Аз уақыттың ішінде өз көрерменін қалыптастырған жобаның бірі – Жайдарман. Алысқа бармай- ақ көзбен көргенді айтсақ, ауданымыздың өзінде әзіл жәрмеңкесінің әлеуеті артып келеді. Бұған бұрынғы және бүгінгі аудан басшылығының көрсеткен қолдауы оң ықпалын тигізгені анық. Ал, бұл жоба жастарды терең әрі озық ойлауға, көптің көзіне түсе бермейтін қоғамның түйткілдеріне назар аударуға жетелейді. Көңіл қынжылтатын қоғамдық мәселелерді күлдіре отырып, әзілмен жеткізе білудің өзі тапқырлық.
Жуырда жыл бойы өткізілген жайдарман ойындарының Шу аудандық ашық лигасы өз мәресіне жетті. Әдеттегідей аудандық мәдениет үйіне жиналған жастар командалардың әзіл- қалжыңдарына құлақ түрген болатын. Астарлы күлкі кешін аталмыш лиганың жетекшісі Мақсат Шәймерден жүргізген. Аталған іс-шараға облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Абдуалиева мен Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, жастардың өнерін тамашалады.
Финалдық ойынға Тараз қаласынан, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарынан барлығы 5 команда қатысты. Алдыңғы ойында көрермендердің сұрауымен ақтық ойынға жолдама алған «Жиенбет» командасы белгісіз себептермен бас тартқанын айта кеткен жөн.
Қамшы басар сәтке барлық командалар тыңғылықты дайындықпен келген. Қазыларға жайдарманшылардың тапқырлықпен көрсеткен ойындарын бағалау оңайға соқпады.
Қос сайыстан тұратын финалдық ойында әділ қазылар алқасының әр мүшесі әзілдері ұнаған командаларға кіші кубоктар беріп отырды. Жиналған кубоктар санына қарай жеңімпаздар анықталды. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданының оқушыларынан құралған «Өнерлі көшпенділер» командасы ұтымды әзілдері үшін «Көрермен көзайымы» атанса, тараздық «Престиж» командасы сәлемдесу сайысының сәнін келтірді. Арпа ішіндегі бір бидай сынды қыздардан құралған «ОIY» командасы да тегеурін танытты. Сонымен қатар, осы команданың капитаны Айназ Адамбаева «Үздік ойыншы» аталымын иеленді. Ал «Үздік әзіл» аталымын «Төле би» командасы қоржынына салды.
Ойын мәресінде былтырғы вице-чемпиондар «Меркістан» командасы 2023 жылдың чемпионы атанды. Оларға өткен жылғы чемпиондар өз жолдарын беріп, өздері екінші орынды қанағат тұтты. Үздік үштікті тараздық «ОIY» командасы олжалады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде А.Абдуалиева мен аудан басшысы Б.Жәнібеков ойын туралы ойларын ортаға салып, қатысушыларға жылы лебіздерін жеткізді.
Жүзден жүйрік атанған командаларға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықпен қоса бағалы тартулар, дипломдар мен кубоктар табыс етілді. Іс-шараны тұрақты түрде ұйымдастырушы Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты аудандық Жастар ресурстық орталығы екенін айта кеткен жөн.