Халық енді көлденең көк аттының жетегімен жүрмейді

Халық енді көлденең көк  аттының жетегімен жүрмейді

«AMANAT»-тың кезектен тыс съезінде не айтылды?

 

Мемлекетіміз үшін ішкі бірлігіміз маңызды

Қазір геосаяси жағдай ушығып, әлем елдері аумалы-төкпелі кезеңді бастан өткеріп жатыр. «Пышақ ұшындағы» саяси, экономикалық үрдістердің жалт беріп қалай өзгерерін ешкім болжап білмейді. Анығы жер бетіндегі барша халықтың бір ғана тілегі –  бейбітшілік, тыныштық, өзара достық. Қазақ халқы да «Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын» деген тәмсіл арқылы бейбітшілік сүйгіш бірлікті, ырысы тасыған ынтымақты насихаттайды. 

Астанада өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезінде «алтыбақан алауыздық» емес, ел бірлігі мен ішкі саяси, экономикалық тұрақтылық, халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеу мәселелеріне арналды. Съездің негізгі түйіні, бәрімізге белгілі, 20 қарашада болатын кезектен тыс сайлауда қай партия кімнің кандидатурасын ұсынады деген сұрақтың айналасында болды. Сонымен қатар партияның жаңа саяси тұғырнамасы бекітілді. Съезде Қазақстанның тұңғыш Еңбек ері, ұстаз Аягүл Миразова, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, айтыскер ақын, партияның саяси кеңесінің мүшесі Бекарыс Шойбеков, кәсіпкер, Көру қабілетін қалпына келтіру және алдын алу мектебінің негізін қалаушы Анна Яковлева, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев және басқа да бірқатар қатысушы делегаттар сөз сөйледі. 

Съезд барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің, «AMANAT» партиясының  төрағасы Ерлан Қошанов президент сайлауына партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. 

Ерлан Қошанов мәжіліс депутаты болды - 01.02.2022, Sputnik ҚазақстанЕрлан Қошанов: 

– Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. «Ер жолдасы –  тәуекел» деген сөз бар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алғалы бері тәуекел мен сынақтар аз болған жоқ. Қос өкпеден қысқан пандемия, айтып келмейтін түрлі табиғи апаттар, алыс-жақында болып жатқан қақтығыстар халықты алаңдатумен болды. Осы сындардың бәрін Мемлекет басшысы халқымен бірге көрді,  бел ортасында болды, қиындықтың бәрін тойтарып, елін алға бастап келеді.

Жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы» Қазақстан тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі болды. Бұл мемлекеттің іргесін сөгіп, шаңырағын шайқалтуға бағытталған теріс пиғылды күштердің қасақана әрекеті еді. Сол ауыр сәттерде Президентіміз бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып, еліміздің болашағы үшін шұғыл әрі батыл шешімдер қабылдады. Көк Байрағымызды құлатпай,  өз тұғырында сақтап қалды, –  деді.

Қазақ үшін, мемлекетіміз үшін қаңтар қырғыны тұтқиылдан келген ауыр соққы болғаны шындық. Халықтың қабырғасын қайыстырған қанды қаңтарда жазықсыз адамдар оққа ұшып, «қосақ арасында» бостан бос талай боздақ түрмелерге қамалды. Айыбы анықталмай жатып, азап шекті. Құқық қорғау органдарындағы кейбір қаныпезер «жендеттер» ұсталғандардың үстіне қайнаған су құйып, денесіне ыстық үтік басты. Мұндай бассыздықтың бәріне Президент Қ. Тоқаевтың «стрелять на поражение без предупреждения» ескертусіз оқ атуға бұйрық беруі сылтау болғаны да белгілі. Кейбіреулердің Президент бұйрығын өз мүддесіне асырғанына сенгіміз келеді. Өйткені Қ. Тоқаевтың «елордадан кетпеймін» деген табанды мәлімдемесінен кейін жағдайдың қалыпқа түсе бастағанын ұмыта қойған жоқпыз. «Тарих – әділ төреші» дейді халқымыз. Қанды қаңтар қырғынына әділ бағасын тарих береді.

