Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасында 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мерекесіне орай ұйымдастырылған апталық тағылымды іс-шаралармен айшықталды.
Бұл туралы БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болған Жұбан кітапханасының директоры Шолпан Оразаева ақпарат берген болатын.
– «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ұстаз» дейміз. Қай кезеңде де кітаптың орны бөлек. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы да «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітапхана оқырманға қолжетімді болу қажет» деп, кітапхана саласына баса көңіл аударып келеді. Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Оқитын ұлт» бағдарламасы аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар да іске асырылды. Ал биыл екінші жыл «Ұлттық кітап күні» мерекесін тойлағалы отырмыз. Биылғы өзгеріс – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кітапханашылар күні» кәсіби мерекесін «Ұлттық кітап күнімен» бірге 23 сәуірге белгіледі. Мерекелердің осылайша бір күнде атап өтілуі оның маңызын арттырып қана қоймай, кітапханалардың қоғамдағы орны ерекше екенін айқындайды, – деді Шолпан Қуанышқалиқызы.

Атаулы мереке аясында бекітілген Жұбан кітапханасындағы апталықтың шымылдығы «Жаңа кітапхана – ұлттық сана мен руханият келбеті» атты облыстық конференциямен түрілді. Кітапхананың 155 жылдық мерейтойына арналған конференция жұмысы Сырым ауданындағы Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің базасында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл алқалы жиынның мақсаты – заманауи кітапханалардың қоғамдағы рөлін жаңаша пайымдау, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңызын арттыру және сала мамандары арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру. Конференция аясында Сырым ауданының тарихы туралы «Туған өлке – тұнған тарих» кітап көрмесі ұсынылып, қатысушыларға жаңа кітапхана кеңістігімен танысуға мүмкіндік беретін библио-экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ Жұбан кітапханасының мерейтойына орай «Бас кітапхана – ортақ тарих» атты облыстық жобаның тұсауы кесілді.
Конференцияның зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, кітапхана ісінің ардагерлері мен мамандары қатысқан пленарлық отырысында кітапхана ісінің даму үрдістері, жаһандану жағдайындағы жаңа миссиясы, цифрлық трансформация, инновациялық бағыттар секілді мәселелер қозғалды. Жиында сөз алғандар ұлттық руханият пен әдеби мұраны насихаттау, кітапханадағы заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері, «Smart library» және метағалам кеңістігіндегі кітапхана үлгілері туралы ой-пікірлерін ортаға салып, кітапханалық жобаларды жүзеге асыру тәжірибелерімен бөлісті. Ал келесі бөлімде «Руханият пен білім тоғысқан кеңістік» атты тәжірибе алмасу аймағы ұйымдастырылып интерактивті тренингтер, зияткерлік ойындар, цифрлық дәуірдегі кітапхана қызметінің трансформациясы, өлке әдебиетін дәріптеу, кітапхана кеңістігін жобалау және инновациялық қызмет үлгілері бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді.

Кітап апталығының екінші күні «Сөз өнеріндегі өлкетану» тақырыбындағы мазмұнды шарамен жалғасты. Бұл күні «Өнер өрінде» жобасы бойынша ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Суретшілер және Жазушылар одағының мүшесі, «Тұран» халықаралық көркемөнер сыйлығының лауреаты, суретші, сазгер, өнертанушы Қуандық Мәдірдің «Талантты суретші, талапты ұстаз» атты бенефис кеші өтті. Шараға өнер иесінің әріптестері, өнердегі достары, студенттер қатысып, рухани кештің куәсі болды. Кеш барысында қылқалам шеберінің өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен таныстырылып, оның сазгерлік қыры да ерекше аталып өтті. Сазгердің «Теңіздің ерке сұлуы», «Ауылға қайтып жаз келді», «Перзентімін даланың» әндерін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері, танымал әншілер Еркін Өтегенов пен Айбар Хайырханов орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік назарына «Өнерді бойтұмардай қастерлеген» атты кітап көрмесі мен арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылды. Бұдан әрі кеш иесі Қуандық Насихатұлының «Бойтұмар» атты екі томдық кітабының тұсауын кесу рәсімін ақын, ғалым Болатқали Төлебаев пен ақын Ғайсағали Сейтақ жасады.
Апталық барысында кітапханаларда кітап оқуға шақыру, оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайту, кітапхананы заманауи мәдени кеңістік ретінде қалыптастыру мақсатында «Кітапхана түні» ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Кітап күні» мерекесі, «Кітап. Тарих. Шежіре» атты танымдық шара, кездесу кештері, ашық есік күні, кітап фестивалі ұйымдастырылды. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары арнайы жасақталған кітап көрмелерін, кітап қалашығын, кітап дүкендерін тамашалап, әдеби кейіпкерлер мен үздік оқырмандар шеруінің куәсі болды. Ұлттық кітап күніне орай өткен салтанатты кеште кітапхана ісінің дамуына өз үлестерін қосқан сала мамандары марапатталды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы















