Ұлттық қорды құртып алсақ, қайтпекпіз?

Ұлттық қорды  құртып алсақ,  қайтпекпіз?

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық Банкке жыл соңына дейін «Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын» әзірлеуді тапсырды. Басқаша айтқанда, бұл – бюджеттік ереже және оның түпкі мақсаты экономиканың өсуіне кедергі келтірместен Ұлттық қордағы қаржыны сақтап қалу деген сөз.  Идея дұрыс, бірақ оның Үкімет тарапынан орындалуы қалай болады? Бұл сауалға білікті сарапшылар пікірі әрқалай. 

   Мәселен, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мемлекеттік қарызы аз болғаны және едәуір қорының арқасында індет салдарын біршама тиімді еңсерді деп баға бере келіп, соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейгенін ескертті. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс», – деді. Еліміз 2020 жылы Ұлттық қорға түскен қаржының 96 пайызын құртып тастаған еді. Одан бөлек, Ұлттық қорға кетуі тиіс біраз ақша республикалық бюджетте қалып, Үкіметтің бірнеше жыртығын жамаған. Сарапшылар сонда «бұл бюджеттік ереженің жоқтығынан» деп ескерткен еді. Қазіргі жабайы саясаттың салдары ертең өзімізге ауыр тиетінін Ақорда да түсініп отыр. 

   Осыларды алға тартқан TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы, экономист Арман Бейсембаев: «Бюджеттік ереже бірінші кезекте бюджет шығыстарын шектеуге қатысты болмақ. Осы орайда бюджет тапшылығын Ұлттық қордан түсетін трансферттермен жабу әдетін тоқтату керек. Өйткені тапшылықпен Ұлттық қордан ақша алу арқылы емес, бюджет шығыстарын оңтайландыру арқылы күресетін уақыт жетті. Бұл – бірінші нәрсе. Екіншіден, үкіметке мұнай бағасының төмен жағдайында өмір сүруді үйренетін кез келді. Сондықтан, мысалы, Ресей үлгісімен мұнайдың шетел валютасынан түсетін табысына қатысты ереже орнатудың еш зияны жоқ. Ресейде бюджетке мұнай баррелінен тек 40 доллар ғана түседі. Қалған артық ақша қорға аударылып отырады. Бізге де Ұлттық қордан әр мұнай баррелінен 40 доллардан артық ақша алуға тыйым салу қажет», – десе, «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов: «Трансферттерді мүлде тоқтатып тастау дұрыс емес. Мен бұл мәселеге сәл басқа қырынан қарайтын едім. Ұлттық қордағы ақша дегеніміз не? Бұл – шенеуніктер басқаратын ақша. Олар Ұлттық қорды басқарып, мысалы, Норвегия ұлттық қоры сияқты жоғары табыс көрсете алды ма? Экономиканы әртараптандыру үшін қолда бар ақшаны ұқсата білді ме? Қаншама индустрияландыру бағдарламаларының сәтсіздікке ұшырағанын көрдік. Басқаша айтқанда, біздің шенеуніктерге ақша беруге болмайды. Біз әлемнің тез өзгеріп жатқандығын көріп отырмыз. Көмірсутек шикізатының маңызы төмендей бастайды. Қазақстанның мұнайдан табыссыз қалуын елестетудің өзі қорқынышты. Бұл ретте адами капиталға инвестиция салу керек еді. Ал бізде бұл жағдай керісінше. Халықтың табысы төмендеп барады. Азық-түлік шығындарының үлесі өткен жылы 54 пайызды құрады. Бұл – антирекорд. Бұл – Сахараның оңтүстігіндегі ең кедей елдердің деңгейі. Халықтың 80 пайызының басында несие бар. Біздің мемлекеттің халқы адам төзгісіз кедейлік жағдайында отыр. ОЭСР елдерімен салыстырғанда бізде ішкі жалпы өнімге шаққандағы әлеуметтік секторға жұмсалатын қаржы үлесі 10 пайызға аз. Сондықтан Ұлттық қор  трансферттерінен мүлдем бас тарту қисынсыз болады. Онда кедей халық бір жағада, Ұлттық қор мен оны басқарып отырған шенеуніктер екінші жағада қала береді. Сондықтан бюджет ережесіне өте сақ, оны қолданғанда абай болу керек», – дейді. 

  Біз үшін, ең бастысы Президент бүгін аталған проблемаға назар аударды. Оның нақты нәтижесі биыл көрінуі тиіс. Егер Ұлттық қорға түсетін түсім артып, ал одан алынатын ақша нөпірі азайса, Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуы нақты нәтиже берді деген сөз. Ендігі кезек – Үкіметте. Ол бюджеттік ережеге қандай параметр енгізеді? Үкімет өзіне ыңғайлы трансферт үлесін сақтап қалса, бюджеттік ереже енгізілгеннен жағдайдың өзгермейтіні түсінікті. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлының үміті тағы да желге ұшпақ. Жалпы, Үкіметтің Қазақстанды сыртқы және ішкі қарыздарға тоғытуға деген бейімі бар екенін байқаймыз. Және Ұлттық қор трансферттеріне көп сенетіні анық көрінеді. Бұл трансферттік масылдыққа алып келуі мүмкін. Трансферттер – экономикалық тиімділікті артқа тартатын фактор болып отыр. Үкімет трансфертке сеніп, ішкі резервтерді іздеуін қойды. Былтырғы Жолдаудағы тапсырмалардың орындалуы бойынша ешкім есеп бермегенін көрдік. Орындалмаған тапсырмалар үшін кінә арқалаған жан табылмады. Биылғы Жолдаудың сұрауы қатаңдау бола ма? Ол Ақорданың өзіне байланысты. Өлмесек, оны да көрерміз. Әліптің артын бағалық, ағайын...

 

Ермек Сахариев
16.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 173
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 169
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 679
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 798
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 712

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8866
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8262
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11490
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9246
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10473