Дәл қазір халқымыз үшін, мемлекетіміз үшін елдің бірлігі, ішкі татулық пен тыныштықтың маңызы зор. Иә, Жаңа, Әділетті Қазақстан үшін Әділдік, Теңдік, Бірлік қағидасының көтерер жүгі ауыр. Ел тағдыры, халқымыздың болашағы үшін «өткелде ат ауыстырмайды» деген өсиетке тоқтаған жөн.

 

Халықтық коалиция Тоқаевтың кандидатурасын қолдады

Ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атады – Астана Ақшамы«AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезінен кейін ҚР Парламент Мәжілісінің, «AMANAT» партиясының  төрағасы Ерлан Қошанов: 

– Түрлі саяси және қоғамдық күштердің дәл мұндай ауызбіршілігі біздің қоғамды топтастырудың мүлдем жаңа деңгейін көрсетеді. Осыған сүйене отырып, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен кеңесе келе, біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалиция құру туралы шешім қабылдадық, – деп, коалиция форумын шақырды. Съезден соң Халықтық коалиция құрылып, науқан кезінде бір қоғамдық штаб болып жұмыс істеуге біріккен саяси партия өкілдері, 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам белсенділері форумға жиналды.

Коалиция форумында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын, оны мықты саясаткер, шебер дипломат санайтынын мәлімдеген сынақшы-ұшқыш, Қазақстан әуе күштерінің генерал-майоры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров: 

– Халықаралық геосаяси жағдай қиын кезде бізге дәл осындай тұлға қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдің басшыларымен тең дәрежеде сөйлесе алатын сұңғыла саясаткер. Оның халықаралық тәжірибесі өте жоғары, әлемдік деңгейде мойындалған. Бізге тұрақтылық пен бейбіт өмір қажет. Біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау арқылы болашақты таңдаймыз. Мен Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан барлық реформаларды толық қолдаймын, – деп, Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын айтты.

Ал «Ақ жол» партиясының мүшесі, ҚР Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса және кезекпен сөз алған Қазақстанның Халық партиясының депутаты, «Қазақстан халқына» Қоғамдық әлеуметтік қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ирина Смирнова, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, кәсіби спортшы Ардақ Назаров, журналист, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Сергей Пономарев, М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетіндегі бизнес-мектептің директоры Алина Әбдірахманова және басқа да форум қатысушылары қазіргі Президенттің кандидатурасын қолдап, пікірлерін білдірді.  

Коалиция форумында «AMANAT» партиясының ұсынысын қолдап, оннан астам ұйым мен «Ақ жол» және Қазақстанның Халықтық партиясы бірігіп президенттікке үміткер ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Бәрекелді, бұл дұрыс шешім. Иә, бізге ең алдымен ел амандығы, мемлекеттің тұтастығы керек! Алла оң нәтижесін көрсетсін, ел аман болсын! Ежелден «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» елдің іргесі бүтін, шаңырағы шайқалмай, ырысы тасып, несібесі артатыны бәрімізге аян емес пе! Ел ішінде, халық арасында түрлі көзқарастың болуы, түрлі пікірлердің айтылуы заңды. Пікірде талас жоқ. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген аталы сөзін ескерсек, көп нәрсеге көзіміз жетеді. Қазақ халқы талай аласапыран заманды, тар жол тайғақ кешуді, аштық-нәубетті, қуғын-сүргінді бастан өткерді. Жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған қилы кезеңдерде қазақты аяғынан тұрғызған ұрпақ қамы, ұлттық жады, рух пен тіл бірлігі, қайтпас қайсар намысы екенін ешкім жоққа шығармайды. Дін мен діл, қазақ тілі, қазақ руханияты, әдет-ғұрыпы өтпелі кезең, сын сағатта сынаққа түспеуі керек. Қ. Тоқаев Ата Заңға конституциялық кеңес шешімімен «Президентті бір-ақ рет 7 жылға сайлау» туралы өзгерісті енгізді. Конституция шеңберінде президенттің 7 жылдық мерзімі – саяси тұрақтылықты сақтауға, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, демократиялық, әділетті қоғам құру қағидаты секілді басқа да қолға алына бастаған реформаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік беретін уақыт. Егер нақты жұмыс істеймін, халықтың үмітін ақтауға, жағдайының түзелуіне қызмет етемін деген адам Қазақстанның адами капиталын дамыту мен экономикалық потенциалын толық қолға алуына болады. Әділетті жаңа Қазақстан құруға деген ниет адал болса, 7 жыл халыққа қызмет етемін дейтін мемлекетшіл, халықшыл адал тұлғалардың қалыптасуына берілген уақыт. 

