Халқы жақсы көрген Ильяс аға

Халқы жақсы көрген Ильяс аға

Ұлы Отан соғысынан кейінгі 1950-1970 жылдары елінің ертеңі, халқының болашағы жолында жан аямай еңбек етіп, өзінің зеректігі, білімі, іскерлігі, тындырымдылығы, жауапкершілігі арқасында үлкен сенімге ие болып, бірнеше шаруашылықтың тізгінін ұстаған, биыл туғанына 100 жыл толып отырған қазақтың біртуар азаматы Ильяс Байғозиев болатын. Менің Ильяс ағамыздың өмірбаянымен алғаш рет 2009 жылы танысуыма тура келіп еді. Ол кісі 1960 жылдардың екінші жартысында басшылық жасаған Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданындағы «ХІХ Партсъезд» атындағы колхозға қарасты Жамбыл және Қаратоған (бөлімше) деген еншісі бөлінбеген екі ауыл бар. Мен сол Қаратоғанда туып-өстім. 2009 жылы осы екі ауыл орналасқан Байынқол өңірінің, екі ауылдың, колхоздың, осындағы жер-су атауларының тарихын, осы екі ауыл халқының басым көпшілігін құрайтын Байсейіт батыр ұрпақтарының шежіресін қамтитын кітап құрастыру жұмысын қолға алдым. Кітаптың бір тарауы «Ауылды өркендеткен өрге сүйреп» деп аталды. Осы бөлімге колхозды құрылған күнінен бастап әр жылдары басқарған азаматтар жайлы материалдар жинақталды. Жұмыс барысында Ильяс ағаның екінші қызы Ұлжан әпкемізді іздеп таптым. Ол кісіні мен өзім араласып тұратын Сағат Әшімбаев ағамыздың отбасы арқылы бұрыннан танитын болып шықтым. Бірақ ол кезде Ұлжан әпкеміздің Ильястай асылдың сынығы екенін білмеген едік. Ұлжан тәте әкесі жайлы материал дайындап, ағамыздың отбасымен түскен бір суретін ұсынды. Ол материалды  мен «Ауылым Байынқолдың сағасында» деген кітабыма жарияладым...

Сол мақаланы оқи отырып 30-ға жетпей жатып бірнеше шаруашылықта бас бухгалтер, қырыққа ілікпей жатып колхоз басқармасының төрағасы болып, аз уақыттың ішінде екі колхозды алдыңғы қатарға қосқан жанкешті еңбегіне қатты риза болғаным есімде. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпай жатып еңбекке араласып, 14-15 жасында ауыл белсенділерінің қатарына қосылып, ерте ержетіп, ерте ысылған Ильяс ағамыздың өмірбаянына үңілейікші.

Ильяс Байғозиев 1924  жылы  Алматы облысы Кеген ауданының Жалаулы ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Отбасында Ильястың төрт ағасы, екі інісі,  бір қарындасы болған. Ол 1941 жылы Кеген орта мектебінің сегізінші сыныбын бітіреді. Соғыс жағдайына байланысты ары қарай оқу мүмкін болмағандықтан еңбекке араласады. Алғашқы еңбек жолын Кеген ауданының Ленин атындағы колхозында бригаданың есепшісі болып бастайды, кейін мал фермасының есепшілігіне ауысады. 1945 жылы «Бірлік» колхозына бухгалтер болып тағайындалып, сол қызметті кейін ауданның Қызыл ту, Молотов, М.Горький, Тоғызбұлақ колхоздарында да атқарады. Ильяс Байғозыұлы  өзінің басты армандарының бірі – білім алуды да естен шығармайды. Қызметін атқара жүріп, білімін де көтереді, мамандығын жетілдіреді. 1953 жылы Жалаңаш орта мектебін сырттай оқып бітіреді. 1954 жылы Алматы Ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп,  оны үздік бағамен аяқтайды. 1959 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне түсіп, оны 1964 жылы бітіріп шығады. Сол жылы туған ауылына оралып, Тоғызбұлақ колхозының бас бухгалтері қызметіне тағайындалады. 

