Жақында ғана Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан Мекке қаласында «Мекке бірлескен қорғаныс келісіміне» қол қойды. Бұл маңызды құжат бойынша ендігі жерде аталған үш елдің біреуіне сырттан қарулы шабуыл жасалатын болса, ол осындағы үш елдің кез келгеніне жасалған шабуыл ретінде қарастырылатын болады. Сыртқы сипаты жағынан НАТО-ға ұқсас бірлескен қорғаныс келісімі Израильді алаңдатып қойғандай... Біз осы туралы «https://www.rfi.fr/cn» сайтында жарияланған «Үшжақты қорғаныс келісімі неліктен Израильде алаңдатып қойды?» атты шағын сараптамалық мақаланы қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Израильдің алаңдаушылығы, әсіресе Пәкістанның қорғаныс министрі Израильге қарсы «біртұтас әскери майдан» құруға және Таяу Шығыстың тағы бір ірі державасы Египетті жаңа одаққа шақырғаннан кейін күшейе түсті.
Бұл бірлескен қорғаныс келісімі Израильге бағытталған емес, керісінше, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы тежеуінің айтарлықтай әлсіреуі немесе «сәтсіздікке» ұшырауынан туындаған бос орынды толтыруға, Иранның экспансиясының алдын алу үшін бірігуге тырысудан туған еді. Дегенмен бұл жағдай Израильде алаңдаушылық тудырып отыр?
Израильдің көзқарасы мүлдем басқа. Тель- Авивтің көзқарасы бойынша, Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясының үшжақты қорғаныс келісіміне қол қоюы стратегиялық жақтан қорқынышты түске айналғандай. Анкара әскери одақты «НАТО-ның ұжымдық қорғаныс қағидатына баламалы» келісім деп атайды. НАТО-шартының 5-бабы бойынша ұжым құрамындағы кез келген бір елге шабуыл жасалатын болса, өзге мүшелерден көмек көрсетуді талап етеді. Ал жаңадан қол қойылған үшжақты одақ бойынша үш ел автоматты түрде әскери көмек көрсетеді, яғни «бір елге шабуыл жасау үшеуіне де шабуыл жасаумен тең». Израиль үшін алаңдаушылықтың үлкені Пәкістан болып отыр. Өйткені ол ислам әлеміндегі жалғыз ядролық қаруы бар держава. Сонымен қатар, өзара қорғаныс туралы үшжақты келісімге қол қойылғаннан кейін Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф жағдайды одан әрі ушықтырып, Израильді «заңсыз» мемлекет деп жариялап, мұсылман әлемін Израильге қарсы «біріккен әскери майдан» құруға шақырып, өзінің пиғылын ашық көрсетті. Шын мәнінде, Израильдің ең үлкен алаңдаушылығы – мұндай ауқымды қарулы одақтың өз іргесінде қалыптасуы аймақта бұрын-соңды болмаған оқшаулануға әкелетіндей. Израильдің алаңдаушылығы негізсіз емес; үшжақты одақ Мысырды өзіне тартып, Иранмен шиеленісті азайтуға тырысуда.
2020 жылдан бастап Израиль Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Марокко, Судан және Қазақстан сияқты бірнеше мұсылман елдерімен «Ибраһим келісімдеріне» қол қойды. Израиль бұл дипломатиялық жетістіктің күйреуінен қорқады.
Үшжақты әскери одақ шынымен де Израильге қарсы тұруға бағытталған ба? AFP Парсы шығанағы мемлекеттерінің ішіндегі ішкі келіспеушіліктер мен Газа соғысынан кейін Түркия мен Израиль арасындағы шиеленістің күшеюін ескере отырып, соғыс кезінде қарым-қатынасы жақсарған БАӘ мен Израиль бұл жаңа одақтан сақ болуы керек деп санайтын бірнеше сарапшымен сұхбаттасты.
Соғысқа дейінгі қарым-қатынастары шиеленіскен Эр-Рияд пен Абу-Даби жақында татуласса да, Израильмен қарым-қатынастары бойынша әлі де келіспейді. БАӘ Трамптың «Ибраһим келісімдері» бойынша Бахрейн және Мароккомен қарым-қатынасты қалыпқа келтірді, ал Эр-Рияд Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтірудің алғышартын қойды: Израиль Палестина мемлекетін мойындауы керек.