Елге инвестиция тарту мәселесінде Қазақстан кез келген елмен сенімді серіктес бола алатынын талай рет дәлелдеді. Президент Қ. Тоқаев үш жыл ел басқара жүріп, халықаралық саясаттағы беделін айқындады. Ешкімді өзіне теңгергісі келмейтін талайлармен тең, тіпті кейде мысын баса сөйлеп, дипломатиялық мінез көрсетіп келеді. Әлем экономикасының екінші қожайыны саналатын Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзинь-пиннің пандемиядан кейінгі шетелге алғашқы сапарын Қазақстаннан бастап, еліміздің тұтастығын сақтауға барынша жәрдемдесетінін білдіруі де тегіннен -тегін емес. Сондықтан Қ. Тоқаевтың кандидатурасын қолдап, халықтық коалицияның құрылуы – ортақ пайым, ортақ пікір, ортақ көзқарас алаңының ауадай қажеттігінен туындаған шешім деуіміз керек.

 

Президенттің ұлтты ұйыстыратын 7 қағидасы

Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаушылар форумына қатыстыКоалиция форумында сөйлеген Мемлекет басшысы: 

– Тағы бір бастама – Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу. Мен осы шешім туралы көп ойландым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес деген тұжырымға келдім. Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды. Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс, – деді. Сондай-ақ, заң үстемдігі салтанат құрып, теңдік қағидаттары сақталатын, демократиялы мықты мемлекет болу үшін ұлтты ұйыстыратын нақты жеті қағиданы айқындап, әрқайсысына жеке-жеке тоқталған Президент: 

– Тәуелсіздік бәрінен қымбат, Елдіктің негізі – жеріміздің тұтастығы, Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық, Рухани үндестік – бірліктің бастауы, Заңдылық пен тәртіп – өркениетті ел болудың кепілі, Жасампаздық – жаңару мен жаңғыру жолы, Достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық – ең асыл қасиеттер, – деп, мемлекеттің іргетасының беріктігі мен тұтастығының басты қағидасы – азаматтық, әділетті, құқықтық мемлекет құрудағы адами құндылықтардың алға озуы мен ұрпақ бойында еңбекқорлық мінез қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент «Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық» екенін де ұмытпай, «Ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек. Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық әр азаматқа тән қасиет болуға тиіс» деп, халық көптен бері күткен сөзді айтты. 

Ал халықтық коалицияның қолдауымен бірауыздан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған шешімге қатысты Қ. Тоқаев: 

– Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдар маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деп, алдағы сайлауға президенттікке үміткер ретінде қатысатынын хабарлады.

 

Мемлекеттік тіл мәселесі тағы да қалтарыста қалып қойды

Бір әттеген-айы... Бір ғана арман Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді ерекше айтады-ау деп күтті көпшілік. Мемлекеттік тіл мәртебесін де назардан тыс қалдырмай, қоғамды топтастыратын қазақ тілі екеніне ерекше «акцент» берсе екен деген арман әдірем қала береді. Оның да өз себебі болуы мүмкін. Мықты саясаткер, сауатты дипломат қой. Съезд бастан-аяқ қазақ тілінде өтті деп «бөркін аспанға атып» жатқандар да бар. 30 жылдан астам уақыт Тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілінің жоқтаушысы болып, жан дауысы шықпаған адам кемде-кем шығар. Бірақ 30 жылдан астам уақыт билік бірде-бір рет мемлекеттік тіл – қазақ тілі үшін жанын ауыртпады деуге әбден болады. 

