын сөзсіз қабылданып, онда көркемөнерпаздар арасында өткізілетін түрлі байқауларда бақ сынап жүлделі орындарды иеленген. Соның алғашқысы, 1968 жылы көркемөнерпаздар арасында өткен облыстық байқауда Шона Смаханұлының фельетондарын нақышына келтіре оқығаны үшін арнайы мақтау қағазымен марапатталған. Бұл мақтау қағаздарын ақын әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтауда. Оқуын бітірген жылы өз туған жылын өзгерту арқылы он жеті жастағы ақын  он сегіз жасар жастармен әскерге аттанып кеткен. Әскери теңіз күштері қатарында сүңгуір қайық ішінде үш жыл қатарынан борышын өтеген ақын ұлтын сүйер ұл екендігін дәлелдеген. Бір ауыз орысша білмейтін қазақ жігіті әскерге аттанарда өзімен бірге Абайдың өлеңдер жинағын және орысша-қазақша сөздікті ала кетеді. Ресейдің Владивосток атты қаласында Абайдың өлеңдері еліне деген сағынышын басса, сөздік ортаға сіңу құралына айналды. Бара-бара сөздік арқылы орыстың тілінде сөйлей бастаған ақын ерлік те жасаған. Шекара жер бетінде ғана емес, теңізде де болатындығын айтты. Шекара шебін сүңгуір қайықта жүріп кірпік қақпай күзеткен матрос Шаяхмет қасындағы орыс досымен бірге шекара шебін бұзған жапонның екі бірдей тыңшысын ұстаған. Оқиға былай болған еді. Жартасқа жасырынған тыңшылар арнайы құрал арқылы өз әскерлеріне белгі беріп жүрген. Күнделікті рейд жасайтын жасақ мүшелері Шаяхмет пен орыс досы екі тыңшының дәл осы әрекетінің үстінен түскен. Қолдарына «кортик» деп аталатын әскери пышақты алып тұра ұмтылған жапон тыңшылары Шаяхметтің саусағына жарақат салады. Бала күнінен балуан атанған Шаяхмет әлгі тыңшының сүңгісін тартып алып, оң аяғындағы сіңірлерін орып жібереді. Сіңірсіз аяқ салбырап қалады. Аққан қанға ұмтылған теңіздің түрлі жыртқыш балықтары әлгі жапон тыңшысын қолға түсірмей жеп тынады, деп, үш оқушы тақылдай айтып шықты. Жас ұрпақтың ақын өмірі мен шығармашылығына зейін қойып, қызығушылық танытатыны қуантты бізді.

Шәкеңнің өлеңдеріне біраз әндер жазылғанын біреу білсе, біреу білмес. Солардың ішіндегі көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген әндердің бірі – «Аға мен іні» және «Алғашқы махаббатты» композитор Мейрамбай Бектасов шырқап, көрермен қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, М.Ломоносов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Трофим Брязгунов ақынның сөзіне жазылған «Жырлаймын сені» әнін, Қызылжар ауылы О.Жандосов атындағы орта мектептің  оқушысы Балжан Асқар «Көктөбе-Қызылжарым» әнін шырқап, өнерлерін паш етті. Айтыскер ақын Ерқуат Оңашқан қаламгерге арнаған «Арнауын» жолдап, ал «Алтын әжелер» ансамблінің жетекшісі Нұржамал Ержанқызы «Албан бабам» атты термесін сырнаймен орындап берді.

Замандасын құттықтауға шыққан «Еңбекшіқазақ» аудандық газетінің редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі  Хайролла Ахметжанов Шәкеңнің 1990-жылдары бірде-бір қазақ мектебі болмаған Еңбекшіқазақ ауданында «Қазақ тілі» қоғамын ашуға барын салып атсалысқанын, шетелге бала сатылып жатқанда БАҚ беттерінде жанұшыра дабыл қаққан алғашқы журналист екенін алға тартты.

Халықаралық Қонаев қорының кеңесшісі, әнші-сазгер Дәулетбек Жанботаев пен Республикалық «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Алиядин мырзалар Шаяхмет Құсайынұлына ақ тілектерін білдіре келіп,  омырауына «Мәңгілік елдің Құрметті азаматы» орденін салтанатпен тақты. Ал Алматы облыстық орталық әмбебап кітапхана қызметкері Жадыра Асылбаева қаламгерді Алғыс хатпен марапаттады.

Ат арылтып арнайы келген меймандар су жаңа қазынаның тұсауын кесті. Сонымен, «Қазақтар жолы» не туралы?

