Жуырда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен Қарақия ауданына қарасты Бостан, Сенек және Құланды ауылдарына барып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, елді мекен тұрғындарымен кездескен еді.
Әкім жұмыс сапары барысында екі мыңнан астам халық өмір сүретін Бостан кенті мен 1800-ден астам адам тұратын Сенек ауылы тұрғындарымен арнайы кездесу ұйымдастырды. Әкіммен кездесуге келген ауыл тұрғындары халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, білім, медицина саласындағы кадр тапшылығы, жолдар сапасы сынды өзекті мәселелер жөнінде сауалдарын жолдады.
Сенек ауылының әкімі Оразғали Бекенбаевтың айтуынша, ауыл халқы электр қуатымен, орталықтандырылған тұрмыстық газ және ауызсумен жабдықтау желілерімен 100 пайызға қамтамасыз етілген.
Ауыл халқын мал жайылымдарын бөлу мәселесі алаңдатады. Ал Маңғыстау облысы бойынша жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетовтың мәлімдеуінше, облыста соңғы 3 жылда 3 миллионнан астам гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде игерілмей жатқан 2 млн 406 мың 441 гектарды құрайтын ауылшаруашылығы алқабы Қарақия ауданындағы «Сенек» ЖШС-ға тиесілі.
Жер телімін электронды сауда, конкурстар арқылы пайдалануға болады. Қарақия ауданы әкімдіктері өткізген байқауларда жеңімпаз атанғандардың қатарында «Сенек» ауылында ұзақ жылдардан бері егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан тұрғындар бар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауылшаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Сол арқылы мал басын көбейтуге, ауылшаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу мүмкіндігі қолжетімді. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктер мен көрсеткен қолдауларды тиімді пайдалану қажет. Ауылдағы өмір сүру деңгейі мен халықтың табысы осыған байланысты болғандықтан, әкімдіктер басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуі қажет, – деді Нұрлан Ноғаев.