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің ары. Мемлекеттің арын арсыздар ғана қорғамайды. Мемлекеттің арын еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін қорғауы тиіс..! Қайран Шерхан Мұртаза – Шер-аға!.. Дер кезінде айтудай-ақ айтты-ау. Шырылдады. Естімеді. Әлі де сол сөздері жадымызда жаңғырып тұр. «Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа тілдердің жолын кесіп, бағын байлау емес. «Өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген сөз. Зорлықпен тұншықтырылған қазақ тілін тірілту әрекеті. Осы да ұлтшылдық па? Жоқ, әлдекімдердің көңіліне қарап  өле беру керек пе? Мемлекет басшысынан бастап, жергілікті «әкімбайға» дейін қазақша сөйлемесе, оның несі мемлекеттік тіл?! Басқа-басқа, Конституцияның өтірік айтқаны – өлгені ғой. Не болмаса, Конституция қағидасын орындамай отырғандарды түсінбейміз. Екінің бірі. Бұл – әділетсіздікке негізделген қоғамның нышаны. Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет. 

Қолдан келетіні, «Әттең-ай!» деу ғана болып тұр. Иә, «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезінде қазақ тілінің мәселесі тағы да қалтарыста қалып қойды. Қайран қазақ тілі тағы да өгей баланың күйін кешті. Мемлекеттік тіл мәртебесі туралы ешкім жақ ашпады. «Айта, айта Алтайды...» дегендей болса да, Тіл үшін «күрес» тоқтамайды. Съездің қазақ тілінде өткені көңілге медеу болғанымен, тіл тағдырының қазіргі мұңын ақтамайды. Қазақ барда қазақ тілінің жыры тоқтамайды. Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтсақ, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз...» қазақ тілін «ешкімнің қорлығына бермейміз». Десек те көпшіліктің таңдауы, дәл қазір Президенттікке лайықты, ол Қ. Тоқаев екені белгілі. Ел тағдыры, халықтың сенімі, қазақтың үміті, мемлекеттің болашағы бір өзінің қолында. Бастаған ісін жалғастырып, ел тізгінін қолға алғаны дұрыс-ақ!.. 

Еліміздегі ірі саяси күштер, республикалық қоғамдық бірлестіктер, ардагерлер мен жастар ұйымдары және басқа да ұжымдар Қ. Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Ал оппозиция қайда?.. Оппозиция қайда қарап отыр?.. Елімізде тегеурінді оппозиция бар ма өзі..?   

Оппозиция опа бере ме? Оппозиция деген қандай болуы керек еді?

Оппозиция деуге келе қоймас. Дегенмен Қазақстанда ресми тіркелген бес партияның екеуі – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) атынан президент сайлауына 65 жастағы Нұрлан Әуесбаев, «Ауыл» партиясынан үміткер 67 жастағы Жигули Дайрабаев Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) құжат тапсырды. «Астана» ғылыми кешеніне қарасты экономикалық зерттеулер институтының басшысы 61 жастағы Мейрам Қажыкен «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы атынан үміткер ретінде құжат өткізгені және Қарақат Әбден атты үміткердің ұсынылғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Әлі де талай үміткерлердің атын ести жатармыз.

Ел тағдыры, мемлекет болашағы таразыға тартылар тарихи сәтті, сайлау барысын саяси сайқымазаққа айналдыруға бола ма? Халықтың дауысын шашыратып, жанды қуыршақтарды үміткер ретінде қаптата беру билікке абырой әпере ме? 

