Орал қаласында медицина саласын дамытуға үлес қосып жүрген білікті мамандар аз емес. Солардың бірі – қалалық №2 емхананың медбикесі Гүлзада Габбасова.
Гүлзада Төлеуғалиқызы емханадағы эндокринолог дәрігердің медбикесі болып қызмет жасайды. Еңбекке араласқан алғашқы жылдарда басқа мамандықты таңдап, жұмыс жасап көргенімен, медицина саласына деген қызығушылығы басылмаған. Асқақ арманы аласармай, жүрек түкпіріндегі мамандыққа оқуға түсуге бел буған кейіпкеріміз облыс орталығындағы «Мақсат» медициналық колледжіне оқуға түседі. Колледжде білім алып жүргенде Орал қалалық «Жедел жәрдем» мекемесінде кіші қызметкер болып еңбек еткен. Шақыртуларға шыққан кезде түрлі науқастардың халін өз көзімен көріп, оларға көмектесіп, болашақ мамандығының жауапкершілігін сезіне түскенін айтты. Осылайша өзінің сүйікті ісіне кірісіп, медицина саласында халыққа қызмет көрсетіп келеді.
– Науқастармен қарым-қатынас жасаған кезде өзімізді байсалды ұстауға тырысамыз. Олармен жақсы байланыста боламыз. Емделушілердің көңілін аулауды, ренжітпеуді басты назарда ұстаймыз. Себебі денсаулығы мазалап, түрлі дертпен дәрігердің алдына келетін адамдарға жылы қабақ танытып, жақсы сөз айтудың өзі зор ғанибет. Сауыққаннан кейін олар алғыстарын жаудырып жатады, – деді Гүлзада Төлеуғалиқызы.
Әрине, қай мамандық та ізденуді, саланың дамуына қарай қосымша білім алуды қажет етеді. Бұл ретте медбике де өз білімін жетілдіріп, өзінің кәсіби біліктілігін дамытып отырады. Ал әлемді жайлаған пандемия кезімен тұспа-тұс келген еңбек демалысында Гүлзада Төлеуғалиқызы Орал қалалық көпбейінді ауруханасында жұмыс жасап, біраз тәжірибе жинақтағанын жеткізді.
Медбикенің елеулі еңбегін басшылық та ескерусіз қалдырмай, өткен жылы еліміздің Тәуелсіздік мерекесінде Алғыс хатпен марапаттаған. Алайда ақ халаттылар үшін марапаттың ең асылы – халықтың алғысы мен ризашылығы. Гүлзада Төлеуғалиқызы да жерлестерінің алғысы мен ақ батасынан кенде қалған емес. Әсіресе білімді эндокринолог дәрігер Александр Тучинмен бірге жұмыс жасауының өзі – кейіпкеріміз үшін үлкен тәжірибе.
– Александр Юрьевичке де емделушілер алғыстарын жаудырып жатады. Шалғай ауылдардан іздеп келіп, қабылдауына жазылатын тұрғындар да бар. Мен ол кісіні де мақтан тұтамын, – деді медбике.