«Асық ату», «Тоғызқұмалақ» һәм бұқаралық спортты дамытып жүрген №7 мектеп-лицейінің ұстазы Жұматай Базарұлымен арнайы сұхбаттасып келдік. «Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, Жұматай ағамыз үйрететін ойындардың барлығы адамның ой-қабілетін дамытатын ойындар. Физикалық тұрғыдан емес, психологиялық дамып, жетілдіруге күш салады.
– Жұматай аға, өзіңізді хош көрдік, алдымен уақыт тауып сұқбат беруге келіскендігіңізге рақмет. Аға, «тоғызқұмалақ» ойыны халқым үшін ең жанына жақын ойындардың бірі десек болады. Кезінде жарықтық ұлы ойшыл Абай атамыздың өзі осы ойынның фанаты бопты (жалпақ тілмен айтып отырмын). Тіпті Абай атамыз жайлы жазылған зерттеулерде бір жерде «тоғызқұмалақты жақсы ойнайтын ойыншы бар» десе, арнайы кісі жіберіп шақырып ап ойнайды екен. Сіз Совет үкіметінің тұсынан бері педагогика саласында келе жатырсыз. Ол кезде «асық ату», «тоғызқұмалақ» ойындары бұқаралық спорт түріне жатқызылды ма?
– Алдымен арнайы іздеп келген сізге рақмет. Дұрыс сауал қойып отырсыз... Посткеңестік кезеңде «тоғызқұмалақ» ойыны «құмар ойындардың» қатарына жатқызылған. «Асық ату» деген ойын спортқа кірмеді. Бір жағынан баяғы «идеологияның» кесірі ғой. Біздің қазақ халқының оқу-сызуы кенже дамыды деген бос сөз бар. Бұл негізі коммунистік идеологияның бағыты, қалай да езіп-жаншып, тарихымен бірге ұлттық дәстүрін жоғалту үшін жасалған амал-айланың бірі. Таза қиянат қой. Бірақ қазақта керемет сөз бар: «Құдай жар болсын!» деген. Бағымызға қарай егемендігімізді алып, жоғалып бара жатқан ұлттық құндылығымызды қайта қолға ала бастадық. Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында «асық ату», оның ішінде «бес асық» ойыны (негізінен қыздар ойнайды), «тоғызқұмалақ» ойыны қайта келіп, спорт түріне енді. Содан бері бұл ойындарға қызығушылық артты. Ал енді бүгінгі таңда жер жаннаты атанған, тоғыз жолдың торабында тұрған Бурабай ауданынан осы спорттық ойындардан ондаған бала чемпион болып, ауданымыздың, облысымыздың қанжығасын майлап жүр.
– Жақсы, қаланың баласының уақыты бар, бұл ойындар ауылдық елді мекендерде қалай жүріп жатыр? Үгіт-насихат бар ма, әлде кенжелеп қалып тұр ма?
– Ақиқатында ауыл әкімдігінің ішінде бұқаралық спортқа арналған мамандар бар. Бірақ кім білсін... Әйтеуір аты бар, заты жоқ па деймін солардың. Себебі ауылдың халқы бұл жағынан «ұйықтап» жатыр деуге де болады. Бұл спорт түрі жастарға да, қарттарға да керек. Себебі қоғамның дамып жетілуімен қатар денсаулыққа пайдалы әрі уақытты зая кетірмейсіз.
– Ал енді әңгімеміздің тұздығына оралайық. Сіздің шәкірттеріңіз қазіргі күні біраз өңірлерге «тоғызқұмалақ» ойынына қатысып, елге жүлделі оралып жүр. Мұндай сәтте не болады – қаражатқа тіреледі ғой. Қаражатты қайдан аласыздар?
– Бұрындары бұл күрделі мәселе болатын еді. Республикалық жарыстарға барар кезде қиналатын едік, «жоққа жүйрік жетпейді» деп. Рас, ондай күндерді бастан кешірдік. Ал енді қазір аудандық спорт және туризм бөлімі бар. Қолұшын беріп жатыр. Жалпы, бұқаралық спорт түрі бұрын көп болатын. Қазіргі таңда біразын қысқартты. Алпысқа жуық бұқаралық спорт түрі бар. Бұның ішіне күрес, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату т.б. ойындар кіреді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, 2026 жылдан бастап спортқа жақсы көңіл бөлінбекші. Бұл дегеніміз, бұдан былай «ешкімге алақан жаймай» жол шығынды спорт және туризм бөлімі қаражатпен қамтамасыз қылады деген сеніміміз бар. Ал енді ең жас шәкірттерім 2-сыныптан басталады.
– Сөзіңіз аузыңызда, «асық ату», «бес асық», «тоғызқұмалақ» ойыны халықаралық деңгейде өте ме және бұған қандай ұлттар қызығушылық танытып отыр?
