«WORLDSKILLS ASTANA – 2025» ҚАЛАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

«WORLDSKILLS ASTANA – 2025»  ҚАЛАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Астана төрінде, «Бейбітшілік және келісім сарайында 2 маусым күні  «WorldSkills Astana – 2025» кәсіби  шеберлік чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Сайыс қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. 

Биылғы жылы «WorldSkills Astana-2025» байқауында 350 қатысушы үздік атағын сарапқа салып, 250-ден астам сарапшы 50 кәсіби құзыреттілік бойынша көшбасшыларды анықтау бойынша жұмыс істеді.

WorldSkills чемпионатының жұмыс алаңдарын 4 мыңнан астам қонақ келіп тамашалады. Олардың қатарында әлеуметтік серіктестер, жұмыс берушілер, бизнес-қоғамдастықтың жетекшілері, қоғамдық қорлардың өкілдері, елорда мектептерінің оқушылары мен ата-аналар қауымдастығының мүшелері болды.

Қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Ақмарал Хон: «Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп отырғандықтан, осы жұмысшы мамандықтарды әрі қарай дәріптеу. Осы мамандықтарға балалардың қызығушылығын арттыру. Сондықтан бүгінгі жабылуына колледж студенттерімен қатар мектеп оқушыларын да шақырып отырмыз» дейді.

Астанадағы құрылыс-техникалық колледжінің студенті Аллажар Хамитов командасымен бірге байқаудың алтын медалін жеңіп алды. Электрмен қамтамасыз ету мамандығында білім алып жатқан жастың жобасы көпшілікті қызықтырғаны анық.

Қалалық құрылыс техникалық колледжінің студенті Аллажар Хамитов: «Менің жұмысымның айырмашылығы – қазір бізде оны пультпен басқарады ғой. Ол сәтте бәрі программа арқылы жасалды, компьютер арқылы. Компьютерге бізге бір сағаттай уақыт беріледі. Сол уақытта біз компьютермен жұмыс істейміз. Басқан кезде программа өзі істейді. Шлагбаум өзі ашылады. Бір кнопка арқылы бәрі өзі жабылып, ашылып, өзі жұмыс істей береді әрмен қарай» деп ағынан жарылды.

Білім бәсекесінде 50 кәсіби бағыт бойынша көшбасшылар анықталды. Әр жеңімпаздың жұмысы елдің дамуына өзіндік үлес қоса алады дейді мамандар.

Техникалық колледж студенті Мариям Тасболатова: «Бүгін біздің колледжде WorldSkills Astana – 2025 чемпионатының «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша сайысы өз бастауын алды. Елордалық 5 колледжден келген 5 үміткер заманауи сән үлгілерін дайындап, кәсіби шеберліктерін ортаға салуда. Олар екі күн ішінде 4 модуль бойынша тапсырмалар орындап, киім үлгілерін модельдеу, пішу, тігу және өңдеу секілді маңызды кезеңдерден өтеді.

Сайыс барысында қатысушылардың жұмыс сапасы, шығармашылық идеялары, техникалық дәлдігі мен уақытты тиімді пайдалану дағдылары бағаланады. Сонымен қатар, байқау – тәжірибе алмасуға, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге, әрі болашақ маман ретінде өзін дәлелдеуге үлкен мүмкіндік.

Колледж қабырғасында өтіп жатқан бұл дода болашақ тігінші-дизайнерлерге шабыт беріп, олардың кәсіби өсуіне серпін беретіні сөзсіз. Барлық қатысушыларға сәттілік пен шабыт тілейміз!».

Іріктеу кезеңі  16 мамыр мен 30 мамыр аралығында өткенін еске саламыз. Небәрі 15 күн ішінде колледждердің 15 алаңында келесі құзыреттер бойынша жеңімпаздар анықталды: кірпіш қалау, прототиптеу, кондитерлік іс, ақпараттық кабельдік желілер, жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету және жөндеу, мейрамханалық сервис, дәнекерлеу технологиясы, желілік және жүйелік басқару, наубайхана ісі, сандық бағдарламалық басқару станоктарындағы токарлықжұмыстар, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, инженерлік графика CAD, бизнеске арналған  IT шешімдер, шаштараз өнері, аспаз ісі, веб  технологиялар, графикалық дизайн, сәнтехнологиясы, мобильді робототехника, бастауыш сыныптарда оқыту, шанақты жөндеу, мобильді қосымшаларды әзірлеу, өнеркәсіптік автоматика, мехатроника, сантехника және жылыту, электр құрастыру, қыш тақтаймен қаптау, әрлеу және сәндік жұмыстары, ағаш ісі, кәсіпкерлік, сандық бағдарламалық басқару станоктарындағы фрезерлік жұмыстар, E-mobility, қонақүй әкімшілігі, флористика, компьютерлік ойындарға арналған 3D модельдеу, мобилография, интернет-маркетинг, мектепке дейінгі тәрбие, дене тәрбиесі және спорт, бейне монтаж, бұлттық бағдарламалау, электровозды басқару, теміржол көлігіндегі тасымалдау процесін басқару, (BIM) ақпараттық модельдеу технологиясы, жиһаз өндірісі және т.б.

 «WorldSkills Astana – 2025» қалалық чемпионаты аясында мүмкіндігі шектеулі білім алушылар арасында кәсіби шеберлік бойынша Abilympics, есту қабілеті бұзылған білім алушылар арасында Deafskills және мектеп оқушылары арасында Jasskills чемпионаттары да өткізілді.

Кәсіби шеберлік бойынша өткен X қалалық «WorldSkills Astana – 2025» чемпионатының жеңімпаздары алтын, күміс, қола медальдармен және құрмет медальондарымен марапатталды.

Айта кетер жайт, қалалық байқау жеңімпаздары «WorldSkills Kazakhstan – 2025» Ұлттық чемпионатына қатысады. 

«WorldSkills Astana – 025» чемпионатының өткізілу кезеңінде кәсіби білім беруді дамытуға, жұмысшы мамандықтарды насихаттауға және кадрларды даярлау жүйесіне инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған бір қатар ауқымды іс-шаралар өтті.

Аталған іс-шаралардың бірі – «100 бейінді сынып» жобасы аясында өткен мектеп оқушыларының слеті болды. Слет 8 бағытты қамтыды: сервис (тамақтануды ұйымдастыру, техникалық қызмет көрсету), дизайн, тігін өндірісі, теміржол көлігі, IT, педагогикалық бағыт және медицина.

Сондай-ақ, еліміздің үздік кондитерлерін жинаған «CHOCOLATINE KAZAKHSTAN 2025» республикалық чемпионаты өткізілді.

Бұған қоса, колледждер базасында әлеуметтік серіктестермен бірлесіп экскурсиялар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қатысушылар заманауи оқу және кәсіптік даярлық жағдайларымен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды.

Жоба колледж түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруда және олардың жұмыспен қамтылуында, мектеп оқушыларының сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды таңдауға бағытталған кәсіби бағдарлануында үлкен рөл атқарды. Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестер мен және жұмыс берушілер мен іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал етті.

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
05.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13845
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28924
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27589
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31101