Автор жалпы адамзаттың жаратылысынан бастап, Нұх пайғамбар ұрпақтары, Қызыр ата, Алты алаш, атамыз Қазақ, Ақарыс (Анахарсис), Ғұндар мен Үйсіндер, Сақтар тайпасы, Күлтегін жырларына тоқтала келе, «Алтын адам кім?» деген сұраққа жауап іздейді. Ақиқат пен аңыздан құралған «Алтын киген ханзада» поэмасын паш етіп, бабалар жолына ойысады. Үйсін бабадан тараған Бәйдібектен өрбіген Албанға ұран болған Райымбек батыр, Шоған абыздардың ұрпағы екенін әйгілейді.  Келесі тарауда қазақ халқының сыртқы жаулардан көрген құқай-зобалаңын «Үш ұрпақ» поэмасы арқылы  алдыңызға жайып салады.

Иә, не көрмеген қазақпыз?! Кең далада малын жусатып еркін өмiр кешкен, ешкімнiң жерi мен дүниесiне қызықпаған, ешкімге соқтықпаған ақкөңіл, жуас елді жер бетінен бiржолата жойғысы келген жоңғарлар шапқыншылығы,  Хиуa мен Қоқан хандықтарының езгiciнен бөлек, 1720 жылдары басталған орыстың отарлау саясаты жүз есе асып түсті. Арғысын айтпағанда,  1916-1938 жылдарда 5 миллионнан астам қазақ азаппен жер жастанды. Бұл дегенің үлкен бiр мемлекеттiң халық саны емес пе.  «1941-45 жылдардағы Отан үшін соғыс, 1963 жылы Есiк көлiнiң тасуы, 1967 жылы Шарын шатқалындағы Көртоғайдың тауынан опат болған автобус толы үлкендер мен үйлерiне демалысқа қайтып бара жатқан жастардың суға кетiп, опат болуы, Қызылағаштағы қолдан жасалған су тасқынынан қаншама адам қырылды. Бұл мен бiлетiн бiр ғана мысал. Бейбіт күндегі қырғын: 1986 жылғы 16-17 желтоқсандағы көтерiлiс, одан кейін егемендік алып, ес жиғандағы 2012 жылғы 16-17 желтоқсан, Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен мен Шетпедегi әдiлеттiк iздеген елдердің жанайқайынан туған көтерiлiс. Бұл оқиға егемендіктің 20 жылдығына орай халық пен биліктің арасындағы қанды қырғын жатсам-тұрсам жаныма маза бермеді, тiптi ұйқымның келмегені соншама осы поэманы төрт күннің ішінде бiтiрдiм... Болашақтағы ұрпақтар оқысын, бiлсiн бұл тарихты. Өткен бабаларымның тар жол, тайғақ кешуiн ұрпақтарымның басына бермесін деген ниетпен осы еңбегімді жаздым», дейді автор «Қырылды қазақ, қырылды» поэмасына отырар кезде.  Жырмен жазған жанайқайын сол 1916 жылдан бастап, күнi кешегі құпия жағдайда өлтірiлген Алтынбек, Заманбек, Батырхан, Асхаттар қазасымен аяқтайды. Күні кешегі Қаңтар трагедиясы да ақынның ойын он тарапқа бөліп, онсыз да шала ұйқысынан айырған шығар деп ойлаймын.

Шежірелі роман Жетісу бойындағы, әсіресе, жазушы өзі жарты ғасырдан астам уақыт тұрып келе жатқан Еңбекшіқазақ ауданына қатысты маңызды деректердің күні мен қатысушыларын нақты көрсетуімен де құнды. Сондай-ақ, журналистік кәсібіне байланысты көрген шым-шытырық оқиғалары, ұлт мүддесі жолында тартқан азапты күндері мен өміріне жасалған қастандықтар, тағысын-тағыларды айтпағанда, жеке тағдырының ауыр кезеңдері: жұбайынан айырылып, төрт баланы жеткізуінің өзі адам басына бермесін дейтіндей бір ер-азаматқа жетерлік үлкен сынақ еді. Жаратушы құдайына сыйынып, қажымас қайраты пен мұқалмас жігерінің арқасында алға ұмтылған Шаяхмет ағамыз бүгінде жетпістің төртеуінен асып, ел қадірлейтін абыз ақсақалға, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере сүйген ардақты атаға айналып отыр. Әлбетте, жас жұбайы Нұрғайша жеңгеміздің қосқан үлесі зор.

Сонымен,  әдеби-сазды кеш Республикалық Жамбыл атындағы филармонияда әйгілі «Отырар сазы» оркестрі орындаған «Еңбекшіқазақ вальсін» сахнадағы лэд-экран арқылы тамашалаумен  тамамдалды.

Ұлт тарихын ұлықтаған мәдени іс-шараны «Еуразия» телеарнасы таспаға түсірді.

 

                                                                                          Гүлжанат ШОНАБАЙ,

                                                                   ҚР Журналистер одағының мүшесі

25.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 609
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 577
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 600
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 595
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 588
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 609
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 601

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10233
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9220
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12457
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11433
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16442