– Былтыр елімізде «Көшпенділер ойыны» өтті. Жан-жақтан ел, яғни көрші мемлекеттерден спортшылар көп келді. Сол кезде бұл ойындар ойналды. Көрші Ресейдің ішіндегі түркі тектес халықтың өкілдері, сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді мемлекеттін спортшылары да қатысты. Рекордтық көрсеткіш десек те болады. Түбі түркіден тараған халықпыз ғой. Сеніміміз бір. Кезінде бағыты, бағдар-мақсаты бір болған. Тарихтың аласапыран тұсында іргеміз ажырап кеткен. Сондықтан да, түркі баласының көптеген ойындары бір-бірімен ұқсас. Мысалы, көкпарды біраз мемлекеттер ойнайды. Ауғанстан, Қырғызстан сияқты елдер. Бұның ішінде біздің еліміз бар.
– Ал енді шәкірт тақырыбына оралайық. Қазір жаһандану уақыты. Заман басқа, заманның ырғағы басқа. Оқушылардың бұл ойынға деген қызығушылығы қалай?
– Рас, жаһандану уақытының талабы басқа. Кітап оқымайтын оқушылар бар. Тіпті кітап бетін парақтағысы келмейтін. Қазіргі оқушылар жылдамдықты жақсы көреді. Бір секундта барлығын біліп, танып, көріп, үйреніп, нәтижесін көрсеткісі келеді. Мен оларға жиі айтам: «еңбек түбі – жеңбек», еңбексіз рақат жоқ. Қандай шыңға шығам десең де, алдымен оның бейнетін көру керек. Басында «тоғызқұмалақ» ойынына оқушылар топтап келеді, қызығады, соның ішінен тек бірен-саран балалар ғана қалады. Қалғаны сол кете барады. Оларға өкпе жоқ. Әр баланың психологиясы әртүрлі. Біреу спортты, біреу шығармашылықты жақсы көреді. Жаңа сөз басында айтып қалдыңыз, ұлы Абайдың өзі тоғызқұмалақ ойынын жақсы көрген деп. Ал, Абай ойнаған ойын ғой. Ал енді қараңызшы, биыл ұлы ақынның туғанына 180 жыл болды. Соңғы екі ғасырда Абайдай ұлы дарын туды ма? Қазір екінің бірін «тұлға» дейміз. Тұлға деп тек Абайдай әні бөлек, сәні бөлек, ойы бөлек адамды ғана тұлға деуіміз керек. Кім-көрінгенді тұлға дей бермей. Мен әр сабағымда балаларға бұл ойынды Абай атамыз да ойнаған деп бастаймын. Бәлкім қызығар деген оймен. Тіл-аузым тасқа, шәкірттерім жерге қаратып жүрген жоқ. Жүлделі оралып жүр.
– Шәкірт тәрбиелеу оңай емес. Еңбек өтіліңіз жайлы айта кетсеңіз?
– 1979 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келген соң, қазіргі Кенесары ауылына мұғалім боп келдім. Еңбек жолымды сол жерден бастадым. Ол тұста посткеңестік уақыттың дәуірлеп тұрған уақыты, әлгі «социализм елесін» өкшелеп қуып жүрміз деген ұранның соңында телміріп жүрген кезең ғой. Содан кейін туған ауылым Қарағайда еңбек еттім. Қазір бірер түтін тұрады. Қандай мектебі бар – жабылды. Ішім удай ашиды. Қандай ауыл еді. Қаншама тектілер, мықтылар, жақсылар шыққан. Жұртын жабайы жусан басып қала берді. Амал не, сағат тілі кері айналып келсе, ауылыма барып ауылдың балаларын тәрбиелеп, ұлттық идеологияны бойларына сіңіруге өмірімді арнар едім. Қазақтың тәрбиесін кезінде анау-мынау академияның өзі бере алмаған ғой. Бірақ сол тәрбиеге сызат түсті. Жетпіс жылдық әлгі коммунистік бағыт бар. Соның кесірі, одан кейін батыстық идеология бар – дүдәмал, дүбәра күйге түсіп қалдық. Егер тәуелсіздік ертерек қолға тигенде, бәлкім ұлттық жадымызға суық тимес пе еді деймін кейде...
із қазіргі балаларды Отанды сүюге, қазақтың тектілігін дәріптеуге насихаттауымыз керек. Сонда ғана біз мықты елге айналамыз.
– Орыс халқының «городок» деген ойыны бар. Биылғы қазан айында ардагерлер арасында Щучинск қаласында осы ойыннан арнайы жарыс өтіпті. Ауыл әкімдеріне бұл ойынға қатысуға арнайы шақырту жіберіпсіз. Ауыл қарттары келді ме бұған?