Жақсы біліммен қаруланған, жас та болса есеп-қисап, экономика, шаруашылық басқару жағынан көп тәжірибе жинап үлгерген Ильяс ағамызды аудан, облыс басшылары 1965 жылы Нарынқол ауданының «ХIХ партсъезд» колхозының  басқарма төрағасы етіп тағайындайды. Ол кезде бұл колхоз аудандағы  ең артта қалған шаруашылық екен. Көпті көрген сұңғыла басшылар Байғозиевтің қолынан іс келетінін дөп басып танып, оны жауапкершілігі ауыр жұмысқа апарып салады. Қиындықтан қаймықпайтын Ильяс іске бел шеше кіріседі. Ол шаруашылықтың кіріс-шығысын, экономиканың  қыр-сырын, пайда мен табыстың көзін қайдан іздеу керектігін тамыршыдай тап баса білетін зерек те зерделі жас болатын. Әрине, «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам қорған емес» демекші, ағамыз халықтың көңілін тауып, соңынан ерте білудің, жұмысты тиімді ұйымдастыра білудің, елдің жағдайын жасаудың, қамқорлыққа мұқтаж жандарға пана бола білудің де хас шебері еді. Ол осы принципінен өле-өлгенше айныған жоқ. Ал оның туған-туыс, жекжат-жұрат, дос-жарандар арасындағы қамқорлық істері, абырой-беделі, өнегесі өз алдына үлкен әңгіме. 

Өзінің тамаша мінезі мен еңбекқорлығы арқасында ол халықтың қалаулысы, елінің елеулісіне айналды. Халық оны тез жақсы көріп кетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, колхозшылар үлкен-кішісі болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Ілекеңнің артынан ілесіп берді. Нәтиже көп күттірген жоқ. Колхоз экономикасы бірден көтеріліп, мал басы артып, ауылшаруашылығы өнімдері молайып, халықтың әл-ауқаты жақсарып шыға келді. Сол заманда Ильяс ағамыздай іскер басшыларды майданның алғы шебіне жауға қарсы апарып салғандай  шаруасы шатқаяқтап тұрған жерлердің жағдайын түзеуге жіберетін үрдіс бар еді.

 «Партсъезді» жөнге салған Байғозиевті одан да зор еңбек майданы күтіп тұрды. Іскер басшы сөйтіп 1969 жылы шаруашылығы артта қалған  Сарыжаз ауылындағы «Калинин» атындағы колхозға басқарма төрағасы қызметіне ауыстырылады. Бұл колхоз аудандағы ірі шаруашылықтың бірі болатын. Бұл жердегі бастан асып, шаш етектен келетін жұмыстарды ретке келтіру үшін ағамыз бір күн де бел шешіп жатпады. Келе салып  қызметіне қауырт  кірісіп кетті. Жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Күн-түн демеді. Мұнда да шаруа ыңғайға көніп, жағдай жақсарып келе жатты. Ағамыз ашық машинамен малшы аралап жүріп тамағына суық тигізіп алады.  Сол  жабысқан дерт ол кісіні нағыз кемеліне келіп, толысқан, өмірдің ыстық-суығына әбден піскен шағында  арамыздан әкетіп тынды. Ол кезде Ильяс ағамыз небәрі 46 жаста ғана болатын. 

Елі мен жеріне адал қызмет еткен асыл азаматтың артында аңызға айналған көркем мінезі, елге жасаған жақсылығы, адамға деген ізгілігі мен адамгершілік қасиеттері  қалды. Ол ешқашан ұмытылмай, ел есінде мәңгілік сақталып қалады. 

Жан жары Тоқтасын екеуі  тәрбиелеп өсірген төрт ұл, төрт қызы да жоғары білім алып, өсіп-өніп, өмірден өз жолдарын тапты. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар...

Ардақты ағамыздың 100 жылдық мерейтойына орай қыздары Ұлжан мен Нұргүл әкелерінің өнегелі өмірін паш ететін кітап құрастырып шықты. Кітап «Өнегелі өмір өрнегі» деп аталады. Ильяс ағамызбен жас кезінде бірге қызмет істеген, ол кісінің қамқорлығы мен тәлім-тәрбиесін көрген, бүгінде алдының жасы 90-ды, артының жасы 70-ті алқымдап қалған жандардың және ол кісінің туған-туыстарының естелігінен тұратын бұл кітапты әдеби өңдеп, баспаға дайындау жұмысын атқару менің тәлейіме бұйырған екен. 

Асыл жанның артында қалған өнегелі өмірі ұрпақтары арқылы жалғаса берсін!

 

Дүйсен МҮСІРӘЛІҰЛЫ,

журналист, 

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Шаргүл Қасымханқызы
01.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық
Бибітгүл Аманжоловна - 13.09.2024 128
ҚАЗАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ
Асқар Жұмаділдаев - 13.09.2024 142
28 мың орындық  мектеп салынады
Ш. МЕКЕНБАЙ, Шымкент қаласы - 04.09.2024 594
Конституция күні аталып өтті
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 04.09.2024 701
Жаңа қонысқа ие болды
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 04.09.2024 700

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 4520
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 3963
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 6393
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 4924
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 6124