Англия Корольдік Біріккен Қызметтер Институтының өкілі Х. А. Хелиер «Вашингтон бастапқыда Израильді қамтитын қауіпсіздік архитектурасын құруға үміттенді және Сауд Арабиясының Израильмен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруін әлі де күтті. Аталмыш одақ бұл бағыттан мүлдем ауытқиды» деп санайды. Ол сондай-ақ бұл жаңа келісім «Иран мен Израильдің гегемониялық амбицияларын бір мезгілде тежеуге деген ұмтылысты көрсетеді» деп санайды. Ендеше, неге қазір үш ел бірлескен қорғаныс туралы шарт жасасуы керек? Кейбір сарапшылар мұның АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ұстанымымен тығыз байланысты деп отыр.
Қақтығыстың басталғанына алты айға жуық уақыт өтсе де, Америка Құрама Штаттары Иранға шешуші соққы бере алмады. Иран Ормуз бұғазын жауып тастайды, ал оның одақтасы Йемендегі хусит көтерілісшілері Қызыл теңізде навигациялық кедергілер тудырады. Сондықтан, бұл соғыс АҚШ әскери гегемониясына және Вашингтонның одақтастарына берген кепілдіктеріне негізделген аймақтың ұзақ мерзімді қауіпсіздік архитектурасын түбегейлі өзгертті.
АҚШ әскери күштерінің аймақтағы көптеген базаларына қарамастан, Иран мен оның өкілдері ұшырған барлық дрондар мен баллистикалық зымырандарды, әсіресе Парсы шығанағындағы мұнай өндіретін монархияларға қарсы шабуылдарды ұстап алу қиын болып қалатыны анық. Сауд Арабиясын жақтайтын саяси сарапшы Әли Шихаби X платформасында бұл жаңа одақтың құрылуы «Американың тежеу қабілеттілігі айтарлықтай әлсірегенін» және Иран қаупіне «аймақтық державалардың барлығы тап болатындығын» атап өтті.
Байлығы шылқыған Сауд Арабиясы Корольдігі бұл жаңа одақтың өзегіне айналды. Эр-Рияд Пәкістанмен ұзақ мерзімді әскери серіктестікке ие және 2025 жылдың қыркүйегінде Пәкістанмен өзара қорғаныс туралы келісімге қол қойды; жылдар бойы шиеленістен кейін Сауд Арабиясы мен Түркия арасындағы қарым-қатынас та біртіндеп жақсарды. Сарапшылардың пікірінше, бірлескен қорғаныс туралы келісімге қол қою үш елге де пайдалы. Лондондағы Кингс колледжінің қауіпсіздік зерттеулері бойынша оқытушысы Андреас Кригер «бұл үш ел бір-бірін айтарлықтай толықтырады» деп санайды. Атап айтқанда, әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы Эр-Риядтың айтарлықтай қаржылық ресурстары бар, бірақ «әскери-өнеркәсіптік әлеуеті шектеулі». Екінші жағынан, Түркия мен Пәкістанның күшті әскери әлеуеті бар.
НАТО мүшесі Түркия «технология мен өндірістік әлеуетке ие, бірақ нарықтар мен инвестицияларға мұқтаж», ал Пәкістан «еңбек күші мен ядролық тежеу құралдарына ие, бірақ қаржыландыру мен өнеркәсіптік даму мүмкіндіктеріне мұқтаж». Бұл факторлар теориялық тұрғыдан бұл үш одақтасқа қуатты соққы беру мүмкіндігін береді.
Бұл сарапшы «тек АҚШ қолшатырына сүйенудің орнына көп деңгейлі қауіпсіздік кепілдіктерін іздеу» Эр-Риядтың мүддесіне сай деп санайды. Ол сонымен қатар келісім қауіпсіздіктегі олқылықты толтыратынын, әсіресе Вашингтон «Израильдің бетіне қақпай отырған жағдайда тіпті маңызды» деп санайды.