– Жалғыз «городок» ойыны ғана емес – шахмат, асық ату, тоғызқұмалақ ойындарын өткізбек болдық. Ауыл әкімдерінің ішінен өз ісінің маманы, жауапкершілікті сезінетін тек Зеленобор округінің әкімі ме деп ойладым. Қалғандары жүре тыңдап, тіпті жауап та бермеді. Сайланған әкімдер жас жігіттер, жамандағаным емес, Президент бұқара мен биліктің арасына дәнекер болады деп арнайы сайлау өткізіп жатыр. Бірақ олар әлі де сол немқұрайлықпен жүр. Баяғыдай бастарында кеңселері болмаса жарайды. Кейбір ауылдарда спорт нұсқаушылары бар. Әкімдердің астарында көліктері бар, бастарында кеңселері бар. Бірақ жұмыстарына салғырт. Негізі әкім мырзалар баяғыдай ұзын арқан, кең тұсаумен жүре, тыңдағанды қойып, халықпен жұмыс істегені абзал. Бұл бәле жауып, қаралап отырғаным емес. «Мен ауылға спорт алаңын ашып бердім, сүйтім-бүйтім» десе, бұның барлығына аудан, облыс көлемінен қаражат бөлініп жатыр. Ескі Қазақстандағыдай емес. Бұрын «бюджеттен бөлінді» деп айтылғанымен, ауада қалқып қалып қоятын-ды. Ал енді ауыл қарттарына да, жастарына да көңіл бөлу керек. Спортқа көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр ғой. Тіпті ауыл әкімдері ұйымдастырылып тұрған жерге қарияларын әкеле алмады. Бұл ақиқат. Я жазарсың, я жазбассың. Мен шындықты айтқанды жақсы көрем, мәймөңке сөзді емес. «Тіл жүйрігі – бетке» деген қазақ.
– Демек, ауылдағы қарттарға да көңіл бөлу керек дейсіз ғой?
– Әрине, неге көңіл бөлмейді? Кейбір қариялар үйге сыймай отырады. Бәлкім, олардың ішінде мықты шахмат ойнайтындары бар шығар. Басқа да ойындарды ойнайтындар болуы мүмкін. Мысалы, Көкшетауда облыс әкімі Марат Ахметжановтың бастамасымен «Ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды. Қазір ол жерге баратын қариялардың саны артқан, сыймай жатыр. Сарыарқа мөлтек ауданынан тағы кеңірек қып ашпақшы. Біздің аудан орталығында «Ұзақ өмір сүру орталығын» ашу керек деп ұсыныс тастадым. Аудан әкімі, бұйыртса, 2026 жылы қалай да ашуға тырысам деді. Сол кезде жаңағындай ойындар өтіп жатса, ауыл әкімдері де атсалысуы керек. Көп жасаған көненің көзінен көп тарих алмайсың ба? Қазақ «қарты бардың – қазынасы бар» деп бекер айтты ма?
– Жұматай аға, керемет, тартымды ашық әңгіме болды. Біраз сыр ақтардық. Әңгімеміздің мұртын бұзбай осы күйінде жариялап берем. Ұлт үшін, ұрпақ үшін атқарып жатқан жұмысыңызға тек қана сәттілік тілеймін. Әрдайым жұлдызыңыз жана берсін!..
– Рақмет! Саған да жолың ашық болсын!..
Расында да, бұқаралық спортты дамытуымыз керек. Жұматай Базарұлының әңгімесінен көп ой түйіп шықтым. Бурабай аудандық спорт және туризм бөлімінің басшысына хабарласып, қоңырау шалып едім, ол кісі «кезекті еңбек демалысымдамын» деп маманның телефон нөмірін жіберді. Бірақ маманнан кері байланыс болмады.
Биылғы сайлауда сайланған Қатаркөл ауылының жаңа әкімiне хабарластық.
Қазан айындағы «Қарттар күніне» байланысты қариялар арасында бұқаралық спорттан қандай ойындар өтті? – деп.
– Қазан айындағы Қарттар күніне байланысты ондай бұқаралық спорттан жарыс өткізген жоқпыз, өкінішке орай. Жауапты маман бар. Бірақ «Наурыз», тағы басқа мерекелерге байланысты спорттық ойындар өтіп тұрады, – деп қысқа ғана жауап берді.
Ақиқатында қазіргі күні ауылдық жерлерде біраз ғимараттар салынып жатыр: мәдениет үйлері, спорт нысандары. Тек, осыған жан бітіріп, көзтүрткі, қолбайлау қылмай, әрі қарай дамыту атқамінерлердің міндеті деп ойлаймыз.
Сұхбаттасқан – Бурабайдың Жеңісі
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы















