Бүгін (15 қазан) елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «ЕЛДІК ҰСТАНЫМ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК НЫСАНАСЫ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай 1951 жылы 15 тамызда ШҚО-ның Абай ауданында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. (1969-1974) Жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы. Ол көркем әдебиеттің түрлі жанырларына қалам тартқан талант. Әдебиетке өлеңмен келіп, кейін әдемі әңгімелер, очерктер жазған. М.Икбалдың, С.Тогэнің, Л.Шералидің, В.Шефнердің, Р.Рождественскийдің, С.Қапаевтың және т.б. өлеңдерін қазақ тіліне аударған аудармашы.
Көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбай көп уақытын зерттеуге, соның ішінде Алаш қайраткерлерінің мұралары мен Алаш тарихының ақтаңдақ тұстарын зерттеуге арнады. «Бейуақ» монографиясының негізінде кандидаттық (1992), «Бесігіңді түзе» зерттеу кітабы негізінде докторлық (2000) диссертациялар қорғады. 2002 жылы профессор ғылыми атағы берілді. Қазірге дейін 76 кітабы жарық көрген. Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері әлемнің 15 тіліне, ал ғылыми еңбектері ЮНЕСКО-ның ресми тілдеріне аударылған. Ғалымның «Ұраным-Алаш» атты зерттеулері қазақ, орыс тілдерінде жарыққа шықты. Зиялы қауым өкілдері ғалымның бұл еңбегін Алаштануға, отан тарихын зерттеуде қосылған үлкен үлес ретінде бағалайды.
Көрнекті Алаштанушының 70 жылдық мерейтойына арналған бұл шараны Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі Тарихшылардың ұлттық конгресі мен ғалымның өзі жетекшілік ететін «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ұйымдастырып отыр. «Елдік құндылықтар және гуманитарлық ғылымның басым бағыттары» және «Ұлт руханияты: ізденістер, жобалар, тұжырымдамалар» атты екі секциядан тұратын конференцияға алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар баяндамалар жасап жатыр.
Толық ақпаратты газетіміздің алдағы нөмерінен оқисыздар.