Ерлан Қарин ҚР Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалдыМемлекеттік хатшы Ерлан Қарин:

 – Оппозиция дейтіндей үлкен күш жоқ қой енді, шын мәнісінде олардан бір қорқатындай немесе оларды қалай айналып өтеміз дейтіндей сондай бір қажеттілік туындап отырған жоқ. Қазақстанда қазіргі уақытта бір үлкен, көп жақтастары бар ұйымдасқан күш ретінде қалыптасқан, бір балама саяси платформасы бар дейтіндей оппозиялық күш жоқ, – деді. 

Оппозиция да, оппозициялық күштің де жоқ екені рас. Таласпаймыз. Бірақ 2019 жылы сайлауда Қосанов секілділер қазақтың бар үмітін табанға таптап, «қайратын құм, жігерін жүн етіп», қаймана халықтың бетіне түкіре салғанын ұмыта қойған жоқпыз. Отыз жыл бойы алданып келіп, еңсемізді тіктесек, есемізді қайтарсақ деп болашағын Қосановтың ар-ұятына сеніп тапсырған халықпен ойнаудың бұрын-соңды қосановша түрі болды ма екен?! Халық енді өз тағдырын талқыға салып, ойнағысы келетін сайқымазақ, жанды қуыршақтарға талатып қоймайды. Көрінген көк аттының жетегіне ермейді.

300 жыл отар болдық, бас көтере алмадық. Құдай бере салған Тәуелсіз 30 жылды да бас шұлғумен, жағынып, жалпақтаумен, қолпаштаумен өткіздік. Тәуелсіз ел бола тұра, тәуелді ел болыппыз. Ұлықбек Есдәулеттің «Азаттықты айта алмадық, Ақ найзаның ұшымен, – Азатпыз деп айқайладық Абақтының ішінен...» дейтініндей-ақ күн кештік. Рухымызды жаншыды, сатқын, тұрақсыз, кертартпа, қызғаншақ, жемқор ұлт етіп қалыптастырды. Ұлттық құндылықтарымызды жойды. Тарих куә..! Кезінде лайықты оппозиция шынайы жұмыс істеп – ел тағдыры, мемлекет болашағы, ұлттың ертеңі үшін  жұдырықтай жұмыла алғанда басқаша болар ма еді деп те армандаймыз. Кешегі Алтынбек Сәрсенбаевтай арыстарымыздан айырылғанымызға аһ ұрамыз. Арон Атабек, Макс Боқаевтай ел азаматтары болды. Халқы үшін, жерінің ұлтарақтай бөлшегі үшін азап көрді, жанын берді. Қазір де бар... ондай азаматтар.

Арман Шораев, бұйырып жатса, келешекте президент болар. Бірақ қазір оны өткізбейді де. Ол белгілі. Мүмкін алдағы 7 жыл Арман Шораев секілді азаматтарға, елге, оппозицияға берілген таптырмас уақыт шығар... Тоқаевқа бұдан 10 жыл бұрын мүмкіндік берілгенде, басқаша болар ма еді? Мұның да бір қайыры бар болар. Дәл қазір саяси алаңда билікке қарсы келер оппозицияның жоқ екені анық. Бұл шындық..! Өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып келе жатқан Қазақстанда оппозицияның болмауы ойлантпай ма?! Тәуелсіз отыз жылда идеология қалыптастыра алатын, идея ұсына алатын интеллектуалды оппозицияның болмауы қасірет емес пе?!

 

