Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы Қ.Төлекеевтің зейнет жасына жетуіне арналған «Ана тілім – тірегім, тілімменен түледім» шығармашылық кеші болып, өңірдегі «Тілдерді оқыту орталығының» оқытушылары қатысып, құттықтады. Іс-шараға Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Редакциялық баспа басқармасының басшысы Д.Құсайынов қатысып, облыс әкімінің орынбасары А.Әміренова құттықтау сөз сөйлеп сый-сияпат жасады.
Қ.Төлекеев – білікті басшы, қаламгер, ақын, әнші, сазгер. Ол 2006 жылдан бастап Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының» басшысы қызметін нәтижелі атқарып келеді.
Қаламгердің «Кәрім мерген» атты ертегілер мен әңгімелер жинағы «Балалар жылына» орай биыл және алдыңғы жылдары жастар тәрбиесін насихаттаған «Өмір сыры» кітабы жарық көріпті.
Қ.Төлекеевтің жетекшілігімен шығатын «Тіл – руханият өзегі» танымдық-әдістемелік журналы облыста кең қолданысқа ие болуда. Журналдың ерекшелігі қазақ тілін үйренушілерге тілі жаттық, бейнекөріністерге толы.
Қ.Төлекеевтің басқаруындағы орталықтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасының аясындағы латын қарпінде «Асыл қазынам» танымдық-ақпараттандыру парағы, «Әнді сүйсең, менше сүй» онлайн арт-караок, «Мен қазақша үйренемін» акциясы, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру үшін «Сөйле, KZ!» клубы сияқты көптеген тиімді жобалар жасап, нәтижелі жұмыстарын жалғастыруда.
Көкшетау қалалық «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің оқытушысы В.С.Ғабдуллина, Г.Т.Кажкенова, А.Қ.Рысқұлова, А.Т.Жетпісбаева, А.Ж.Уәлиевалар өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру «Сөйле, KZ!» клубының жұмысын жүргізу барысында, жеңіл әрі оңай жолмен ауызекі сөйлесу, мағынасын түсіндіре отырып тілді үйрету мақсатында «Күн тәртібі» тренингі және «Жануарлар», атты бейнесабақтар өткізіп келеді. Бүгінгі күні Ақмола облысында тіл үйренушілері оқу жылының аяқталуына орай емтихан тапсырып, орталықтар жаңа оқу жылына шәкірттер қабылдауда.
Кеше ғана Ресейдің Қазақстандағы өкілетті елшісі А. Бородавкин: «Әрбір қазақстандық екі аяқта нық тұруы тиіс: бірі мемлекеттік тіл – қазақ тілі, екіншісі – Қазақстан Конституциясында көрсетілгендей ресми тіл – орыс тілі. Бұл екі аяқтың екеуі де бірдей болған жағдайда ғана алға қадам баса алатынын ескеру керек», – депті. Бұл нені меңзейді? Қазақстандықтардың қазақтың нанын жеп, суын ішіп отырып, мемлекеттік тілін менсінбегендігін меңзейді және біздің осындай күйкі тірлігімізді мазақ етеді. Сол үшін өзгенің мазағына қалмай екі тілсіз-ақ қазақ елі аяғынан нық тұратынын көрсетуіміз керек. Мемлекеттің жүрегі – мемлекет құрушы ұлттың ана тілі. Бір ауызға бір тіл, бір денеге бір жүрек жетеді. Мемлекетте сол, тіл де, Отанға, елге деген жүрек те, сезім де бір болуы керек. Ол үшін бірінші патриоттық сана-сезім, ұлттық намыс және жоғарыдағы оқу орталықтарының бастамашыл, нәтижелі жұмысы арқау болмақ.