Тыныштық, бірлік дегенмен, халыққа тамақ керек 

Төрткүл дүние «жанын шүберекке түйіп...» дерлік жағдайда, жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, жанталасып  жатыр. Халықаралық қақтығыстар өршіп, әлем «байтал түгіл, бас қайғы» күйде. Қазақстан әлем басынан өткеріп жатқан күйден тысқары қала алмайды десек, «Президент сайлау өткізу керек пе еді» деген заңды сұрақ туындайды. Халық арасында «Қ. Тоқаев өз билігін заңсыз түрде ұзартып, Қазақстанда назарбаевшылдардың сойылын соғып отыр», «Тоқаевтан кейін де конституцияны өзгертпейді дегенге кім кепіл?!», «Қаңтар қырғынынан кейін нақты қадам жасамады, нақты шешімдер қабылдамады», «Қаңтарда ұсталғандарды толық босатқан жоқ», «Ж.Мамайды неге қамап отыр» деген гу-гу әңгіме оттай қаулап тұр. «Президенттікке лайық басқа да бір тұлға болуы керек емес пе», «Арман Шораевты сайласақ», «М. Сембай неге кандидатурасын ұсынбайды?», «Оппозициядан бір кандидат шықпай ма?» деген әңгімелер де саяси тартыс үшін керек-ақ. 

2019 жылғы Президент сайлауындағыдай халық Құдайдай сенетін кандидат болса қанеки?! «Аузы күйген үріп ішеді» деген. Қосанов секілді қуыршақ кандидаттардан не қайыр? 2021 жылдың қаңтарындағы мәжіліс сайлауында «Аdal» партиясында болып, сол партияның атынан сайлауға түскен Ардақ Назаров  пен Мақсат Толықбай секілді, «тонын айналдырып кие салатын» хамелеондардан үміт күтеміз бе? Ел тағдырын сеніп тапсырамыз ба?.. 

Қазақстан демократиялық, зайырлы ел дейміз. Әй, қайдам?.. АҚШ, Германия, Жапония, Финляндия, Норвегия секілді құқықтық, әділетті қоғам орнату арман. Ел аман болса, демократия да, әділдік те болар. Партия құрамында болмаса да, «AMANAT» партиясының Тоқаевты ұсынуы ақылға сыймайтыны да рас. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір дәл Тоқаевқа қарсылас үміткер таба қою да мүмкін емес.  Мұның бәрі айналып келгенде, шынайы оппозицияның болмауының, партиялар арасында бәсекелестіктің жоқ екенінің кесірі. 

Билік тыныштық керек, бірлік керек деп, халықты үнемі алдарқатып келеді. Әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар «газ – 50»-ден басталған қаңтар қырғынындай қанды қасапқа айналып, ушығып кетпеуі керек. Халықтың да тілегі тыныштық, татулық. Бірақ «Үйдегі нарықты базардағы баға бұзатыны» бар емес пе? Күннен-күнге асқынған қымбатшылық, жаналқымнан қысқан несие халықты титықтатып бітті. Айлығы шайлығынан аспай, ай сайын пәтерақыдан пәтерақыға дейін өмір сүріп жүрген халық шаршады. Сонда да соңғы үмітін шырақ етіп, әйтеуір бір сәуле көргендей билікке, үкіметке сенгісі келеді. Ұрпағының ертеңін еңсесі биік елден көргісі келеді. Ел басшыларына сенгісі, артынан ергісі келеді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев та:  «Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдар маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік» , – деп, халықтың сеніміне селкеу түсірмеуге уәде беріп-ақ жатыр. 

Халық қалай да қарынның қамынан мемлекеттің тұтастығын биік қояды емес пе? Назарбаев заманында да жақсылықтан үміт үзбей «шықпа, жаным, шықпа» дейінгі жағдайға жеткенімен, жоғалған сенімнің қоламтасы әлі де сөнген жоқ. Саясат деген ағаш ат, ешкімге тамақ та, киім де болмайды! Сайлаудан кейін үкімет жаңарады, халыққа қызмет етеді деген үміт зор. Тоқаевтың келесі 7 жылға президенттікке үміткер ретінде ұсынылуы – халықтың атынан берілген аманат. Өзі де берген уәде, айтқан сөзінде тұрып, аманатқа қиянат қылмайтын әділ әрі жанашыр, жаңа Қазақстанға жол ашсын деп тілейміз. «Ерегескен ел болмас...» деген аталы сөзге тоқтайық!

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
13.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 144
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 142
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 656
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 776
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 689
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 699

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8838
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8236
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11463
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9220
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10447